Kyzylorda-news.kz. Жалағаш ауданы бойынша «Ауыл аманаты» жобасын іске асыру туралы ауыл тұрғындарына түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
«Ауыл аманаты» жобасын іске асыру үшін 2023 жылға облысқа 3 миллиард теңге қаржы қаралған. Қаржыландыру бағыттары сан түрлі. Оның ішінде өңдеу саласына қатысты жобаларды қаржыландыру, яки жылыжайлар, сүт, ет өндірісі, құс және балық шаруашылығы, өсімдік шаруашылығын дамыту, ауыл шаруашылығы кооперативтерін жабдықтау, мал шаруашылығын дамыту, басқа бағыттағы бизнес жобалар бар. Ал негізгі талаптары тағы бар. Мәселен, несие алушының жеке кәсіпкер болып тіркелуі, басқа да несиелер бойынша мерзімі өткен жарнаның болмауы, мемлекеттік кірістер органдар алдында берешектің болмауы, несие алушының жасы зейнеткерлік жастан аспауы тиіс, несиені кепілмен қамтамасыз ету, ауыл шаруашылығын жүргізу үшін қажетті жағдайлардың болуы, яғни жер телімі, қора және тағы да басқалары, ӘКК-мен бірлесе құрылған ауыл шаруашылық өндірістік кооперативіне мүшелікке кіру, қаржыландырылған жоба аясындағы өндірілген өнімді ауыл шаруашылық өндірістік кооперативке өткізу. Міне, осы және өзге де мәліметтерді ауыл тұрғындарына түсіндіру жұмыстары жалғасын тауып жатыр.
Жалағашта абаттандыру жұмыстары жүргізілуде
Көктемгі көркейту-көгалдандыру жұмыстары жалғасуда. Жалағаш кентінің кіреберісінде өсірілген талдар бірленіп, қураған ағаштар мен қоқыстар тазартылды. Ескірген қоршаулар алынып тасталды.
«Табиғаттың көк желекке орануы үшін абаттандыру жұмыстарын белсенді жүргізу маңызды. Табиғат ортақ байлығымыз!», - дейді мамандар.

Кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстары басталады
Жалағаш ауданында Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруының алдын алу шаралары жүргізілуде. Кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстары 2 кезең бойынша жүргізілетін болады.
I кезең 2023 жылдың 27 сәуірі мен 10 мамыры аралығы, II кезең 2023 жылдың 6 мамыры мен 19 мамыр күндері аралығы.
«Құрметті аудан тұрғындары! Залалсыздандыру жұмыстарына кедергі келтірмес үшін қора жайларыңызды тазартып, дайындық жұмыстарын жасауға шақырамыз», - дейді сала мамандары.
