Kyzylorda-news.kz. Жалағаштықтар соңғы жылдары бұрын өңірде қолға алынбаған кәсіп түріне қадам басып, алды бұл бағытта өнімдерін нарыққа шығарып жатыр. Жергілікті кәсіпкерлер тың жоба қолға алынған жерде табыстың еселенетінін жете түсінген. Тұтынушының сұранысына сай өнім өндіріп, бүгінде ішкі нарықты қамтамасыз етіп отырғандар қатарында Асхат Ермекбаев та бар.
Аудан тұрғыны «SinPro» сауда белгісімен тосол, антифриз тәрізді суыққа төзімді сұйықтықтар шығара бастады. Жеке кәсіпкер Асхат Ермекбаев өңірде болмаған тың кәсіпті мемлекеттік бағдарлама арқылы жүзеге асырып отыр. Ол өз ісін өрістету арқылы сырттан келетін өнім бағасына тәуелділікті азайтатынына сенеді.Расында бізде өзге елден келетін өнім көп. Бұл түрлі делдалдар арқылы қолдан қолға өтіп, бағаның өсуіне әсер етпей тұрмайды. Қазір кез келген тауарға қатысты «Нарықтағы баға неге құбылып тұр?» деген сауалға жауаптылар да алдымен осы мәселені себеп қылады. Осындай кедергіні жоюға кейінгі жылдары аудан кәсіпкерлері де білек сыбана кіріскендей.
Жас кәсіпкер антифриз бен тосолдың атқаратын жұмысында айырмашылық жоғын айтады. Қыста нөл немесе -1 градуста су мұзға айналып қата бастаса, бұл өнім -40 градусқа дейін қатпайтын көрінеді. Ал жаз айларында автокөлікте судың қайнауы жиі кездеседі екен. Антифриз болса, ондай кедергілерге жол бермейтін көрінеді.Кейіпкеріміздің сөзіне құлақ асқанда оның кәсіптің бұл түріне үлкен ізденіспен һәм тыңғылықты дайындықпен келгенін аңғардық.
– Мен – химик-технологпын. Содан болар, осы өндірістің қыр-сырын меңгеру он¬ша қиынға түспеді. Жеке қаражатымды салдым, қосымша мемлекеттік бағдарлама арқылы қолдау алдым. Дұрысы, 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде 5 млн теңге қайтарымсыз грант ұттым. Одан бөлек «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы арқылы алты пайыз мөлшерінде 6 млн теңге несие рәсімдеп, бизнесті кеңейтуге күш салдық. Бастысы, мемлекет қолдауы біз секілді жас кәсіпкерлердің дамуы мен шығаратын өнімнің құнын тұрақтандыруға көп көмегін тигізіп келеді, – дейді Асхат Ермекбаев.
Асхаттың шағын өндіріс орнында шығатын өнімді алғашқы отандық тауар деп есептеуге болады. Еуропалық стандартқа құрылған кәсіпорын күніне автокөлікке ар-налған антифриз бен тосолдың әрқайсысынан 1000 литрден шығарады.Кәсіпкер барлық технологиялық құрылғыларды, химиялық қоспаларды Ресейден алдырады. Өндіріс орнында жеңіл көліктен бастап үлкен кәсіпорындарда жұмыс істей¬тін қозғалтқыштарға қажетті антифриз түрлері өндіріледі. Қазір кәсіпорында бес адам жұмыс істейді.
– Шетелдік брендтерге қарамастан біздің автохимиялық өнім нарықта өз орнын тапты. Қазір ауданның барлық автобөлшек сататын дүкендерінде біздің тауарлар тұр. Енді кәсіпорын көлемін үлкейткім де келеді, – дейді кәсіпкер.
Асхат жақында антифриз өніміне «СТ-KZ» сертификатын алған. Аталған серти-фикат – тауардың Қазақстан аумағында өндірілгенін немесе өңделгенін растайтын құжат. Демек, өзімізден шыққан өнімді өзге де елдерге экспорттауға мүмкіндік бар.
