Kyzylorda-news.kz Биыл Жалағашта экономикалық өсім бар. Әсіресе, ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлік саласындағы серпіліс қуантады. Мысалы, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы мен халықтың тұрмыс-тіршілігін ілгерілету мақсатында жалпы құны 751,4 млн теңгені құрайтын жобалар жүзеге асырылуда. Бұдан өзге негізгі дақыл – күріштің де күтімі назарда. Бұл туралы Жалағаш ауданының әкімі Ардақ Ибраимов өзінің есебінде ашып айтты.
Өткен жылы ауданда 38 жоба жүзеге асырылып, ел игілігіне пайдалануға берілсе, биыл бюджет қаражатынан 31 жобаны іске асыруға 8,5 млрд теңге бөлінген. Оның ішінде Ұлттық қордан 3,1 млрд теңге, республикалық бюджеттен 1,7 млрд теңге, облыстық бюджеттен 3,6 млрд теңге, аудандық бюджеттен 35,9 млн теңге қарастырылыпты. Сонымен қатар, қазіргі таңда 39 нысанның жоба-сметалық құжаты дайындалып, қаржыландыру үшін тиісті салалық басқармаларға бюджеттік өтінім тапсырылды.
– Биылғы 6 айда ауданның экономикалық дамуында оң тенденция қалыптасты. Өнеркәсіп өнімінің көлемі – 144,8 пайыз, өңдеу өнеркәсібі – 8,0 есе, инвестициялар тарту – 120,1 пайыз, бөлшек сауда – 101,6 пайыз, ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 101,7 пайыз деңгейінде орындалды. Оған қоса пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі – 104,2 пайыз, құрылыс жұмыстары көрсеткіші 132,6 пайыз болды, – деді аудан әкімі.
Кәсіпкерлік әлеует те жоғары. Мысалы, жыл басынан бері қаржы институттары арқылы 52 жоба қаржылай қолдау тауып, 54 жаңа жұмыс орны ашылды. Сонымен қатар, жеке кәсіпкерлер Еркебұлан Каиповтың «Ботақан» балалар ойын-сауық және сауда орталығы мен Ғазиз Исахановтың 140 орындық «Жас қыран» бөбекжай-балабақшасы пайдалануға берілген.
Саладағы жағымды жаңалықтың бірі – мемлекеттік бағдарламаның жүзеге асуы. Биыл кент пен ауылдық округтер арқылы «Ауыл аманаты» жобасы аясында 49 жоба әзірленген. Тамыз айынан бастап аталған жобаларды қаржыландыру көзделген. Сондай-ақ жыл соңына дейін Бірыңғай жалпыұлттық жобалар пулы арқылы жеке кәсіпкер Д.Ержановтың жеке қаражаты есебінен «Күріш ақтау және жем өндіру» зауытын іске қосу жоспарлануда.
– Жуырда өңдеу өнеркәсібіне бағытталған инвестициялық жобалар пулы аясында 2 жоба іске асырылады. Алғашқысы – «Таң ЛТД» ЖШС-ның «Өндірістік база» цехының құрылысы. Цех мақсарыдан май, жүгеріден ұн және күріштен лапша өнімдерін шығаруды жоспарлауда. Жоба биыл іске қосылып, жаңадан 22 жұмыс орны құрылады. Кейінгісі – жеке кәсіпкер Халық Серіктің жеке қаражаты есебінен «AKNIET» құрылыс қоспаларын шығару цехы. Цех құрылысқа қажетті 6 түрлі өнім шығаруды жоспарлауда. Жаңадан 6 жұмыс орны ашылады, – деді Ардақ Әбдіғаппарұлы.
Ауданда инфрақұрылым мен әлеуметтік ахуалды жақсарту бағытында бастама жетерлік. Мәселен, биыл елді мекендердің ішкі көшелері орташа және күрделі жөндеуден өткізіліп, қосымша 5 жоба іске асырылуда. Ал өткен жылы бастау алған «Ақсу», М.Шәменов елді мекендерін газдандыру жұмыстары қарқын алса, кенттегі №123, №246 орта мектептерін табиғи газға ауыстыру жұмыстарына қаржы бөлінген.
Әлеуметтік жобаның жалғасы ретінде тұрғын үймен қамту ісін айтсақ болатындай. Биыл 100-ден астам әлеуметтік жағынан осал отбасыға тұрғын үй табыстау жоспарланған. Сондай-ақ елді мекендердегі учаскелік полиция инспекторларын тұрғын үймен қамтамасыз ету «Қаракеткен», «Еңбек», Мырзабай ахун ауылдық округтерінен 3 қызметтік тұрғын үй сатып алынбақ.
Аудан әкімі сөз соңында мәдени шаралардың жоспарын да тілге тиек етті. Биыл ауданның құрылғанына – 85 жыл және «Жалағаш жаршысы» газетіне 90 жыл толып отыр. Соған орай қазан айында қатар келген қос қуаныш атап өтілмек.