Kyzylorda-news.kz. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығына сәйкес, бүгінде әкімдер халыққа тоқсан сайын есеп беріп, елді мекен халқымен жақын болып келеді. Нәтижесінде жиі бұқарамен жүздесіп, шалғай жатқан елді мекендердің мәселесіне құлақ түріп, ауыл тұрғындарының ұсыныс-пікірлерін тыңдап, талқыға салу жақсы бір үрдіске айналды. Осы орайда Жалағаш ауданының әкімі Асқарбек Есжановтың халықпен кездесуі Бұқарбай батыр ауылында жалғасты.
«Ауылына қарап азаматын таны» демекші, біздің өңірге Асқарбек Есжанов басшылық еткелі ауданның, әсіресе ауылдық елді мекендердің дамуы едәуір ілгеріледі. Әлеуметтік-экономикалық даму, аудан халқының әлеуетін арттыру, инфрақұрылымды жетілдіру секілді мәселер күн тәртібінен түспеді. Кент, ауылдар келбетінің көркеюі, оның ішінде құрылыстың белең алуы аудан дамуының көрінісі деуге әбден болады. Соңғы жылдары бірнеше нысан пайдалануға берілсе, бүгінде сол нысандар ел игілігі үшін қызмет етуде. Әрине бұл жұмыстардың барлығы өңір келбетін арттырып, ел игілігі үшін жасалуда.
Аудандағы игі істердің қатарында кенттегі газдандыру жұмыстары да бар. Қазір кентті газдандыру жұмыстары толықтай аяқталып, жалағаштықтарға қуаныш сыйласа, енді міне, алдағы уақытта ауылдарға да көгілдір отын жеткізілмек. Осыдан-ақ ауданда жүйелі жұмыстың бар екенін аңғаруға болады. Сонымен қатар қажеттілігіне, мәселенің өзектілігіне қарай барлық ауылдық округтерде көшелер жөнделіп, жарықтандыру, абаттандыру жұмыстары кезең-кезеңімен атқарылуда. Қазіргі таңда Ақсу елді мекенін газдандыруға байланысты жоба қолдау тауып, 2023 жылдың бюджетіне қаржыландыруға енгізілді. Сондай-ақ М.Шәменов елді мекенін газдандыру үшін ЖСҚ әзірленіп, сараптамадан өткізілуде.
Тағы бір айта кететін жұмыстардың бірі ауылдық жерлердегі емхана, медпункттердің салынуы, сондай-ақ учаскелік полиция инспекторларының пәтермен қамтамасыз етілуі болмақ. Иә, құқық қорғау қызметкерлерінің ауылда жиі болмауы ауыл тұрғындары тарапынан мәселе болып көтеріліп жүрді. Ал өткен кездесуде аудан әкімі бұл мәселені тез арада шешетінін де жеткізген. Міне, осы жылы 10 ауылдық учаскелік полиция қызметкеріне пәтер берілетін болды. Оның ішінде Бұқарбай батыр ауылы да бар, қазіргі таңда қаржысы бөлінген. Осылайша бұл мәселе де аудан әкімінің ықпалымен толықтай шешілді.
Сонымен қатар жалпы құны 3 млрд 694,1 млн теңгені құрайтын 13 жоба жүзеге асырылады деп жоспарланып отыр. Атап айтар болсақ, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым бойынша 1 жоба, «Ақтерек» учаскесі 170 гектарға инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымның газ желілерінің құрылысы, жол құрылысы бойынша 7 жобаны жүзеге асыру күн тәртібінде тұр.
Жол жайы да көңіл көншітіп тұр. Жол құрылысы соңғы жылдары, әсіресе ауылдарда қарқын алып, сапасы сын көтермейтін бірқатар көшелер ой-шұқырдан арылды. Бұл ретте қажетті қаражат қаралып, ауылдардағы ішкі көшелер күрделі және орташа жөндеуден өтті. Тіпті елді мекендерді аудан орталығымен байланыстыратын жол да назардан тыс қалмады. Бұқарбай батыр ауылындағы негізгі жобалардың бірі 3 көшеге, яғни А.Құнанбаев, А.Төлеубаев, Бұқарбай батыр көшелеріне биыл жалпы құны 184,1 млн теңгеге күрделі жөндеу жүргізіледі.
Ауданға қарасты ауылдардың негізгі айналысатын кәсібі ауыл шаруашылығы екені белгілі, оның ішінде егін шаруашылығының үлесі басым. Осы ретте ауыл шаруашылығы саласы бойынша биыл орналастыратын дақыл өнімдерінің де болжамы белгілі болды. Ауданның ауыл шаруашылығы дақылдарының бекітілген сызбасына сәйкес, 2023 жылы 37052 гектарға егiс орналастыру жоспарланған. Оның ішінде негізгі дақыл күріш 19800, бидай 750, қант құмайы 70, арпа 70, соя 35, мақсары 520, сүрлемдік жүгері 700, сұлы 5, қант қызылшасы 2, жаңа жоңышқа 4850, ескі жоңышқа 7200, картоп 646, көкөніс 1108 және бақша өнімдері 1296 гектарға егіледі. Сонымен қатар ауылдың еңбекқор халқы үшін бақша дақылдарын орналастыруға арнайы 55 га жер дайындалып, үлестірілмек. Осы арқылы ауыл халқы қыстық азығын бақша егу арқылы жинап алуға ниетті екенін білдірді.
Айта кету керек, алдағы атқарылатын жұмыстардың ішіне Бұқарбай батыр елді мекенінің 16 көшесін жарықтандыру жұмыстары да кіріпті. Бұл ретте бүгінгі таңда жобалау-сметалық құжаттары әзірленіп, жобаның жалпы құны 170,2 млн теңгені құрап отыр. Жалпы, ауданда жыл көлемінде қолға алынған жобалардың саны отызға жуық, оның ішінде ауыз су, жол құрылысы, әлеуметтік нысандар, көпірлерді жөндеу, газдандыру, жарықтандыру, абаттандыру жұмыстары қам¬тылған. Бүгінде ауыз су желілері бойынша 4 жоба, жол құрылысы 9 жоба, газдандыру бойынша 4 жоба, жарықтандыру 4 жоба, абаттандыру бойынша 4 жоба жүзеге асқан.
Қорытындылай келсек, береке-ырысы бекем ауылда атқарылған жұмыс көп, шаруа да аз емес. Ең бастысы, осы сапарда әр адамның түпқазығы, рухының бесігі, тамыры тереңге жайылған қазақы дәстүріміздің қаймағы бұзылмаған батыр атындағы ауылдың ауызбіршілігінің мол екеніне көз жеткіздік.
