Kyzylorda-news.kz. ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің «Ұлттық жол активтері сапасы орталығы» РМК 2019 жылы атқарған жұмысының алғашқы қорытындыларын жариялады.

Мәлім етілгендей, орталық мамандары өткен жылы Қазақстан жолдарында 13 мыңға тарта тексеріс жүргізіп, 5 мыңнан астам әр алуан олқылықты анықтаған.

«2019 жылы орталық Шығыс Қазақстан, Павлодар және Қызылорда облыстарындағы жолдардың талапқа сәйкестігі тексерілді. Аталмыш жұмыстардың нәтижесінде жергілікті маңыздағы «Майқайың-Екібастұз» және «Жалағаш-Жосалы» жолдары стандарттарға сай еместігі анықталды», – делінген хабарламада.

Сонымен қатар Ақмола облысына қарасты Қосшы кентінде ұйымдастырылған рейдке қоғам белсенділері, республикалық арнайы мониторингтік топ пен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері тартылған. Тексеріс барысында түрлі кемшіліктер анықталып, техникалық қадағалау, субмердігерлік және жобалық ұйымдардың мамандарына әкімшілік айыппұл салынды.

Еске салайық, «Ұлттық жол активтері сапасы орталығы» ҚР Үкіметі Қаулысының негізінде 2019 жылы 16 «Облжолзертхана» РММ біріктірілуі арқылы құрылған болатын. Орталықты құрудағы мақсат – республикалық маңызы бар жолдардың ғана емес, жергілікті жол желісінің сапасын тексеру, жол активтерін басқару, жол қауіпсіздігі деңгейін мониторингтен өткізу, жаңа технилогиялар мен материалдарды енгізу. Биыл аталмыш кәсіпорын Қазақстан жолдарының сапасын бақылау шараларын күшейте түспек.

Тағы да оқыңыз: