Kyzylorda-news.kz. Астана – ұланғайыр еліміздің бас қаласы, әлем таныған жас қала. Өйткені еліміздің астанасында ғылыми-оқу орталықтары, мәдениет орталықтары, күрделі құрылыс зәулім үйлері бой көтерді. Елорданың көркі күннен-күнге арта түсті, әлем елдеріне мақтанышпен көрсете алатындай ару қалаға айналды. Еңселі Елорда, асқақтаған арман қала, астанамыз жасампаз қала деген сынды керемет теңеу сөздерді құрметпен, бойымызға біткен ұлтшылдық сезіммен көкірегімізді керіп, басымызды көтеріп, аса мақтанышпен айта аламыз. Есілдің бойында, Арқаның төсінде еркін орналасқан жасампаз қаланың жаңарған келбеті кез келген мейманды таңдандырмай қоймасы анық.

Сарыарқаның төсінде, Есілдің жағасынан орын тепкен астананың бүгінгі келбеті – әлем жұртшылығына аян. Тарихқа көз жүгіртсек, сонау Ақмола, Целиноград атауларын арқалаған жас қала, қазіргі таңда түрлі форумдар мен саяси жиындар өтетін маңызды орталыққа айналды. Экономикасы мен мәдениеті қарыштап дамудың даңғыл жолына түсті. Күн сайын келбеті артып келе жатқан шырайлы шаһарда бой көтерген зәулім сарайлар мен жаңа ғимараттар да аз емес. Қалаға ат басын бұрып, табан тіреген шетел азаматтары жас қаланың әсемдігіне тамсанып, көкпен таласқан «Бәйтерек» монументіне бас сұқпай кетпейді. Астана сәулеттік кешенінің басты өзегін құрайтын негізгі орындарының алғашқы сапында «Хан Шатыр», «Бәйтерек», «Ақорда», «Бейбітшілік және келісім сарайы» және «Қазақ Елі» монументі тұр. «Бейбітшілік пен келісім» сарайы, «Тәуелсіздік» сарайы еліміз үшін маңызды, саяси форумдар мен үлкен басқосулардың мекеніне айналды. Ел Президентінің резиденциясы – Ақорда әсем де, салтанатты келбетімен қаланың ажарына сән қосып тұр. Мемлекеттік маңыз беретін ең айшықты ғимарат, оның ішкі сәулеті де ұлттық өнер мен дәстүрге мол. Осы ғимараттардың өзі тәуелсіздіктің тұғыры, азаттықтың белгісі іспетті. Астана  қаласының аз уақыт ішінде жеткен жетістіктері мен шыққан белестері аз емес. Қазақстанды әлемге танытқан Елорданың даму жағдайы да, архитектуралық құрылысы да ерекше. Елорда арқылы әлем жұрты Қазақстанды таныды, оның қазіргі дамуы дәрежесін білетін жағдайға жетті.

Иә, Астана – Тәуелсіздіктің тарихи таңбасы, жарқын болашақтың жол басы. Елорда – ізгі ниеттер мен игілікті істердің, келісім мен кемел ойдың қаласы. Аз уақыттың ішінде серпінді дамып келе жатқан қазақ мемлекетінің баршаға мойындалған елордасы – шын мәнінде ұлттық идея, Қазақстанның кескін-келбеті. Елорда – тәуелсіздігіміздің бойтұмары, бүкіл қазақстандықтардың ортақ мақта-нышы, бағыт-бағдарымызды айқындап беретін бағдаршамымыз, достық пен бейбітшіліктің мекені. Осыған дейін аз уақыт өтсе де, ауыз толтырып айтар жетістіктеріміз де аз емес. Әлем елдері тамсанып қарайтын ару Астана күннен-күнге өркендеп, тек жақсылыққа қадам басып келеді. 

Жақында Астана күні қарсаңында аудандық Қ.Қазантаев атындағы мәдениет үйінде салтанатты шара өтті. Аудан жұртына мерекелік көңіл-күй сыйлаған жергілікті өнерпаздар айшықты Астанамызды әнге қосып, жасампаз жас қаламыздың осы уақыт ішінде өсіп-өркендеу жолындағы ауқымды жобаларына тоқталды. Аудан халқын мерейлі мерекемен құттықтаған аудан әкімінің орынбасары Ғани Сүлейменов Астана халқымыздың аласармас айбыны, асқақ абыройы, мұқалмас рухы мен азаттық аңсаған бабалардың орындалған арманы екенін тілге тиек етті.

– Астана әрбір қазақ үшін қымбат. Астана – тәуелсіздігіміздің тірегі, еліміздің жүрегі. Ел тәуелсіздігінің 30 жылдан астам уақытында қазақ даласы түбегейлі өзгерді. Сондай үлкен өзгерістердің бірі – астанамыздың Сарыарқаның төріне көшуі.
Тәуелсіз қазақ елінің жаңа астанасының бой көтеруі, Астананың Ақмолаға келуі – бабалар рухын қастерлеу, қазақтың сонау ғасырлар бойы аңсаған арман-мұраттарының орындалуы десек болады. 

Тарих тереңінен сыр тартқан Алматы қаласының біз үшін ерекше орны бар. Қазақстанның өркендеуінің басты символы болған бұл қала да еліміздің астанасы, одақтағы әсем қалалардың қатарында болды. Алматы қазір де ғылым, білім, мәдениет және қаржы орталығына айналған, миллиондаған тұрғыны бар еліміздің ең басты қаласы болып қала береді. Бүгінгі Астана – әлемдегі жедел қарқынмен дамып келе жатқан қалалардың бірі. Елордамыз Алаш жұртының мақтан тұтар мерейіне айналып отыр. Себебі, Астана толассыз түлеу, дамылсыз даму үстінде. Сарыарқа төсіндегі Елорда-Астана өркен жайып, жаһандық сәулет өнерінің озық жиынтықтарымен ажарланып, құлпырып келеді.

Астана өркениет көшіндегі темір қазығымыз. Астанамыздың діңгегі мықты, мәртебесі биік болсын, – деді аудан әкімінің орынбасары Ғани Кенжеғараұлы. Мұнан соң ел демократиясының дамуына үлес қосып, тар құрсағын кеңітіп дүниеге алты, жеті бала әкелген алтын құрсақты аналарға күміс, алтын алқа табысталды. Расымен, алтын құрсақты аналарға жылдың қай мезгілінде құрмет көрсетсек те артық етпейді. Дүниенің күретамыры, адамзаттың ардақ тұтар асылы, бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеткен аяулы жан, тіршіліктің бастауы аналар қауымы барлық жақсылыққа лайықты. Қазіргі таңда ауданда өмірге ұрпақ әкеліп, оларды тәрбиелеп өсіруде үлгі-өнеге болып жүрген «Алтын құрсақты» аналар жеткілікті. Олардың әрқайсысы қоғамға пайдалы, саналы ұрпақ тәрбиелеуде аянбай тер төгіп келеді. Жалағаш ауданында үш жүзге жуық «Алтын алқа» және алты жүздей «Күміс алқа» иегері бар. Оның ішінде 44 ана І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» орденімен марапатталса, 40 ана Кеңестер одағының «Батыр ана» атағына ие болған. 

Салтанатты шара барысында аудан тұрғындары арнайы дайындалған бейнекөрсетілімге куә болса, жиын соңы концерттік бағдарламаға ұласты.Айта кетейік, елордамыз – Астана күніне орай 6 шілде күні орталық алаңда жалағаштықтарға арналған «Асқақтай бер, Астана» атты гала концерт ұйымдастырылды. 

Жалпы, тәуелсіздіктің алтын тұғыры, Алаштың асқақ айбары – ару астананың төрткүл дүниені өзіне қаратып, тамсандырғаны қашан. Аз ғана уақыттың ішінде сән-салтанатымен әлем астаналарымен иық тіресіп, бой таласа алатындай деңгейге жетті. Астана қаласы батыс пен шығысты жалғастыратын алтын көпір. Егемен елдің бас қаласы ата-бабамыз бен кешегі желтоқсан боздақтарының орындалған арманы.

Тағы да оқыңыз: