Kyzylorda-news.kz. Наурыз – көктем мейрамы және орталық азия халықтарының жаңа жылы. Бұл мереке бірнеше мың жылдан бері түркі халықтарымен аталып келеді. Көне парсы тілінде «наурыз» жаңа айдың бірінші күні дегенді білдіреді. Бұл айды соғдылықтар «наусарыз», хорезмдіктер «наусарджи», армяндар «навасарди», чуваштар «норас-ойахе» деп атаған.

Өкінішке орай, ғасырлар бойы жалғасқан қасиетті мерекені тойлау кеңес заманы кезінде тоқтатылды. Елімізде де жылдар бойы бұл діни мереке деп саналып, тыйым салынды. Соңғы рет 1926 жылы тойланған Наурыз мейрамы елімізде 1998 жылдан бастап  қайтадан ресми түрде аталып өте бастады. 2001 жылы Наурыз мейрамы мемлекеттік мереке ретінде жарияланды. Күн мен түннің теңеліп, жан-дүниені тірілткен, шаруаның бір малы екеу болып, арқа-басы кеңіп, аққа аузы тиген, қытымыр қыстың ызғарынан құтылып, алдағы шуақты күндерден үміттендірген Наурыз мерекесі Тәуелсіз еліміздің зор ықыласпен тойланатын нағыз халықтық сипаттағы салтанатына айналды. Бұл халқымыздың, тәуелсіздігіміздің ең негізгі тамырының бірі болып саналады.

Наурыз айында көңілінде кірбіңі барлар татуласады, адамдар бір-бірінің үйіне барып, құтты болсын айтады, бұлақ көзін ашады, алдын ала үйін, ауласын кір-қоқыстан тазартады. Наурызды «жыл басы» деп танығанымен, оның барша болмысын, философиясын жыл алмасумен шектемейді. Осы күндері дүниеге келген сәбилерге Наурызбай, Наурызгүл сынды есімдер беріледі. Жер иесі – Қыдыр ата елді, үйді аралап, бақыт сыйлайды, бата береді деген сенім-наным бар. 

Дәстүр бойынша бұрын Наурыз мейрамын бүкіл ауыл, ел болып, әсіресе жастар жағы түгелдей таң шапағатын қарсы алып, арықтарды тазалап, су жіберуден, ағаш отырғызып, гүл егуден бастайды. Бұл мерекеде жер-жерде ат бәйгесі, көкпар тарту, қыз қуу, палуандар күресі тектес ұлттық ойындардан сайыстар ұйымдастырылады. Наурыз мейрамында әркім жылы шырай сезіне бастап, сағынышты көрісулерімен, жалынды құшақтасуларымен жаңа жылды қарсы алады.

Соңғы жылдары еліміз Наурыз мейрамын тек бір күн ғана атап өтпей, тұтас наурыз айын осы мерекені атап өтуге арнаған. Мейрамда тек ішіп-жеумен ғана шектелмей, болашақ ұрпақ үшін өнеге болатындай, ел руханияты мен мәдениетін байытатын іс-шаралар өзкізіледі. Яғни қазіргі таңда ұмыт болған салт-дәстүрлерімізді қайта жаңғыртып, қазақи нақыштағы ұлттық киімдерімізді киіп, сән-салтанатымен тойлайды. 

Осы орайда ауданымызда апта басынан бастап Наурыз мейрамын ерекше форматта атап өту қолға алынған. Сәрсенбіде қазақылықтың қаймағы бұзылмаған Жалағаш ауданында Таң, Бұқарбай батыр мен Ақсу ауылының тұрғындары кент орталығын дүбірлі думанға толтырды. Елді мекен өнерпаздары «Өңір салу» салтын сахналап, кент тұрғындарына қазақ халқының кереметтей ата салтын насихаттады. Сонымен қатар жеті нан пісіріліп, тамашалуға келгендер наурыз көжеден дәм татты.

Жалпы, қазақ халқы салт-дәстүрге бай. Әрбір жөн-жоралғының мән-мағынасы, астарында үлкен ой жатыр. Әрбірінің орындалатын орны, уақыты, өз ережесі бар. Мәселен үйлену тойының өзін ғана алатын болсақ, бірнеше сатыға бөлінген салт-дәстүр, рәсімдерден тұрады. Оның әрқайсысы той барысында өз ретімен, орнымен орындалады. Біздің заманымызда ескілікте қалып, ұмыт болған салт-дәстүрлер де бар. Соның бірі – өңір салу жоралғысы. Өңір салу – қазақ халқының көне дәстүрінің бірі. Бүгінгі күнге дейін сақ-талғанымен тек кейбір өңірлерде ғана орындалады. Саты-сатыға бөлінген той дәстүрлерінің ішінде бұл рәсім тойдан кейін өтеді. Келін түсірген үйге әулеттің үлкен-кіші әйелдер қауымы шашу шашып келеді. Өңір салу кәде-сый беру жоралғыларының тізімінде. Салттың негізгі мақсаты – жас отауға қамқорлық жасап, сый құрмет көрсетіп, аз да болса тұрмыстық жағдайға көмек беру. Уақытында көбінесе тұрмыстық заттар, қыз балаға арналған бұйымдар, киім-кешек және тағы басқа дүниелер әкелінген. Өңірге – әркім өз қолында барын, жағдайы жететін затын апарады. 

Бұл дәстүрге келгендерді үй иесі малын сойып, дастарқан жайып, қонақ қылады. Рәсім соңында келіннің қайын жұртынан келген қоржынынан сарқыт таратылады. Бұл баршаға жұғысты болсын деген ырымды білдіреді.

«Керемет мейрам, наурыз көжеден дәм татып, қызықты, тәрбиесі мол қойылымды да тамашаладық. Ұйымдастырушыларға үлкен рақмет. Келген халық көтеріңкі көңіл-күймен тарқасуда. Өзіме өңір салу салты өте қатты ұнады. Қазақтың қай дәстүрін алып қарасаң да, астары терең, тәрбиесі мол ғой. Жас отбасы тезірек аяққа тұрып кетсін, ел қатарына қосылсын деген ниеттен туған осындай дәстүрді жаңғыртып, жалғастыру керек деп ойлаймын», – дейді Жалағаш кенті тұрғыны Аружан Төлеген.

Аудан тұрғындары Наурыз мейрамында қазақ болмысына тән көріністерге куә болды. Күйбең тіршіліктен мезі болған халық сән-салтанаты жарасқан шарадан көтеріңкі көңіл-күйде тарқасты. Ауыл өнерпаздары сомдаған қойылымнан рухани азық алып, ұмыт болған салтқа екінші  мәрте дем берді.
 

Тағы да оқыңыз: