Kyzylorda-news.kz. Көктемнің алғашқы күнінде алғыс айтсақ, орта шенінде көрісу күнін қарсы алып, тіршілікке нәр берген шұғылалы мезгілдің кереметін сезіне түстік. Иә, қазақ халқы үшін көктем жаңа өмірдің бастауы іспетті. Сондықтан бұл мезгілді қазақтар ежелден ерекше тұтады. наурыз мерекесінен басқа көктемнің құрметіне арнап жасалатын көне наным-сенімдер негізінде қалыптасқан дәстүр мен амалдың бірі – «көрісу» күні, яғни «амал» мерекесі.

«Көрісу» немесе «Амал» мерекесі хақында не білеміз? Әсіресе еліміздің батыс өңірінде сақталып қалған бұл дәстүрдің тарихы бірнеше ғасырдан бастау алады. Сол уақыттан бері наурыз айының 14-і «Көрісу күні» болып белгіленген. Ал ұлттық мереке Наурызды халық «Көрісу» амалынан кейін тойлайды. 

Тарихшылар бұл айтулы күннің шығу тарихын былайша түсіндіреді. Төрт түлік малының жайын жасаймын деп ұлан-ғайыр даланың әр пұшпағын қыстап отырған көшпенді халық қаһарлы боранда бірінің үйіне бірі бара алмай, жүзін көре алмай, тек қар көбесі сөгіліп, күн ұзарып, көктем шыққанда ғана көріскен көзайым қуанышынан қалыптасып дәстүрге айналып кеткен деседі. Сондай-ақ тарихшылар «Амал» күнінің дәл 14 наурызда атап өтілу себебін де Шығыс елдерінің  күнтізбесінде наурыздың басталуы амал айының 1 жұлдызы болып есептелетінін, ал амал – Тоқты шоқжұлдызының ескі парсыша атауы екенін, Тоқты шоқжұлдызы күн мен түн теңелгенде туатынын, яғни осы күні амал кіріп және бұл мереке наурыз айының соңына дейін жалғасатынын айтады.

Бұл күні ағайын-туыс, көрші-көлем, ауыл-аймақ бір-бірінің үйіне кіріп сәлем беріп, құшақтасып көрісіп, мәре-сәре болып жатады. Әсіресе жасы кішілер үлкен шаңырақтағы қарт кісілерге арнайы барып, сәлем беріп батасын алса, балалардың өзі бір-біріне сый-кәде ұсынады. Иә, қанша уақыт өтсе де айтулы күнді атап өтудің маңызы артпаса, мерекенің бұл түрі өз құнын жоғалтпасы анық. Бұл сөзімізге өткен сан ғасырлар дәлел болары сөзсіз. Себебі «Амал» мерекесі немесе «Көрісу» күні – қазақ халқының ежелден келе жатқан мерекелерінің бірі. Бұл – халқымыздың ұлттық болмысын паш ететін, жастарға ұлағатты тәрбие беретін ұлық мереке. Бұлай дейтініміз көрісу, қауышу деген – қай заманда да, қай қоғамда да қасиетті ұғым, жақсылықтың, ізгіліктің нышаны. Бірі-бірін сыйлайтын, құрметтейтін, бірін-бірі сағынған адамдар ғана көріседі. Күнделікті өмірдегі бірі-бірінің ренішін кешіреді, өкпе-назын көтереді, ұмытады. 

Жалпы Наурыз мейрамы ежелден жаңару мен жасампаздықтың, ырыс пен берекенің арқауы болған. Көктің тынысын тыңдап, жердің тамырын басқан, тұрмыс-тіршілігін табиғатпен байланыстырған халқымыз наурызды жақсылықтың бастауы деп білген. Ежелгі тәуелсіз мемлекетіміздің қалыптасуымен бірге жаңғырған наурыз мейрамы көпұлтты Қазақстан халқы үшін сүйікті мерекеге айналып, бірлік пен ынтымақтың, саяси тұрақтылықтың нығаюының негізі болды. Бұл күн мен түннің теңелген күні, молшылықтың мерекесі елімізге береке, байлығын ала келсін. Қазақтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы, ұлттық ерекшелігі айқындалатын бұл мейрамды жыл сайын асыға күтеміз. Бір-бірімізге ақ тілек тілеп, ұлыс оң болсын, ақ мол болсын, қайда барсаң жол болсын деп алдағы келер күндерден ырыс пен молшылық, береке-бірлік, татулық пен шынайы мейірімділіктің ыстық ықыласын ақтаратын да осы – Наурыз мейрамы. Қашаннан халқымыз күн мен түннің теңелгенін жақсылыққа жорып, жыл басы деп санаған. 

Әдетте жұрт бар жақсысын мейрам күні көрсетеді, жаңасын иығына іледі, дәмдісін дастарқанға қойып, өнерін ортаға салады. Дәл бүгін салт-дәстүрлеріміздің жаңғыратын күні. Осының аясында Наурыз айының 14-і күні жалағаштықтар ерекше мән-маңызға ие «Амал» күнін қарсы алды. Мереке қарсаңында екі күн қатарынан Жалағаш кентіндегі орталық алаңда «Көне дәстүр күмбезі» атты мерекелік шара ұйымдастырылды. Ұлттық нақышта безендірілген сахна мен сән-салтанаты келіскен өнерпаздардың өнеріне, қойылымдарына куә болған аудан халқы «Амал» мерекесінің мән-маңызын тереңінен түсіне түсті. Алғашқы күні ауданға қарасты Аққұм, Жаңадария, Есет батыр, Еңбек ауылдық мәдениет үйлері «Сүйіндір» салтын сахналаса, Т.Жүргенов, Мәдениет, Аққыр мен Жаңаталап ауылдарының клуб ұжымы «Қазық майлау» салтының тарихы мен қолданыстағы маңызын қойылыммен жеткізе білді. 

Мәселен «Сүйіндір» салты бойынша келіншек босанғаннан кейін оның анасы кәде,  жорасын алып  әдейі  келуге тиіс.  Бұл – қалыптасқан  салт және  ананың міндетті парызы. Мұны  қызын  қияға  қондырған әр қазақ әйелі   білуге  және орындауға  міндетті.  Ана болған  өз баласының қасында болып, оған  рухани  күш беріп, сенім туғызып, күту жолдарын үйретеді, ақылшысы, сүйеніші, қамқоры болады. Құда-құдағиларының немерелі болған  қуанышына  ортақтасады,  нәрестеге  арнаған  бұйымдардың, сәлем-сауқатын ұсынады. Құрметті қонағы болады. Перзентті болған қызына  анасының  баруы  ежелден  келе жатқан жоралғы екенін  жұрт¬тың  бәрі де растайды.  Бізде осы салтты «сүйіндір» деп атады. 

Қазақта босанған жас анаға арналатын тағы бір жақсы салт – келінге қалжа жегізу екенін білеміз. Бұрынырақта келін босанған соң қырық күн бойы оны күтіп, күнде жақсы, құнарлы тағамдармен тамақтандырған. Сорпа ішіп, тамағының тойымды болуы қадағаланған. Мұны жаңа туған сәбидің де денсаулығын, сау болып өсуін ойлағаннан жасаған. Өйткені ана сүтінің құнарлы, құнарсыз болуы баланың денсаулығына тікелей әсер етеді.  Қалжаның күнделікті желінетін еттен айырмашылығы – ол жас босанған ана мен баланың сыбағасы. Қалжа, біріншіден, дүниеге келген нәрестенің құрметіне арналса, екіншіден, жас анаға дүниеге перзент әкелгені үшін арнайы сойылатын болған. Күнде келінге сорпасын ішкізіп, етін жегізіп отырғандықтан, жас босанған ана өзінің жоғалтқан күш-қуатын осы қалжа арқылы қалпына келтіреді. Босанғаннан кейінгі күтімге қалжаның тигізер пайдасы ұшан-теңіз. Қалжа жеп, жас сорпа ішкен келіншектің сүті де маңызды, құнарлы болады. Баланың тез ет алып өсуіне әсер етеді. Қалжаның келінге қырық күн бойы берілуін енесі қадағаласа, ал аудан жұртшылығы тамашалаған «Сүйіндір» салтын босанған жас ананың өз анасы орындайды. 

Орталық алаңда азан-қазан мерекелік көңіл-күймен, ұлттық салт-дәстүрлерді жаңғыртқан елді мекендердің мәдениет үйлерінің ұжымы ұлттық тағам «Наурыз көжеден» де дәм татырды. Жиылған жұртшылық тіршілік жаңарып, жақсылыққа бастайтын Ұлыстың Ұлы күнінің алғашқы көжесінен де ауызтиіп, ұмытыла бастаған дәстүрлердің маңызын тағы бір еске алды. Ел мерейін үстем еткен өнерпаздарға көрермендер ықыласы ерекше болды. Қазан асылып, жеті күлше таратылып, ұлттық дәм наурыз көже барша көрермендерге үлестірілді.
 

Тағы да оқыңыз: