Kyzylorda-news.kz. Халқымыз «Өсер елді өскелең ұрпағынан таниды» деп бекер айтпаса керек. Ата-ананың үкілі үмітін ақтайтын да, еліміздің артқан сенім үдесінен шығып, абыройын сақтайтын да жастар, жас өрендер. Жас болса да, талай жерде топ жарып, білімі мен білігін дәлелдеп жүрген өрендер жетерлік. Олардың әрбір жетістігі ата-ананың қуанышын еселесе, ауданымыздың мерейін асырып, абыройын асқақтатады. 

Жалпы, жазғы мезгілінде  баланың  ойы да, бойы да жақсы демалуы керек. Балалар жазғы демалысты тек демалу, ойнау, қыдыру үшін асыға күтпеуі керек. Сонымен қатар әрбір бала ата-анасымен тығыз байланыста болып, көбірек уақыт өткізуге мүмкіндік алғаны абзал. Бұл тұста ата-аналар тарапынан қажетті әрекет балаға мейлінше көңіл бөліп, ой бөлісу, арман-мақсаттарына қанат бітіру. Әрбір ата-ана баламен сөйлесіп қана қоймай, баланың жас ерекшелігін, психологиялық ерекшелігін, денсаулығы мен қабілет-мүмкіндігін ескере отырып жұмыс жасауы тиіс. Мамандардың кеңесіне сүйенсек, баламен байланыс жасағанда әңгімелесу арқылы өз денсаулығы мен өзінің өсіп-жетілуіне мән беруге, ойын әрекеті барысында ойлау әрекетінің де тиімді әдістерін меңгеруге, достық, жолдастық, сыйластық, өзара көмек сияқты адами қасиеттерді ұғынуға, туған жердің табиғатына мән беруге, қоршаған ортамен байланысын нығайтуға, азаматтық-елжандылық санасын қалыптастыруға, ұлттық және мәдени, тұрмыстық салт-дәстүрлермен сусындауына да қолдау білдіру, жол көрсету керек екенін айтады. Иә, баламен жұмыс жасау, оның өресін кеңейту мен дамуына тікелей әсер ету ата-ананың, тіпті қоғамның алдындағы міндеті деуге болады. Алайда бала алғашқы тәрбиенің түпқазығын отбасында бойына сіңіретінін ескерсек, бұл ретте әрбір ата-ананың үлгі болуы керек екенін даусыз.

Расын айту керек, жаз мезгілін балалар ерекше ықыласпен күтеді. Ал баланың  жазғы демалысы оның тұлға ретінде қалыптасуына, дүниетанымының кеңейіп, рухани дамуына, денсаулығы мен дене бітімінің дұрыс жетілуіне тікелей әсер етеді. Жаз мезгілі балалардың негізгі сабақтан, үйреншікті тіршілік қарекетінен босап, өзінің қызығушылығымен айналысуына мүмкіндік береді. Сонымен қатар жазғы демалыс балалардың жұмсалған күшінің орнын толтыру, денсаулығын нығайтып, оларды сауықтыру кезеңі болып табылады. Балалардың уақытын тиімді өткізу, жаман әдеттерден аулақ болуын қамтамасыз ету мақсатында ата-аналар жазғы лагерьлерге жіберіп жатады. Жазғы лагерьлердің жұмысын бастауы тек ата-аналар үшін ғана тиімді емес, тіпті балалардың асыға күтетін бақыт мекені деуге болады. Өзі құралпы балалармен қатар ойнап-күліп демалыс уақытын өткізетін баланың смартфонға үңілетін уақыты да болмайтыны анық. Сонымен бірге жазғы тынығу лагерлерінің міндеті балалардың жазғы демалыс уақытын тиімді өткізу, мектептегі тәлім-тәрбиесін толықтыру, танымын кеңейтуге жұмыс істеу. 

Сонымен бірге жаз мезгілінде балалардың смартфонға әуестігін жою үшін кітап оқуға қызықтырудың да пайдасы көп. Бұл бір жағынан баланың ой-өрісін дамытса, екінші жағынан жаман әдеттен тыйылып, уақытын тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Бала жастайынан кітап оқуға әуес болуы үшін ата-ананың рөлі зор. Енді ата-ана үйде баланың көзінше жиі кітап оқыса, кітаптарды жиі қарайтынын байқатса және белгілі бір туындыны дауыстап оқыса баланың санасы, жады осы нәрсені тез қабылдап, саналы түрде кітап оқуды қажеттілік деп есептей бастайды екен. Ойын баласы үшін ата-анасының тосын әрекеті дер кезінде оның ойыннан ойын бөліп, кітапқа, сіз дауыстап оқып отырған мәтінге аударады. Нәтижесінде бала қызығушылық танытып, қасыңызға келеді. Солай сіз оқып отырған кітаптың мұқабасынан бастап қарап шығып, сұрақтарын жаудыра бастайды. Тиімді сәтті пайдаланған сіз де тиісінше мәтіннің қызықты жерлерінен үзінділер келтіріп, баланы кітап оқуға қызықтыра бастайсыз. Осылай ата-ана тарапынан жасалған дұрыс іс-әрекет кітап оқуға құштар баланы қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бұл баланы кітап оқуға қызықтырудың бір тәсілі ғана. 

Жазғы лагерьлермен қатар балалардың демалысын тиімді өткізуде аудан орталығындағы Оқушылар үйінің де жүйелі жұмыс жасап келе жатқанын айтуға болады. Демалыстың бір бөлігін тынығу лагерьлерінде өткізген балалар үшін, қалған уақытын ұтымды пайдалануға мүмкіндік беретін үйірмелер жұмыс жасап тұр. Баланың шығармашылығы мен шеберлігін шыңдайтын, қарым-қабілеттерін ашып, одан ары дамытатын, бала бойындағы көшбасшылық және өнерге деген ықыласын арттыратын үйірмелердің қатарында «Жұлдыз  бала», «Шебер қолдар», «Бейнелеу өнері», «Жас Ұлан» және «Эстрадалық әндер» үйірмесін атап өтуге болады. Айта кетейік, биылғы маусымда «Ақтерек» сауықтыру лагеріне 6 ауысымда 442 бала, мектеп жанындағы күндізгі тынығу лагерлерінде 2028 бала, облыстан тыс лагерлерде 150 баланы демалдыру жоспарланып отыр. Бүгінгі күні аудан кәсіпкерлері мен демеушілердің есебінен 170 бала Жаңақорған ауданындағы «Талдысу» лагеріне жіберілді. Сондай-ақ 2000-ға жуық бала Түркістан қаласы мен Қорқыт Ата мемориалды кесенесіне тарихи-танымдық экскурссияға шығатын болады.

Тағы да оқыңыз: