Kyzylorda-news.kz. Соңғы жылдары Жалағаш ауданында ілкімді істер қолға алынып, жарқын жобалар жүзеге асуда. Бүгінде оның жемісін жергілікті тұрғындар көріп отыр. Қай саланы алып қарасақ та, атқарылған жұмыс аз емес. Әсіресе соңғы жылдары ауылдық елді мекендерде құрылыстың қарқын алғаны қуантады.
Иә, елдегі тұралаған мәселелердің шешіміне жұмыс жасау үшін 1 жыл көп уақыт емес. Десе де нәтижелі еңбек етіп, елдің талап-тілегіне бар мақсат-мүддесін арнаған азамат үшін аз уақыт та емес. Бұл сөзімізге соңғы 1 жылда Жалағашта атқарылған жұмыстар, шешімін тапқан күрмеулі мәселелер тұздық болары анық. Өткен жылдың 28 сәуірінде Асқарбек Есжанов Жалағаш ауданының әкімі болып тағайындалған. Алдымен ауданға қарасты барлық елді мекеннің тыныс-тіршілігімен танысып, тұрғындар тарапынан көтерілген әрбір мәселенің шешіміне әріптестерін жұмылдырды. Кейін мұның бәрі ауданның даму жоспарында қамтылып, қарапайым халықтың түйткілді мәселелері қаперге алынды.
Соңғы бір жылда ауылдағы ағайынның талап-тілегіне құлақ асқан Асқарбек Есжанов елді мекендердің инфрақұрылымын дамытып, көркейту-абаттандыру жұмыстарын да назардан тыс қалдырған жоқ. Сондай-ақ ауылдық округтерде ішкі көшелердің сапасына ерекше мән берілгенін аңғару қиын емес, бүгінде бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасын табуда.Атқарылған жұмыстар негізінен әлеуметтік саланы, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға, жаңа жұмыс орындарын құруға, аудан экономикасын әртараптандыруға бағытталған. Бастысы, нәтиже бар. Мәселен, ауданның 2022 жылғы бюджеті 11 млрд 662 млн теңге болып бекітілсе, қосымша бөлінген нысаналы трансферттер арқылы оның көлемі 14 млрд 291 млн теңгеге жетті. Ал ауданның жалпы түсімдері 14,1 млрд теңгені құрап, жоспар 100,3 пайызға орындалған.
Оның ішінде ауданның өз кірістері 1 млрд 979 млн теңгені құрап, жылдық жоспар 100,8 пайызға артық орындалған. Шығыстар жоспары 14 млрд 275 млн теңгеге орындалып, үнемделген қаржыларды қосқанда 99,9 пайызды құрады. Былтыр ауданда ауыз су желілерін жүргізу мен жабдықтау, көпірлер мен жол жөндеу, әлеуметтік нысандар құрылысы, газдандыру, көпқабатты тұрғын үйлерді күрделі жөндеу, абаттандыру жұмыстарын атқаруға бюджеттен 2 млрд 659 млн теңге қаржы бөлініп 30 жоба жүзеге асты. Оның ішінде ауыз су желілерін кеңейтуге, құрылысын бастауға 1 млрд 23 млн теңге бөлінді. Тиісті қаражатқа Мәдениет, Аққұм елді мекенінде су тарату жүйесін кеңейту, «Ақтерек» жер учаскесінің су ұңғымалары, су жинау-тарату кешенінің және сумен жабдықтау жүйесінің құрылысы жүргізілді. Биыл қосымша қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары әлі де жалғасуда.
Жол құрылысына келсек, Жалағаш ауданында жүзеге асқан жұмыс көп. Олай болатындай реті бар, себебі бұған дейінгі Асқарбек Темірбекұлының халықпен кездесулерінде әсіресе осы жол сапасына қатысты мәселе жиі көтерілген. Былтыр жалпы құны 760,9 млн теңгеге аудандағы 4 елді мекеннің 7 көшесіне күрделі жөндеу жүргізілді. Былтыр Еңбектегі 3 көшеге, Мырзабай ахун ауылының 2 ішкі көшесі, шалғайдағы Жаңадариядан 1 көше, Аққыр ауылындағы 1 көшеге және Мөрәлі Шәменов ауылындағы 9 көшенің сапасына мән берілді. Сондай-ақ Жалағаш кентіндегі Конституция пен Еңбек Ері Несіпбай Әпрезов атындағы көшелер де орташа жөндеуден өтті. Байқағанымыздай, жөндеуден өткен аудан орталығындағы 2 көшеден басқасының барлығы ауылдық елді мекендерге тиесілі. Көпірлерді жөндеу жұмыстарына келсек, Есет батыр ауылы бағытындағы оңтүстік коллектор көпірін қайта жаңғырту жұмыстары 149,5 млн теңгеге жүргізіліп, өткен жылы пайдалануға берілді.
Ауданға көгілдір отын келгелі тұрмыста газ тұтынатын жергілікті тұрғындар қатары артқан. Мұнан бөлек әлеуметтік нысандарды да көгілдір отынға қосу жұмыстары бір ізге түскен. Мәселен, былтыр 6 бюджеттік және әлеуметтік нысанның жылу жүйелері көгілдір отынға ауысқан. Бұл мақсатқа 135,7 млн теңге қаралды.Жалағашта электр желілерін дамыту және жарықтандыру бойынша да қыруар жоба қолға алынған. Жалпы құны 286,2 млн теңгеге Мөрәлі Шәменов ауылына кіреберіс аудандық маңызы бар автомобиль жолы, Жалағаш кенті, Қаракеткен, Аламесек, Аққұм елді мекендерінің ішкі көшелерін жарықтандыру, «Ақтерек» учаскесін электр желілерімен жабдықтау жұмыстары жүрігізілді. Абаттандыру жұмысарына келсек, 42,7 млн теңгеге Жалағаш кентінде балалар ойын алаңын қайта жаңғырту, орталық алаңды абаттандыру, Бұқарбай батыр, Аққыр, Аламесек, Мырзабай ахун елді мекендерінде спорт алаңдарын ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ былтыр 3 әлеуметтік нысанның құрылысын жүргізуге 304,6 млн теңге қаржы бөлінді. Бүгінде оның екеуі ел игілігіне берілсе, 1 нысанның құрылыс жұмыстары биыл аяқталады.
Мұнан бөлек былтыр демеушілер есебінен жалпы құны 42 млн теңгені құрайтын 6 ойын алаңы пайдалануға берілді. Жалпы ауданда демеушілер тарту арқылы жүзеге асқан жобалар да жоқ емес. Мәселен, «Сәт Сервис» ЖШС-ның демеушілігімен 12 млн теңгеге кент орталығындағы Қазыбек би көшесіндегі көппәтерлі тұрғын үйдің шатырын жаңалау жұмыстары жүргізілсе, тұрмысы төмен отбасылардың үйін көгілдір отынға қосу да қарқын алды.
Былтыр 8 млн теңгеге Ақсу, Қаракеткен, Мырзабай ахун, Темірбек Жүргенов, Есет батыр елді мекендеріндегі тұрғын үй секторларының электр желілерін жүргізуге, Кент орталығындағы 2 көппәтерлі тұрғын үйді күрделі жөндеуге жоба-сметалық құжаттар әзірленді, бұл бағыттағы жұмыстар демеушілер есебінен жүргізіліп, қаржыландыруға ұсынылған. Мұның бәрі Жалағаш ауданына өткен жылы жүзеге асқан жобалар. Тұралаған осынша шаруаны 12 айда ширату аздық етеді. Десе де сөз басында айтқанымыздай, аз ғана уақытты ұтымды пайланауға нақты мақсат, нәтижелі жұмыс сеп болғанын аңғару қиын емес.
Биыл да аудан экономикасын әртараптандыруда, елдің талап-тілегінен туындаған мәселелердің шешіміне жұмыс жасауда, салықтық түсімдерді орындауда, кәсіпкерлік саласын дамытуда біршама жоба жүзеге асады деп күтілуде. Бүгінде бұл бағыттағы жұмыстардың алды басталып кетті.
2023 жылы ауданның бекітілген бюджет көлемі 8 млрд 755 млн теңгені құраған. Жыл басынан түзету енгізудің нәтижесінде оның көлемі 9 млрд 402 млн теңгеге жеткен. Оның ішінде субвенция көлемі 3 млрд 777 млн теңгені құраса, ауданның жергілікті кірістер көлемі 1 млрд 907 млн, ағымдағы нысаналы трансферт 2 млрд 367 млн, даму трансферттері 1 млрд 215 млн теңге. Биыл әлеуметтік сала мамандарына тұрғын үй сатып алуға ел тайқазанынан 139,7 млн теңге бюджеттік несие бөлінген. Ал аудан бюджетінің шығысында бюджеттің әлеуметтік бағыты сақталып отыр. Халықты жұмыспен қамту шараларына және әлеуметтік төлемдеріне аудан бюджетінің 33,2 пайызы бағытталған.
Былтыр шілде айында Жалағаш ауданын дамытудың 2023-2025 жылдарға перспективалық іс-шара жоспары әзірленген болатын. Оған білім, денсаулық сақтау, құқық қорғау, мәдениет және спорт салаларын дамыту, жолдар мен ішкі көшелерді жөндеу, тұрғын үймен қамтамасыз ету және инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту, жарықтандыру мен абаттандыруға бағытталған жалпы құны 9,3 млрд теңге құрайтын 137 жоба енгізілген еді. Оның ішінде биылғы жылдың еншісінде 49 жоба бар. Ауданның перспективалық іс-шара жоспары елдің талап-тілегі негізінде жасалғанын ескерсек, алдағы уақытта да ауданда біршама мәселенің шешіміне жұмыс жасалатынын аңғару қиын емес.
Биыл жалпы құны 4,5 млрд теңгені құрайтын 30 жоба жүзеге асады. Қазіргі таңда бұл жобаларды іске асыруға ел қазынасынан 1 млрд 725,8 млн теңге, облыстық бюджеттен 2 млрд 655,3 млн теңге және аудандық бюджеттен 111,8 млн теңге бөлінді. Тарқатып айтсақ, жол құрылысына «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында аудандық маңызы бар Жаңадария бағытындағы жолды орташа жөндеуге 196 млн теңге, Аққыр бағытындағы жолды күрделі жөндеуге 664 млн теңге, Ақсу ауылына кіреберіс автомобиль жолын орташа жөндеуге 76,6 млн теңге бөлінді. Қазіргі таңда мердігер мекемелер анықталып, жөндеу жұмыстары басталып кетті.
Мұнан бөлек «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында Жалағаш кентінде 1 көшенің, Еңбек ауылында 3 көшенің, Бұқарбай батыр елді мекенінде 3 көшенің, Шәменов елді мекенінде 1 көшенің жөндеу жұмыстарына 558,9 млн теңге бөлінді.Биыл облыс қазынасынан қаралған жалпы құны 285,3 млн теңгеге Дәуімбай елді мекеніндегі 4 көшеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Алдағы уақытта облыстық бюджеттің нақтылауы барысында қосымша аудандағы 7 көшені жөндеуге 508 млн теңге қаралады деген жоспар бар.
Сағаның соңында орналасқан Жаңаталап пен Қаракеткен елді мекендеріне аяқ су мәселесі тұрғындардың егін егуіне қолбайлау болғанын осыған дейін халық айтқан. Есепті кездесуде аудан әкімі елдің мәселесін ертеңге қалдырмауға сөз берді. Тұралаған мәселе бұйыртса, биыл шешімін тапқалы тұр. Себебі бұл мақсатқа 82,6 млн теңге қаржы қаралған. Тиісті қаражатқа алдағы уақытта 5 техникалық су ұңғымасын бұрғылау жұмыстары жүргізіледі. Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу жұмыстары аяқталып, мердігер мекеме анықталып қойған. Аудан әкімі Асқарбек Темірбекұлының халықпен кездесулерінде Мырзабай ахун мен Аламсекек ауылдық округтерінде ауылдық емхана ғимаратына қатысты мәселені тұрғындар назарға салған. Өңір басшысы медициналық нысанның жай-күйімен танысып, расында елге емдік шаралар көрсетуге қолайсыз екенін ескерді. Биыл қос елді мекеннің халқы үшін қуанышты жаңалық болғалы тұр. 2023 жылы Мырзабай ахун ауылында жалпы құны 431 млн теңгеге, Есет батыр елді мекенінде 410,1 млн теңгеге дәрігерлік амбулатория құрылысы салынады. Қазіргі таңда облыстық құрылыс басқармасы арқылы мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүруде. Сонымен қатар Қаракеткен ауылындағы дәрігерлік амбулатория құрылысын бастауға жоба-сметалық құжаттарын әзірлеу үшін облыстық құрылыс басқармасына бюджеттік өтінім жолданған.
Ауданда әлеуметтік нысандардың жылу жүйесін көгілдір отынға ауыстыру биыл да жалғасады. Яғни жалпы құны 35,4 млн теңгеге 2 жоба жүзеге асқалы тұр. Олардың қатарында «Наркескен» спорт клубы мен аудандық кітапхана бар. Бұдан бөлек облыстық бюджеттің нақтылау нәтижесімен Ақсу, Мөрәлі Шәменов елді мекендеріне газ желісін тарту жұмыстарын бастауға 40 млн теңге бөлінеді деп күтілуде.
Аудандағы өзекті мәселелердің бірі – Жалағаш кентіндегі теміржол арқылы өтетін жаяу жүргіншілерге арналған аспалы көпір құрылысы. Олай дейтініміз, расында Дәуімбайдағы тұрғындардың кент орталығына қатынауында айтарлықтай кедергі бар. Кенттің қос бетін бөліп тұрған теміржолды кесіп өту тұрғындар үшін аса қауіпті. Бұл мәселе жергілікті халық тарапынан бірнеше әкімнің тұсында көтерілген еді. Биыл бұған Асқарбек Есжанов нүкте қойды. Яғни облыс қазынасынан қаралған 184,8 млн теңгеге елдің мәселесі шешілгелі тұр. Қазіргі уақытта нарықтағы темір металл бағасының 4-5 есеге қымбаттауына байланысты жобаға түзету жұмыстары жүргізілуде. Сараптама қорытындысымен құрылыс жұмыстары басталады.
Инфрақұрылым бойынша да биыл біршама жоба жүзеге асқалы тұр. Оған жалпы құны 946,6 млн теңге қаралған. Алдағы уақытта «Ақтерек» учаскесіндегі сумен, газбен жабдықтау жүйесінің құрылысы, Ақсу, Қаракеткен елді мекендеріндегі электр желілерінің құрылысы жүргізіледі. Қазіргі таңда мердігер мекемелер де анықталып, құрылыс жұмыстары басталып кетті. «Ақтерек» учаскесінде су жинау-тарату кешенінің, Аққұм, Мәдениет елді мекендерінде ауыз су желілерін кеңейту жұмыстарын аяқтауға 39,5 млн теңге бөлінді.
Ұлттық қор есебінен халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына коммуналдық тұрғын үй қорынан үй сатып алуға 480 млн теңге бөлінген. Бұл қаржыға ауданда жаңа 50 тұрғын үй сатып алынады. Елді мекендерді абаттандыру бойынша биыл жалпы құны 113,8 млн теңгені құрайтын 7 жоба іске асады. Оның ішінде биыл 125 жылдығы халықаралық деңгейде атап өтілетін қоғам қайраткері атындағы саябақты абаттандыру жұмыстары бар. Бұл мақсатқа қазынадан 67 млн теңге қаралған. Сондай-ақ Таң, Мақпалкөл, Далдабай елді мекендеріндегі балалар ойын алаңына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Елді мекендерде «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы арқылы тұрмыстық қатты қалдықтарды тастайтын полигонды қоршау, аяқ сумен қамтамасыз ету жұмыстары биыл да күн тәртібінен түспейді.
Сонымен қатар, аудан бюджет есебінен 10 елді мекеннің учаскелік полиция инспекторларын тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында 40,0 млн теңге бөлінді. Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүргізілуде.Елді мекендерде тұрғындармен кездесу барысында халықтың тарапынан көтерілген ұсыныстарды шешу мақсатында жалпы құны 13,9 млрд. теңгені құрайтын 36 жобаның жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, облыстық салалық басқармаларға бюджеттік өтінім ұсынылды. Оның ішінде Республикалық бюджеттің нақтылауында құны 2,2 млрд. теңгені құрайтын 9 жоба қалуда.
Бұдан бөлек облыстық және аудандық бюджет есебінен 110,9 млн. теңге қаржы бөлініп, 19 жобаның жоба-сметалық құжаттарын әзірленуде. Бұл жобалар, жолдар мен ішкі көшелерді жөндеуге, көпір құрылысына, ауыз су желілерін кеңейтуге, елді мекендердің көшелерін жарықтандыруға, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамытуға және мәдениет нысандарының құрылыстары мен күрделі жөндеу жүргізуге бағыттарған.
Ауданның негізгі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткішінде өсім бар. Бір жылда облыс бойынша Жалағаштың барлық салада алдыңғы қатардан көрінгені бұл сөзімізге тағы тұздық болары анық. Мәслене, өнеркәсіп өнімдерін өндіру өткен жылдың қорытындысымен 66,7 пайызға өсіп, 24,9 млрд теңгенің өнімі өндірілсе, биыл І тоқсанда өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда өнідірілген өнім көлемі 8 есеге артып, 9,6 млрд теңгенің өнімі өндірілді.Өңдеу өнеркәсібі шаруашылықтардың күріш ақтау есебінен былтыр 100,1 пайызға артып, 9,1 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Биыл 3 айда бұл көрсеткіш 3,6 есеге артып, 3,3 млрд теңгенің өнімі өндірілген. Жалағашта негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі былтыр 15 пайызға артып, 11 млрд 839 млн теңгені құраса, биыл алғашқы тоқсанда 6,2 есеге артып, 4,7 млрд теңге инвестиция тартылған.
Ауыл шаруашылығы өнімінің көлемінде де өсім жоқ емес. Бұл көрсеткіш 2022 жылдың қорытындысымен 26,3 млрд теңгеге орындалды. Ал 2023 жылдың 3 айында 1,6 млрд теңгенің ауыл шаруашылық өнімі өндіріліп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 2 пайызға артқан.
Былтыр Жалағашта 19 716 шаршы метрді құрайтын 136 тұрғын үй пайдалануға берілген. Ал биыл 3 айда тағы 4037 шаршы метрді құрайтын 21 тұрғын үй пайдалануға берілді. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 25,2 пайызға өсім бар.
Бөлшек сауда көлемінің айналымы бойынша жетістік жоқ емес. 2022 жылы бұл көрсеткіш 3 млрд 345,2 млн теңгені құрады. Осылайша меже 2,4 пайызға артса, биыл 3 айда 714,1 млн теңгені құрап, өткен жылдың 3 айымен салыстырғанда 100,9 пайызды құрады.
Құрылыс жұмыстарының көлемі 2022 жылдың қорытындысымен 5 млрд 577 млн теңгеге орындалып, өткен жылмен салыстырғанда 10,4 пайызға артқан. Ал биыл 3 айда 1,3 млрд теңгеге орындалып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 2,2 есеге артқан.
Кәсіпкерлік саласын дамыту елдегі тұралаған мәселелердің шешімін табуына қолғабыс болары анық. Аудан әкімінің салаға жауапты әріптестерінен оны ширатуға жұмыс жасауды талап ететіні де сондықтан. Сондай-ақ іс бастаймын деген азаматтарды қолдау шаралары Жалағашта күн тәртібінен түскен емес. Соның нәтижесі болар, ауданда шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуда атқарылған жұмыстар жемісін беруде. Былтыр ауданда шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 3084-ке жеткен. Оның ішінде нақты жұмыс жасап тұрғаны 23,8 пайызға артқан. Биыл 3 айда кәсіпкерлік субъектілерінің саны 3189 бірлікті құрады. Бүгінде оның 96 пайызы нақты жұмыс жасап тұр. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстарғанда тіркелген кәсіпкерлік субъектілерінің саны 28,4 пайызға артқан.
Жалағаш ауданында бұл саланың тың серпін алуы өңірдегі жұмыссыздық мәселесін тұсауға қолғабыс болып отыр. Мәселен, ауданда бүгінде жұмыс жасап тұрған кәсіпорындарда 4 643 адам жұмыспен қамтылған. Мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар аясында шағын және орта кәсіпті бастағандар, жұмыс жасап тұрған кәсібін әрі қарай дамытуға талаптанған азаматтардың өткен жылы 446 жобасы жалпы құны 3 млрд 212,9 млн теңге қаржылай қолдау тапты. Нәтижесінде 462 жаңа жұмыс орны ашылды. Биыл 3 айда 54 жоба 840 млн теңге қаржылай қолдау тауыпты.
Былтыр ауданда «СТ-KZ» сертификатына сәйкес антифриз өндірісі қолға алынған. Жоба құны – 15 млн теңге. Жеке кәсіпкер Асхат Ермекбаев 2022 жылы «Ұлттық жоба» аясында 5 млн теңге қайтарымсыз грант және 6 млн теңге жеңілдетілген несие алып, тәулігіне 1000 литр антифриз өндіріп, 5 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Жалпы құны 102 млн теңгені құрайтын «ID Senim» ЖШС-ның гемодиализ орталығы да бүгінде аудан халқының қажетіне жарап тұр. 11 адамды тұрақты жұмыспен қамтыған орталықтың негізгі қызметі диализге және трансплантацияға дейінгі ауқымды қамтиды және бүйрек ауруын емдеуге негізделген.
Бұдан бөлек «Адима» кәсіпорны «Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында картон қалдықтары мен макулатурадан эковата шығаруды қолға алған. Кәсіпкер полигон құрылысы үшін берілген уақытша жер учаскесінде жұмыс жасауда. Қазіргі уақытта цехта 2 адам жұмыспен қамтылған. Биыл «Серпін» аграрлы-индустриялды аймағында «Сыздық» шаруа қожалығының тәулігіне 60 тонна күріш ақтайтын зауыты жұмысын бастады. Зауыт құрылысына мемлекеттік қолдау шарасы ретінде 2,5 гектар жер телімі табысталған. Қазірті таңда цехта 8 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Тізе берсек, ауданның мұнан басқа да салаларында жүйелі жұмыс бар. Былтыр шаруасы шираған Жалағашта биылғы жылдың еншісіндегі жобалар да жоқ емес. Бастысы, оның барлығы елдің қажетіне жарап тұр. Әсіресе бізді аудандағы жол, электр жарығы, ауыз су сапасы, аяқ су секілді түйткілді мәселелердің шешімін тапқаны қуантады. Өңірдің даму жоспарынан елдің талап-тілегі тыс қалмайтын ауданның алдағы уақытта екінші тынысы ашылары анық.
