Kyzylorda-news.kz Жалағаш ауданының әкімі Ардақ Ибраимовтың төрағалығымен актив отырысы өтті. 

Жиында 2024 жылдан бері аудандық полиция бөліміне басшылық жасап, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында нәтижелі жұмыс атқарған Баймағанбетов Мақсат Маратұлын басқа қызметке ауысуына байланысты шығарып салды.

Аудан әкімі Мақсат Маратұлының қызмет барысында атқарған жұмыстарына оң баға беріп, аудан тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы еңбегін атап өтті.

«Мақсат Маратұлы, аудандық полиция бөлімінің бастығы ретінде қоғамдық тәртіпті сақтау, құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алу бағытында жоғары нәтижелерге қол жеткіздіңіз. Мемлекет басшысының «Заң мен тәртіп» қағидатын орнықтыруға, қоғамдағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайтуға қосқан үлесіңіз айрықша. Қызмет атқарған кезеңіңізде полиция қызметкерлерін жаңа үлгідегі автокөліктермен қамтамасыз етуге және ауданда кіші жедел басқару орталығын құруға атсалыстыңыз. Ауданда атқарған жемісті еңбегіңіз үшін шынайы алғысымды білдіре отырып, алдағы жауапты қызметіңізге сәттілік, жаңа белестер мен толағай табыс тілеймін», – деді аудан әкімі А.Ибраимов.

Жиында Мақсат Баймағанбетовке Жалағаш ауданындағы нәтижелі еңбегі мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін ауданның ең жоғары наградасы «Жалағаш ауданының Құрмет грамотасы» табысталды.

Сондай-ақ, аудандық мәслихат төрағасы Өмірзақ Елеусінов пен аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Мәулен Өсер сөз сөйлеп, Мақсат Маратұлының қызмет барысында атқарған жұмыстарына тоқталып, жаңа қызметіне сәттілік тіледі.

Жалағаш актив отырысы 2.jpg

Тағы да оқыңыз: