Kyzylorda-news.kz. Домбыра – тәттімбеттің күйімен, қазанғаптың қағидаларын бүгінге жеткізген, құрманғазы мен динаның саусағынан күй болып төгілген, әміренің әніне арқау болған, ақындарымыздың өткір тіліне тиек болған қасиетті аспап. Шілденің бірінші жексенбісі – қазақ өнерінің алтын діңгегі – қасиетті қара домбыраның салтанат құрып, рухымыздың асқақтай жаңғырған күні. Жыл сайын аталып өтетін бұл мерекенің ұлттық руханиятымызға қосар үлесі зор. 

Жалағаш аудандық Қонысбек Қазантаев атындағы мәдениет үйінде ұлттық домбыра күні мерекесіне орай «Домбыраңды ұлықта, ұлы ұлттың баласы» атты мерекелік концерт өтті. Ұлттық сана мен төл өнерді жаңғыртып, дәріптеуге бағытталған мерекелік шара мың бұралған бишілеріміздің киелі аспапты бимен суреттеп ашуынан бастау алды.  Шара барысында аудан өнерпаздарынан құралған бір топ домбырашылар Құрманғазының «Балбырауын» күйін бір мезетте орындаса, жырауларымыз терең тарихты толқындата жырға қосты. Жалағаш жұртшылығын қазақы үннің үлгісі болған домбыра күнімен құттықтаған аудан әкімі Асқарбек Есжанов осынау аспаптың астарлы тарихына терең үңіліп, ұрпақ алдындағы маңызды рөліне тоқталып өтті.

– Домбыра десек біздің көз алдымызға жаны жайсан қазақ ұлты және Алтайдан Атырауға, Арқадан Алатауға дейінгі созылған қазақтың ұлан байтақ кең даласы елестейді. Сол кең даладағы асқаралы таулар, көлдер, сылдырап аққан өзен-бұлақтар, жусанды дала және қызғалдаққа бөленген алқаптар еріксіз ойға оралады. Олай дейтін себебім осы ұлан байтақ жердің иесі де, киесі де – домбыра. Ықылым заманнан бері қазақ ұлтымен біте қайнасып бірге келе жатқан ұлттық аспап – домбыра. Рухы да, жаны да бітім болмысы да, табиғаты да қазақпен бірге. Себебі «Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деген Қадыр ағамыздың сөзі бар. Домбыра – қазақ ұлтының қиындықта да сүйеу болған, қуанышта көңілінің жыры болған аспап. Домбырадан төгілген күй жан-дүниенді қоздырып, көңілінді көтеріп, сырлы сазы түрлі әуенді сиқырға бөлейді. Домбыраның қымбаттысы да, киелісі де осында. Себебі тіл мен сөз жетпеген жерге күй жетеді. Біз қазақ халқы барлық көкейдегі мұң-зарымызды, талап-тілегімізді, ұсыныстарымызды тілмен жеткізе алмаған кезде осы өнер арқылы күймен жеткізгенбіз. Қазақтың домбырасының қара шаңырағында ұлттың шежіресі, ал екі ішегінде ұлттың бастан кешкен бүкіл мұң-зары мен табиғаты бар. Домбыра – біздің ұлттық кодымыз. Қазақы болмысымыз. Ұлттық кодымызды жоғалтатын болсақ, оны қайта орнату ешкімнің қолынан келмейді. Сондықтан да домбыраны келер ұрпаққа насихаттау, шаңырағымыздың төрінен орын беру, арнайы күн белгілеп тойлау, бұл біздің кешегі тарихымызға көрсеткен құрметіміз. Бүгінгі ұрпақ алдындағы міндетіміз, – деді аудан әкімі. 

Жылдан-жылға қазақ ұлттық өнерін дамытуға, халық дәстүрлерін жаңғыртуға ерекше көңіл бөлінуде. Осы бағытта ауданымызда Қонысбек  Қазантаев атындағы мәдениет үйінің жанынан құрылған «Домбыра дастан» үйірмесі 2021 жылдан бері жұмыс жасайды. 

– Ұлттық өнерге баулу мақсатында ашылған үйірме де қазіргі таңда 15 оқушы бар. Домбыра аспабына қызығушылық танытқан, оны үйренуге ынталы 13-16 жас аралығындағы оқушылар. Жалпы үйірменің балаларға берері көп. Үйірме барысында ұлттық аспап – домбыраның құрылысымен танысып, домбыраны нақышына келтіріп орындау мен ұлттық дәстүр және салт-сана тағылымын жас жеткіншек бойына сіңіру бағытында жұмыс жасаймыз, – дейді жетекшісі Бахтияр Есжанов. Ұлт өнеріне деген қызығушылығы жоғары оқушылар «Халық» күйлерін, «Келіншек», «Секіртпе», «Ерке сылқым», Құрманғазының күйі «Балбырауын», сынды бірқатар күйлерді меңгеріп үлгерген. Жетістіктері де жоқ емес. Үйірме қатысушысы Нұрайым Жасұланқызы облыстық «Бозторғай» байқауынан жүлделі ІІІ орын иеленген.  Сондай-ақ ұлттық құндылықтарды насихаттау және өскелең ұрпақты тәр-биелеу мақсатында «Ғибрат» жыр-терме үйірмесі де жас жеткіншектер үшін жұмыс жасайды. 

Ұлттық домбыра күні – ұлтымызды ұйытатын, бірлігімізді нығайтатын айтулы күн. Әрбір қазақтың рухын көкке көтеретін домбыра – қазақтың жаны, тарихы, салт-дәстүрі, бүкіл болмыс бітімі екені хақ.

Тағы да оқыңыз: