Жалағашта биыл 126 жоба қаржыландырылды – Kyzylorda News
Басты бет

Жалағашта биыл 126 жоба қаржыландырылды

27.07.2021, 17:15

648 0

Kyzylorda-news.kz. Биыл Жалағаш ауданында өнеркәсіп өнімі 5 млрд. теңгеге өндіріліп, өткен жылмен салыстырғанда 1,9 есеге өсті. Ал, өңдеу өнеркәсібі 3,9 млрд. теңгеге орындалып, 2,2 есеге артты. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Жалағаш ауданының әкімі Асылбек Шәменов мәлімдеді.

«Қазіргі таңда аудан тұрғындары мемлекеттік бағдарламалар арқылы шағын және орта кәсіпкерлікті бастауға және дамытуға белсенділік танытуда. Ағымдағы жылдың басынан бері аудан бойынша 126 жоба 1 млрд. 557,8 млн. теңгеге қаржыландырылып, 171 адам жұмыспен қамтылды. Атап айтсақ, «Бизнестің жол картасы 2025» бағдарламасы аясында екінші деңгейлі банктердің облыстық филиалдары арқылы 21 жоба 253,4 млн. теңгеге қаржыландырылып, пайыздық мөлшерлемесі бағдарламаның шартына сәйкес субсидияланды. Оның ішінде 11 жоба 99,4 млн. теңгеге ішінара кепілдендірілді. «Еңбек» бағдарламасы аясында жыл басынан 36 жоба 146,7 млн. теңгеге қаржыландырылды. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ның облыстық филиалының жеке қаражаты есебінен 3 жоба 47,6 млн. теңгеге қаржыландырылды. Сондай-ақ, «Агробизнес» бағдарламасы аясында «Ауыл» несие серіктестігі арқылы 25 жоба, «Сырдария-1» несие серіктестігі арқылы 12 жоба қолдау тапты. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында 3 жоба егін егу жұмыстарын жүргізуге бағытталды», – деді Асылбек Өмірбекұлы.

Жыл басынан бері ауданнан 3568,5 тонна күріш өнімі экспортқа шығарылды. Биылғы су тапшылығына орай, күріш көлемі өткен жылмен салыстырғанда 1800 га қысқартылды. Сыр маржанының орнына суды аз қажет ететін 93 га жаздық бидай, 147 гектар жүгері, 30 гектар арпа, 443 га мақсары, 445 га жаңа жоңышқа мал азықтық дақылдар орналастырылды.

Қазіргі уақытта шаруашылық құрылымдары егілген егінді сумен қамтамасыз ету үшін 53 дана әр түрлі қуаттағы су тартқыш насос қондырғыларын іске қосып, күрішті суға бастыру бағытында жұмыстарын жалғасытруда.

0

Пікір қалдыру