Жалағаш ауданының тұрғыны, ерекше мамандық иесі Дидар Құланбаевты нәзікжандылар жақсы біледі. Өйткені Дидар қанша жылдан бері аудандағы ең әдемі сән салонында қас жасайды. Бұл мамандықтың да сан қыры бар. Тек қолың епті болу керек. Оған кәсіби білік керек. Бүгінде біздің кейіпкеріміз Дидар – қас жасаудың хас шебері. Бұл кәсіпке келу себебін Дидардың өз аузынан естігенді жөн көрдік.

«Алдымен әңгімені өз өмірбаянымнан бастағаным жөн болар. Мен 1991 жылы Жалағаш кентінде дүниеге келдім. Кенттегі №31 орта мектепте тоғызыншы сыныпқа дейін оқып, 2007-2011 жылдары Қызылорда қаласындағы «Болашақ» колледжін қызыл дипломмен бітіріп, мұнай-газ маманы болып шықтым. 2011-2013 жылдары Қорқыт ата университетінде сырттай (қашықтан оқыту) мұнай газ мамандығымен оқуымды жалғастырдым. 2011-2013 жылдары НТС компаниясында бұрғылаушының көмекшісі, 2013-2014 жылдары СПМК компаниясында оператор, 2014-2017 жылға дейін СПМК компаниясында инженер болып қызмет жасадым. 

Ер азаматтардың мойын бұрып, бара бермейтін бұл мамандыққа келуімнің себебі сол, 2013 жылы Сандуғаш есімді өрімдей бойжеткенмен қазіргі жарыммен танысып, екеуміз отау құрғаннан кейін басталды. Екеуміз танысқан күндерді еске алсам, 2015-2016 жылдары Сандуғаш «Амина» салонында жалға бір бөлмені алып, тырнақ мастері болып жұмыс жасады.  2016 жылы кенттен бір ғимаратты жалға алып, «Гламур» деп салон ашты. 2017 жылы Сандуғаш «Бастау» бизнес жобасымен мемлекеттен 4 миллион теңге несие рәсімдеп, жанына жұмысқа 4 қыз алды. Мен ол кезде Құмкөлде вахтада жұмыс жасайтынмын. 2017 жылы Сандуғаш екеуміз шаңырақ көтердік. Салонға жиі бас сұғып, осы мамандыққа қызыға бастадым. Менің қызыққанымды жұбайым да сезген болу керек, маған «қыркүйек айында Қызылорда қаласында Динара Алмусаева өз академиясында оқытуға конкурс жүргізіп жатыр, соған барсай» деп өз ойын айтты.  Мен болсам Динара Алмусаеваның  кім екенін де білмейтінмін. Сандуғаш сол салонда жарты жылдай тырнақ, макияж мастері болып жұмыс жасаған еді. Сол себептен Динараны жақсы танитын. Жұбайым «қатысып көрсей, ол жақта ер балдар да жұмыс жасайды» дегенде күлетінмін, жүрейін енді қас бояп» деп. Ал ол болса, «Дидар оның оқуы тегін, ештеңең кетпейді. Ал ақылы оқысаң, 400-500 мың теңге тұрады. Бір апта оқысаң жарайды» деді. Ол соншама не оқу бір жылдық оқудың ақшасымен тең деп таң қалдым да, барып өз көзіммен көруді шештім.

Осылайша Динара Алмусаева салонының әкімшісіне жолығып, өзімнің қас жасау шебері болуды үйренгім келетінін айттым. Екеуміз Динараның жұмыс жасайтын бөлмесіне кірдік.  Динара татуаж жасап жатыр екен. Әкімшісі мені нұсқап, менің келген мән-жайымды басшысына жеткізді. Сол кезде ол  маған  жалт бұрылып қарап жымиды да, «Не үшін татуаж оқығың келеді? Қызығушылығың бар ма?» деп таңырқай қарады. Мен тосыннан қойылған сауалға сасып қалдым да, лезде өзімді жинап алып, «әрине бар, осы кәсіп қызықтырып жүр» дедім күлімсіреп.Міне, сол сәттен бастап татуажға деген қызығушылығым оянып, ғаламтордан да осы мамандықтың қыр-сырын қарай бастадым. Қазір әйтеуір бір жақсысы осы қас жасау жайлы ақпаратпен тегін кеңестен көз сүрінеді. Еңбектенсең, табысқа жетесің. Мамандықтың үлкен-кішісі, жақсы-жаманы болмайды. Тынымсыз ізденіс пен шеберлік кәсіптің мүмкіндігін молайтады. Сенің кәсібилігіңе қызығып, тұрақты тұтынушылар саны көбейеді. Осылайша, жұбайымыз екеуміз тынбай еңбектеніп, кәсіпті дөңгелентіп әкеттік. 

Алғаш Сандуғаш жұбайым қолға алып бастаған осы кәсіппен айналыс-қанымызға да биыл 6 жыл болыпты. Отбасылық кәсібімізді одан әрі дамытпақ ниетпен 2018 жылы Жалағаш кентіндегі Үркімбаев көшесінен ғимарат сатып алып, өзіміздің салонымызды аштық. Оның да атын «Гламур» деп қойдық. Аллаға шүкір, қазір салонда біраз адам тұрақты жұмыс жасайды. Барлығы да өз ісін шебер орындайды. Білмеген жерлерін түрлі курстарға жіберіп үйретеміз. Сән әлеміндегі жаңалықты, заманауи үлгілерді тәжірибемізге пайдаланып жүрміз. 2020 жылға дейін Динара Алмусаеваның салонында  қас мастері болып қатынап жұмыс жасадым. Кентке келіп қасқа татуаж жасауға шынын айтсам, ұялып жүрдім.  Себебі ол кезде қалада ер балалар татуаж, шаш, макияж жасай береді де, ал ауылда ондай кәсіпті  жасауды ер балалар ар санайтын. Сөйтіп жүргенде 2017 жылы Айзере есімді үлкен қызымыз дүниеге келді. Оның артынан 2019 жылы кішкентай бөбегіміз Медина өмір есігін ашты. Қос балапанымнан, отбасымнан алыста жүрмейін деген ниетпен, тәуекелге бел буып, 2020 жылдан бастап өз салонымызда қас мастері болып жұмыс жасап келемін. Қазір бұрынғыдай емес, тұтынушылардың ер мастерге көздері үйреніп қалды. Өзімді арнайы іздеп келіп, тұрақты менің қызметіме жүгінетіндер көп. 

Бүгінде осы жұмысқа намысымды жеңіп, келгеніме қуанбасам, өкінбеймін. Себебі жаны нәзік, өздері әдемілікке құмар әйел қауымының бақытты болғанын, қуанғанын көру – мен үшін бақыт. «Әйел қуанса, әлем қуанады» демей ме? Ендеше әйел затына ғажап көңіл күй сыйлап, ажарына ажар қосып, нұрландыру ерлер қауымына  ауадай қажет қасиет деп ойлаймын. Сондықтан жердің көркі, елдің ажары, табиғаттың ғажап туындысы, отбасымыздың берекесі нәзікжандыларға баршамыз қолымыздан келгенінше көтеріңкі көңіл күй мен шабытты сәт сыйлағанымыз жөн» дейді ол.Иә, шынында іске де, сөзге де шебер жігіттің ой орамдары, парасаты қандай мықты десеңізші. «Болса ғой жігіттердің бәрі осындай»  деп тамсанып, қас шеберімен қимай қоштастық. Ол шынында қас жасаудың хас шебері екен. Әйелдердің әсемдік әлеміне жол тартқан өнерлі азаматтың отбасылық кәсіптің көкжиегін кеңейту де жоспарында бар.

Тағы да оқыңыз: