Kyzylorda-news.kz. Әкімдердің халықпен кездесулер өткізу туралы ҚР Президентінің жарлығына сәйкес Жалағаш ауданы әкімі Асқарбек Есжановтың кент, ауылдық округтердегі тұрғындармен кездесуі екі күнге жалғасты. Келесі күні Асқарбек Темірбекұлы аудан орталығынан шалғай орналасқан Аққыр, Жаңаталап, Т.Жүргенов, Мәдениет, Мырзабай ахун ауылдарында, сондай-ақ кент іргесіндегі Ақсу ауылында, Дәуімбай елді мекенінде болды. Онда Асқарбек Темірбекұлы әдеттегідей ашық аспан астында жиналған қауым алдында тік тұрып, өңірде атқарылған жұмыстарды, жоспарланған жобаларды баяндады.

Аққырдың шаруасы ширақ

Аудан әкімі Асқарбек Есжановтың елді мекендер халқымен кездесуінде көбіне халықтың талап-тілегіне жол мәселесі арқау болған еді. Расында ауданда, оның ішінде ауылдық округтерде ішкі көшелердің сапасына қатысты мәселелер бар. Десе де соңғы жылдары оның шешімін табуға жасалған жұмыстар көңіл көншітеді.Иә, Аққыр ауылында атқарылған жұмыс көп, ауқымды істер алда тұр. Мәселен, қазіргі таңда «Самара – Шымкент – Жаңаталап –Аққыр» аудандық маңыздағы автомобиль жолының 16 шақырымы күрделі жөндеуден өткен. Алдағы уақытта Ш.Есов, Ы.Ақмырзаев, М.Ахметов, Н.Таспенов, Аққыр деген ішкі көшелеріне де күрделі жөндеу жүргізілмек. Шалғай ауылда демеушілер есебінен балалар ойын алаңы салынып, бүгінде пайдалануға берілді. 

Өкінішке қарай екі мыңыншы жылдары ескі клуб өртеніп кеткен. Содан бері ақ¬қырлықтар үшін ауылдық клуб үлкен мәселеге айналған. Осы орайда өңір басшысы ауылға руханият орталығының салынатынын сөзге тиек етіп, жергілікті халықты бір қуантты. Алдағы уақытта елді мекенде 100 орындық ауылдық клуб құры¬лысы басталады, бүгінде бюджеттік өтінім  ұсынылған.Сонымен бірге ауыл тұрғындары учаскелік полиция инспекторларының аудан ор¬талығынан қатынап жұмыс істейтінін көтеріп жүрген. Әрине халықтың талабы орынды. Қылмыс кез келген сәтте орын алуы мүмкін. Ал ондай жағдайда учаскелік полиция қызметкері заматында сол жерден табылып, дереу әрекет етуі тиіс. Бұл мәселе де аудан әкімінің назарынан тыс қалмады. Биыл шешімін табатын болды. Аққыр және тағы да басқа 9 ауылдық округтен учаскелік полиция қызметкерлеріне тұрғын үй беріледі. Тиісті қаржысы да шешілген.Сонымен қатар денсаулық сақтау саласы бойынша ауылда дәрігер маманының болмауы мәселеге айналған. Бетін аулақ қылсын, бір кісі ауыра қалса, орталыққа жету де оңай шаруа емес. Сол сәтте ауыл дәрігері болса, көмек көрсету тиімді болары сөзсіз. Әрине аққырлықтардың көтеріп отырған мәселесі орынды. Бұл бойынша ауданның бас дәрігері Еркебұлан Мақсұтов жауап берді.

Оның айтуынша, қазіргі таңда өңірде дәрігер мамандары тапшы, оның ішінде жастардың үлесі аз. Дегенмен қол қусырып отырмай, биыл ауданға 5 дәрігерді жұ-мысқа алу жоспарланған. Яғни мамандар қатары толығып жатса, міндетті түрде ауылға арнайы бір дәрігер бекітіледі. Бір қуантарлығы, ауыл емханасының инфра-құрылымдық әлеуеті жақсы, тек білікті дәрігер болса жеткілікті.Аққырда күріш алқаптары болмаса да, тұрғындар бақша өнімдерін өз ауласына егеді. Жасыратыны жоқ, бүгінгідей су тапшылығы туындаған тұста аяқ су мәселесі де қозғалатыны заңдылық. Бірақ Асқарбек Темірбекұлы бұл мәселеге баса назар аударып, шешімін біржақты еткен. Ауылға облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы арқылы 2 дана су насосы алынған. Бүгінде насос орналастыру аймағының жер телімін рәсімдеуге аудандық бюджеттен қаржы қаралып, жерге орналастыру сызбасы әзірленіп, жері рәсімделді. Аяқ суға байланысты жоба-сметалық құжат әзірлеуге облыстық бюджеттен қаржы да бөлінді. Сондай-ақ оңтүстік коллектор арнасынан елді мекенге аяқ су әкелу мақсатында ұзындығы 12300 метр жаңадан канал қазылады, бүгінде бұған қатысты ЖСҚ әзірленуде. 

Аяқ су қолжетімді болған соң, ауыл халқының тірлікпен айналысқысы келетіні заңдылық. Бұған Аққырдың әлеуеті толық жетеді. Егін, бау-бақша егемін десе, жер телімі жеткілікті, еңбектің көзін білетін, тірлікке төзімді азамат болса болғаны. Әрине жерді игеру оңай шару емес. Оған мол тәжірибесі бар, жерді игерудің қыр-сырын білетін еңбек адамдары араласпаса тағы болмайды. Осы ретте айта кететін жайт, «Ер-Әлі» шаруа қожалығының төрағасы Әліби Бекжанов Аққыр ауылында бос тұрған жерлерді осы елді мекен тұрғындарымен бірлесе игеруге ниетті екенін жеткізді. Яғни жоңышқадан бастап бау-бақша өнімдеріне дейін ексем дейді. Осы шаруа үшін еңбек адамы ауылға арнайы келіп, халықтың алдынан да өтті.

Иә, мұндай ұтымды ұсынысты естіген аққырлықтар еңбектің көзін білетін адам болса, халық болып жұмыс жасайтын азаматты қашанда қолдайтынын жеткізді. Бұйыр¬са, келесі жылдан бастап әуелі 150 гектар жерге бау-бақша өнімдері егілмек, сондай-ақ еңбекке тек ауыл тұрғындары тартылады.Міне, ауызбіршілігі жарасқан аққырлықтардың тірлігі мығым. Ең бастысы, жасы да, қарты да еңбек етуге ниетті. Әрине аққырлықтар ауылды көркейтетін тек өздері екенін жақсы түсінеді. Жиын соңында ауыл тұрғындары өңір басшысының жұмысына көңілі толатынын жеткізіп, ақсақалдар батасын берді.

Жаңаталаптың тірлігі мығым

Жаңаталаптағы кездесуде аудан әкімі Асқарбек Есжанов ауданның, оның ішінде ауылдың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне тоқталды, аймақтың жа-ғымды жаңалықтарын жеткізіп, алдағы атқарылар жоспарларымен бөлісті. 
Ауыл тұрғындары тарапынан бірқатар мәселе айтылып, басшылық тарапынан жауап алынды. Тұрғындар ауылға медициналық жедел жәрдем көлігі қажеттілігін жеткізді және ауылға учаскелік полиция инспекторын тұрақтандыруын сұрады. Сондай-ақ ұялы байланысты реттеу, интернет желісінің жылдамдығын арттыру қажеттілігі де назардан тыс қалмады. Ауылдағы білім ордасына Еңбек Ері Ұ.Еспановтың, көшеге ауыл азаматының есімін беру секілді мәселелер де сөз болды. Бұл мәселелер жөнінде Асқарбек Темірбекұлы тиісті бөлімдер мен мекеме басшыларына тапсырма беріп, заң аясында жедел арада шешуді тапсырды. Одан бөлек ауыз су тарату жүйесіндегі су жинайтын мұнараны жөндеу жұмыстары да жақын арада басталмақ. 
Ауылда тындырымды тірлік көп. Мәселен, жайылымдық жерлердің жетіс-пеушілігін болдырмау, бау-бақша өнімдерін егуді жандандыру мақсатында №1-ТВ, №2-ТВ, №3-ТВ техникалық су ұңғымасы бұрғылануда. Құрылыс жұмыстары 70 пайызға орындалып тұр. Яғни алдағы уақытта ауыл халқы аяқ судан тапшылық көрмейді және қуарып кеткен шабындықтар мен мал жайылымы да бұрынғы қалпына келмек. Тұрғындардың бос уақытын қызықты өткізуіне және талантты жасөспі¬рімдерді өнерге баулуға жағдай туғызу үшін 100 орын¬дық клуб құрылысы басталмақ. 

Иә, жолына қарап, ауылдың тұрмысын пайымдай беруге болады. Өңір басшысы елді мекен жолдарының сапасына ерекше мән беруде. 1 жылдың ішінде бірнеше шалғай ауылдар бағытындағы жолдар, ішкі көшелер күрделі жөндеуден өтті, жоспарланғаны қаншама. Мәселен, бүгінде Жаңаталап елді мекенінің ішкі 3 көшесін, атап айтсақ, П.Қарақұлұлы, П.Қарақұлұлы1, П.Қарақұлұлы2 көшелерін жөндеу жұмыстарына ЖСҚ әзірленуде. Бұйырса, құрылыс жұмыстары басталмақ.

Ел болғасын мәселе туындайды, ал сол мәселенің шешімін табу бір бөлек. Ең бастысы, Жаңаталапта атқарылып жатқан ауқымды істер жоқ емес. Ал ауыл халқында жарқын болашаққа деген сенім мен ынтаның  мықты екенін байқауға болады. Ауыл ажарының күннен-күнге артып, әлеуметтің әлеуетінің жақсарып келе жатқаны көңіл қуантады. Енді аудан әкімінің бастамасымен қолға алынып жатқан жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асса, онда ауылдағы мәселелердің барлығы біртіндеп оң шешімін табады. Өзгелерге үлгі болатын жаңаталаптықтар ендігі жерде ауызбіршілік танытып, ауылдың берекесін келтіріп отырса, елді мекеннің талай жетістіктеріне куә боларымыз анық.Жиын соңында ауыл ақсақалы сөз алып, аудан азаматтарына ақ батасын берді. – Барлығы бірлікпен, ұйымшылдықпен бітетін жұмыс. Қай жерде де ауылмен бірге болу, бір мақсатта жұмыс істеудің маңызы зор. Біздің осындай бейбіт заманда өмір сүруіміз қазақ халқының ұйыған ауызбіршілігінің арқасында. Сондықтан осындай асыл қасиетімізден айырылмай, бірлікпен іс жүргізіп, бір-бірімізге тілеулес болсақ, талай белестерді бағындыратынымызға сенімдімін, – деді ауыл ақсақалы.

Мақпалкөлде жарқын жобалар жетерлік

Аудандағы іргелі ауылдардың бірі – Темірбек Жүргенов ауылы. Бір қуан-тарлығы, ауыл жылдан-жылға көркейіп келеді. Тұрғын үйлердің жартысынан астамы жаңарған. Мүмкіндігінше көптеген мәселесін ауыл азаматтарының өздері шешеді. Белгілі кәсіпкер Әліби Бекжанов туған жерін түлетіп отыр. Десе де бюджеттің де қаржысын ұтымды пайдалануды жөн көреді. Оны ауыл көрінісінен-ақ байқауға болады. Қайраткер атындағы саябаққа жиналған мақпалкөлдіктердің көңіл-күйі көтеріңкі. Ауыл тұрғындары өңір басшысын жылы қарсы алды. Өйткені елді мекенде көтерілген мәселе аудан әкімі Асқарбек Темірбекұлының жүйелі жұмы-сының нәтижесінде, жергілікті халықтың ауызбіршілігі арқасында дереу шешіледі. 

Биыл мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтың 125 жылдығы. Алашқа ортақ қайраткердің туған ауылынан Т.Жүргенов атындағы саябақ ашылады және қайраткер атындағы көше жөнделеді. Одан бөлек тозығы жеткен электр желілерін жаңарту, ауылдағы мәдениет үйін күрделі жөндеуден өткізу және 8 көшені күрделі жөндеуден өткізу жұмыстары жоспарланған. Мәселен, бүгінде М.Нұрылдаев, Сәдір би, Д.Шотықов, А.Қожахметов, Достық, Т.Жүргенов, Тоғанас батыр, Ә.Құттыбаев көшелерін күрделі жөндеуге ЖСҚ әзірленуде.

Ауылда қай саланы алып қарасақ та өрлеу бар, өсу бар, даму динамикасы жақсы. Әсіресе жергілікті шаруашылықтар мол астықтан тау тұрғызып, жыл сайын рекордтық өнімге қол жеткізуде. Олар бүгінде егінді әртараптандыруға басымдық бере бастаған. Аяқ су мәселесі қат болып тұрған шақта бұл бастамасы ақылға қонымды. Бүгіннің өзінде ауылда бірнеше әлеуметтік жоба жүзеге асырылуда. Мәселен, Т.Жүргенов атындағы саябақ абаттандырылып, қазіргі таңда қабылдау комиссиясы түгендеу жұмыстарын жүргізуде. Балалар ойын алаңының ағымдағы жөндеу жұмыстары толық аяқталып, нысан пайдалануға берілген. Т.Жүргенов көшесіне тас төсеу жұмыстары аяқталған. Ауылдық клуб ғимаратына бейнекамера орнату үшін мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде.

Жайылымдық жерлердің жетіспеушілігін болдырмау, бау-бақша өнімдерін егуді жандандыру мақсатында басталған Жаңаталап және Т.Жүргенов ауылдарына 2 техникалық су ұңғымаларын бұрғылау құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталып, бүгінде 1 ұңғыманың бұрғылау жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс жұмыстары 70 пайызға орындалған. Ел болғасын мәселенің туындайтыны рас. Аудан әкімі тұрғындардың толғандырып жүрген талап-тілектерін тыңдап, көтерілген мәселелер қатарын заңдылықтар аясында шешуді жауапты сала басшыларына тапсырып, шешілу мүмкіндіктерін міндеттеді. Қоғамның талап-тілегіне сергек қарап, тұрғындардың мұң-мұқтажына ортақтаса білетін Асқарбек Темірбекұлы барлық айтылған мәселелерге бейжай қарамайтынын жеткізді.

Мәдениетте ауқымды жобалар жетерлік

Билік пен халықтың арасы жақындауы керек. Бұл – Президенттің тапсырмасы ғана емес, халықтың да талабы. Осы орайда аудан әкімі Асқарбек Есжановтың жұмыс сапары Мәдениет ауылында жалғасты. Мәдениет – ең халық көп шоғырланған ауыл. Бұл ауылда да тындырымды тірлік көп. Көшелерінің көбісі күрделі жөндеуден өткен, жаңа ауылдық клуб, жаңа балабақша және жаңа спорт кешені салынған, бүгінде жұмыс істеп тұр. 2 көшеге тас төселіп, елді мекенде су тарату жүйесінен аулаішілік су тарату желісінің құрылысы жасалып, қазіргі таңда қабылдау комиссиясы түгендеу жұмыстарын жүргізуде. Дегенмен ел ішіндегі мәселенің барлығы түбегейлі шешімін тапқан жоқ. Халықтың мұң-мұқтажы бар. Алайда бұрынғыдай емес, күрмеуі тарқатыла бастады. Мәселен, тұрғындар тарапынан халыққа ауыз су беру уақытын ұзарту, аяқ су, жер пайдалану, көшелерге жарықтандыру жұмыстарын жүргізу жөнінде мәселелер көтерілді. Аудан әкімі айтылған түйткілді шаруалар өз ретімен шешімін табатынын жеткізді.Мәселен, ауыз су бойынша аудандық оқшау сумен жабдықтау жүйелерін пай-даланушы өндірістік бөлімшесі басшысымен келісіп, елді мекен бойынша сағат 7.00-11.00 және 15.00-19.00 аралығында ауыз су тұрақты беріледі. Сондай-ақ елді мекенде көшелерді жарықтандыру үшін ЖСҚ әзірлеуге аудандық экономика және қаржы бөліміне бюджеттік өтінім берілген. 2024 жылы қаржы бөлінеді деп күтілуде.Сондай-ақ «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында ауылдағы аяқ су тапшылығын болдырмау мақсатында 2 млн теңгеге 2 насос және 2,7 млн теңгеге қажетті аяқ су құбырлары алынады. Ал ауылдың 3 көшесін жөндеу үшін жобалау сметалық құжаттары әзірленіп жатыр.
 

Ауылда жақсы бір үрдіс қалыптасыпты. Елді мекеннің көркін келтіруге ауыл азаматтары бірлесіп, ауызбіршілік танытып, қолдан келетін шаруаларды өздері қолға алуда. Мысалы, ауыл тұрғыны Махамедияр Қабылтаев әкесі Қабылтай Көшеров атынан ауылдағы Ж.Тайшиев көшесі бойынан 0,30 га жерге қоршау жұмыстарын жүргізіп, саябақ ашу мақсатында тал көшеттерін отырғызып, күтімге алған. Сонымен қатар 1983 жылы туған түлектер ауылдағы спорт мектебі жанынан 0,10 га жерге қоршау жұмыстарын жүргізіп, ағаш көшеттерін отырғызған.Береке-ырысы бекем ауылда атқарылған жұмыс көп, шаруа да аз емес. Ең бастысы, осы сапарда әр адамның түпқазығы, рухының бесігі, тамыры тереңге жайылған қазақы дәстүр қаймағы бұзылмаған ауылдың ауызбіршілігінің мол екеніне көз жеткіздік.

Мырзабайлықтар кәсіптің көзін тапқан

Елді мекендер әл-ауқатын арттыру қазіргі таңда өте өзекті мәселеге айналып отыр. Аудан әкімінің сапары мал шаруашылығы дамыған елді мекендердің бірі Мырзабай ахун ауылында жалғасын тапты. Кездесу барысында алдымен өңір басшысы ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне тоқталып, аймақтың жа-ғымды жаңалықтарын жеткізіп, алдағы атқарылар жоспарларымен бөлісті.1200-ден астам тұрғыны бар ауылға биыл республикалық бюджеттен 385,9 млн теңге бөлініп, дәрігерлік амбулатория құрылысы бастау алғалы жатыр. Қазіргі кезде мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Мұнан бөлек Мырзабай ахун елді мекеніндегі тұрғын үйлер секторының электр желілерінің құрылысына, 100 орындық ауылдық клуб құрылысына жоба-сметалық құжаттар дайын. Елді мекеннің ішкі 2 көшесін, яғни Жаңақоныс пен Кенжебек Оспанов көшелерін жөндеуге жоба-сметалық құжаты әзірленуде.

Былтыр «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында елді мекендегі Колхоз және Мәдениет көшелеріне жалпы құны 130 млн теңгеден астам қаражатты құрайтын жоба барысында екі көшеге асфальт төселген. Қазіргі таңда Мырзабай ахун ауылының экономикалық даму жағдайы тұрақты. Ауылда мал шаруашылығы қарқынды дамыған. Кәсіпкерлікті дамыту мақсатында ауыл жастары «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы жеңілдетілген несие алып, атакәсіпті қолға алған. Тұрғындардың кәсіп ашуға деген талабы таудай. Бүгінде бұл ауылда 82 кәсіпорын бар. Былтыр 6 тұрғын пайыздық үстемақысы төмен несие алып, бүгінде мал шаруашылығы бағытында кәсібін дөңгелентіп отыр. Мұнан бөлек тағы да 6 азамат грант жеңіп алып, олардың әрқайсысы 1 млн 225 мың теңге қайтарымсыз қаржылай қолдауға ие болған. 

Жалпы, Мырзабай ахун ауылында мал ұстап, оның өнімін нарыққа шығаруда табысты еңбек етіп жатқан жандар аз емес. Әсіресе осы елді мекенде қымыз, саумал өндіру бір жолға қойылған. Сондай-ақ әр бесінші үй кем дегенде 8-10 бастан мал бордақылауды кәсіпке айналдырған. 

Кездесу соңында мырзабайлықтар аудан басшысының жұмысына оң баға беріп, ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына айрықша көңіл бөліп жатқаны үшін алғыс айтып, ел игілігі үшін жасап жатқан жұмыстарына сәттілік тілеп, батасын берді.

Ақсулықтар көгілдір отынның игілігін көреді

Жалағаш ауданында атқарылған жұмыстармен халықты құлағдар ету, сондай-ақ тұрғындардың ұсыныс-тілектерін тыңдау мақсатында аудан басшысы Асқарбек Есжанов елді мекендерді аралаған болатын. Екі күнге созылған кездесу барысында ол ат басын Ақсу ауылына бұрып, жиылған жұртпен жүздесті. Тоқсан сайын үрдіске айналған жиынға ауыл халқымен кездесуге аудан әкімімен қатар бірқатар сала басшылары мен аудандық мәслихат депутаттары қатысты. А.Темірбекұлы ең әуелі ауданда атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарларды тілге тиек етті. Бүгінде Ақсу ауылының бірқатар мәселесі бір жолға қойылған. Ауылдың жағдайы жыл сайын жақсаруда. 

Иә, халықтың тұрмыс сапасының жақсаруы күнделікті қажеттілікке байланысты екені мәлім. Оның ішінде газдандыру мәселесі бар. Ауылға газ жүргізу көптен бері халықтың көкейінде жүр. Иә, ақсулықтардың көгілдір отын игілігін көретін күні де алыс емес. Нақтырақ айтсақ, Ақсу елді мекеніне газ тарату желілерінің және жеткізуші газ құбырының құрылысына облыстық бюджеттен 20 млн теңге бөлінген. Мердігер мекеме “AЭS and Limited” ЖШС компаниясы құрылыс жұмыстарын жақын уақытта бастайды.

Сондай-ақ Ақсу елді мекеніндегі тұрғын үйлер секторының электр желілері құрылысына да республикалық бюджеттен 184,7 млн теңге қаралған. Қазіргі таңда мердігер мекеме “Наз” ЖШС компаниясы құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүр-гізуде.Әулиелігімен қоса, емшілік қасиетімен де, қара қылды қақ жарар турашылдығымен де, қайырымдылығымен де дүйім жұртқа мәшһүр болған Беркімбай кәлпе Бекниязұлы – халық жадында мәңгі жасайтын тарихи тұлға. Беркімбай кәлпе мазары Ақсу ауылының шығыс жақ шетінде орналасқан. Осы орайда Беркімбай кәлпе мазарына барар автожолды күрделі жөндеуден өткізуге жоба-сметалық құжаттар да дайын. 

Ақсулықтар аудан басшысымен өткен кездесуде көтерген өзекті мәселелердің бірі кіреберіс жолға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу барысы болды. Аудан басшысы Асқарбек Темірбекұлы бұл мәселе бойынша да тиісті шаралар қабылданғанын, яғни ауылға кіреберіс аудандық маңыздағы автомобиль жолын орташа жөндеу бойынша облыстық бюджеттен 76,7 млн теңге бөлінгенін, жыл соңына дейін ел игілігіне пайдалануға берілетінін жеткізді. Мұнан бөлек Ақсу елді мекенінің 4 көшесін, яғни М.Әуезов-1, М.Әуезов-2, Ақбөгет, Т.Қожағұлов көшелерін күрделі жөндеуден өткізуге жоба-сметалық құжаттары дайын екенін, сондай-ақ елді мекеннің М.Дәулетбеков, Ақарық, Алғабас сынды ішкі көшелерін жөндеуге жоба-сметалық құжаттар әзірленіп жатқанын жеткізді. 

Қазіргі таңда елді мекенде санитарлық тазалық пен абаттандыру жұмыстары ұйымдастырылып, күл-қоқыс полигонын қоршау жұмыстары жүргізілуде. Ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына жастардың қосар үлесі зор. Бүгінде жастардың басым бөлігі кәсіпкерлікке бет бұруда. Қазіргі уақытта кез келген ауыл тұрғындарының кәсіп ашып, тірлігін бастауына мүмкіндік зор. Бүгінгідей нарық заманында тынымсыз еңбек қана жоғары табысқа бастайтыны анық. Еліміздегі түрлі мемлекеттік бағдарламалар кәсібін жаңадан бастайтын тұрғындарды жетістікке жетелейтінін көрсетіп отыр. Қазіргі жастар кеңседе сегіз сағат сандалғаннан жеке кәсібін ашып, дөңгеленткенді жөн көреді. Осы ретте бизнес бастаймын деген жастарға мемлекет тарапынан берілер қолдау да, көмек те көп. Халықтың тұрмыс сапасын арттыру жолында жаңа бастамалар қолға алынып жатыр. Мәселен, кәсіпкерлікті дамыту мақсатында ауыл жастары «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы егін шаруашылығына және «Қызылорда» ӨИО» МҚҰ» ЖШС мал шаруашылығын дамыту мақсатында несие алуда. Мұнан бөлек елді мекенде 15 азамат жобасын қайтарымсыз грантқа ұсынып, оның 2-еуі мемлекет тарапынан қолдау тауып қаржыландырылған. Биыл жастардың басым бөлігі жылқы шаруашылығына басымдық берген.

Кентте кешенді жобалар бар

Ауданға қарасты 14 ауылды аралап, халықпен кездескен аудан басшысы халық алдындағы есеп беру сапарын аудан орталығындағы Дәуімбай елді мекенінде қорытындылады. Рәміздер аллеясында жалағаштықтармен кездескен Асқарбек Темірбекұлы алдымен кент ішінде атқарылып жатқан жұмыстармен және алдағы жо-балармен егжей-тегжейлі таныстырды. 
«Ауылына қарап, азаматын таны» демекші, біздің өңірге Асқарбек Есжанов басшылық еткелі ауданның, әсіресе ауылдық елді мекендердің дамуы едәуір ілгеріледі. Әлеуметтік-экономикалық даму, аудан халқының әлеуетін арттыру, инфрақұрылымды жетілдіру секілді мәселер күн тәртібінен түспеді. 

Иә, кент, ауылдар келбетінің көркеюі, оның ішінде құрылыстың белең алуы аудан дамуының көрінісі деуге әбден болады. Соңғы жылдары бірнеше нысан пайдалануға берілсе, бүгінде сол нысандар ел игілігі үшін қызмет етуде. Әрине бұл жұмыстардың барлығы өңір келбетін арттырып, ел игілігі үшін жасалуда. Аудандағы игі істердің қатарында кенттегі газдандыру жұмыстары да бар. Қазір кентті газдандыру жұмыстары толықтай аяқталып, жалағаштықтарға қуаныш сыйласа, енді міне, алдағы уақытта ауылдарға да көгілдір отын жеткізілмек. Осыдан-ақ ауданда жүйелі жұмыстың бар екенін аңғаруға болады. Сонымен қатар қажеттілігіне, мәселенің өзектілігіне қарай барлық ауылдық округте көшелер жөнделіп, жарықтандыру, абаттандыру жұмыстары кезең-кезеңімен атқарылуда.

Мәселен, қазіргі таңда Жалағаш кентіндегі М.Шәменов көшесіне күрделі жөндеу жұмыстары бойынша ескі жолды қырып, құм аралас тас төселіп, жаяу жүргіншілер жолы салынуда. Мұнан бөлек З.Ижанов, Т.Әбжалиев, Жеңістің 50 жылдығы, А.Қазыбеков, Қ.Нүрпейісов, Желтоқсан, Мысық би, А.Бектібаев, І.Нүркенов, И.Панфилов, барлығы 10 көшеге күрделі жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде.Кент тұрғындарының ұсынысына сәйкес Өмірбай шешен көшесі Мырзалиевтен Қалыбаев көшесіне дейін кеңейтіліп, тас төселді. Сәрке батыр көшесінің тұйығында тұратын халықтың тілегі орындалып, көшеге жарықтандыру және тас төсеу жұмыс-тары жасалды. Жалағаш кентіндегі ПМК-09 көшесіне тас төсеуге мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде. 

Жаңадан ашылған «Ақтерек» учаскесінде инженерлік инфрақұрылымның сумен жабдықтау құрылысы пайдалануға беріліп, газбен жабдықтау үшін құрылыс-монтаждау жұмыстары іске асырылуда. Дәуімбай учаскесінде салынатын бір пәтерлі 3 бөлмелі арендалық 20 тұрғын үйдің құрылысын салуға жоба сметалық құжаттар дайындалды. Халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына тұрғын үй қорынан 50 тұрғын үй сатып алу үшін жер учаскелері белгіленіп, құрылыс жұмыстары басталды.Дәуімбай елді мекенінен 200-ден аса жасөспірім кент орталығына түрлі үйірмелерге, спорттық секцияларға қатынап оқиды екен. Балалардың қауіпсіздігі бірінші орында екенін жақсы түсінген Асқарбек Темірбекұлы осы мәселені дереу шешкен. Яғни теміржол арқылы өтетін жаяу жүргіншілерге арналған аспалы көпір құрылысы биыл мамырда басталды. Бүгінде мамандандырылған мекемемен темір-жолдың оңтүстік бетіне тіреу конструкцияларын орнату жұмыстары толығымен аяқталып, солтүстік жағына орнату үшін тиісті жұмыстар атқарылуда.

Кездесуге жиналғандар арасында өздерін толғандырған сауалдарын қойғандар да аз болған жоқ. Тұрғындар сауал жолдау барысында кент ішіндегі санитарлық тазалық жұмыстарының жүргізілу барысы, абаттандыру жұмыстарын күшейту, аяқ су мәселесін шешу, Дәуімбайда балалар ойын алаңын салу туралы ұсыныстарын айтты. Осы ретте аудан әкімі Асқарбек Темірбекұлы кент орталығын аяқ сумен қамтамасыз ету мақсатында биыл 6 насос алынғанын, Дәуімбай елді мекеніне 3 дана «АНС-130» насосын орнату жұмыстары жүргізіліп жатқанын жеткізді. 

Жиын соңында кент тұрғындары Асқарбек Темірбекұлының Дәуімбай елді мекеніне арнайы келіп, халықпен жүздесуін ерекше атап өтіп, игі бастамаларына тілекші болды. Ал ақсақалдарымыз тұрғындарға елдің бірлігін сақтау бәрінен маңызды екенін түсіндіріп, батасын берді.

– Әрине кез келген мәселенің шешімін табу қаражатқа келіп тірелетінін білеміз. Ауданға қаншама қаражат тартылып жатыр екен, Асқарбек Темірбекұлының жұмысына жақсы деген баға береміз. Ең бастысы, аудан ахуалын арттыруда біршама жоба жүзеге асып жатыр. Сондықтан басқа да мәселелерді шешу де кезең-кезеңімен қолға алынатынына сенеміз. Бастысы, халықтың ауызбіршілігі мығым. Татулықты ту еткен қауымның қай уақытта болсын қамал аларын өздеріңіз де жақсы білесіздер. Мен ауыл азаматы ретінде жерлестерімнің бірлігін, ынтымағын жоғары бағалаймын. Елде береке мен бірліктің орнауы үшін де керегі осы емес пе, – дейді аудан ақсақалы Садық Әлиев.

Тоқсан сайын үрдіске айналған әкімдердің халық алдында есеп беру кездесуі елді мекен ахуалын жақсартуға үлкен септігін тигізері сөзсіз. Басшыға айтылған сын халыққа да тікелей байланысты, себебі халықтың саяси белсенділігі оянса, ондағы тіршілік те жанданады. «Көш жүре түзеледі» демекші, аудандағы кейбір ауыл-аймақта барлық жағдай жасалған, әлеуметтің әлеуеті артқан. Бұл атқарылған жұмыстар – халықтың, аудан басшысының, яғни әкімнің еткен еңбегінің жемісі.

Тағы да оқыңыз: