Kyzylorda-news.kz Сексен бес жылдық тарихы бар Жалағаш ауданында соңғы жылдары жарқын жобалар жүзеге асып келеді. Әсіресе ел ағаларының қолға алған әрбір бастамасының бүгінде ел игілігін көріп отыр. Соның арқасында ауданда, әсіресе ауылдық елді мекендерде тұралаған мәселелер шешімін табуда. 

Биыл 9 айда жоспарланған макроэкономикалық көрсеткіштерде де өсім қалыптасқан. Тарқатып айтсақ, өнеркәсіп өнімдерін өндіру 29,4 пайызға артып, 29 млрд 362 млн теңгенің өнімі өндірілді. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібі шаруашылықтардың күріш ақтау және «Өркен Әлем» ЖШС-ның өндірген өнімі есебінен 241 пайызға артып, 9 млрд 559 млн теңгенің өнімі өндірілді. Былтыр 9 айлықта бұл көрсеткіш 5 млрд 656 млн теңгені құраған. Осыдан-ақ өнеркәсіп өнімдерін өндіру бір ізге түскенін аңғару қиын емес. 

Биыл негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемінде де өсім қалыптасты, яғни 14 млрд 461 млн теңгені құрап отыр. Ал  2023 жылы 9 айлықта бұл көрсеткіш 12 млрд 148  млн теңгені құраған. Жалпы қай саланы алып қарасақ та Жалағаштың шаруасы ширағанын аңғару қиын емес. Ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 20 млрд 659,4 млн теңгені құрады. Тұрғын үй көлеміне келсек, 17 523 шаршы метрді құрайтын 112 тұрғын үй пайдалануға берілді. Бөлшек сауда көлемі 2 816,8 млн теңгеге жетті. Құрылыс жұмыстарының көлемі 163,8 пайызға орындалып, 7 млрд 991,8 млн теңгені құрады.

Аудан бюджетінің жалпы түсімдер жоспары 102,7 пайызға орындалып, 8 601,7 млн теңгені құрады. Оның ішінде жергілікті кірістер есепті кезеңде 1 млрд 604,1 млн теңгені құрап, жоспар 112,8 пайызға орындалған. Биыл қазанда аудан бюджетінің шығыстар жоспары 99,9 пайызға орындалды. 1 197 900 центнер күріш жиналды.

Аграрлық ауданның егін саласында өзіндік орны бар. «Қызылорданың Қостанайы» деген аттың жайдан-жай берілмегенін жыл сайын жалағаштық диқандар ерен еңбекпен дәлелдеп келеді. Биыл да бұл саланы егінші қауым жоғары нәтижемен қорытындылады. 37 218 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын еккен жа-лағаштықтар мол табысқа кенелді. 19 800 гектар күріш толық жиналып, әр гектардан 60,5 центнерден өнім алды.

Сырдың басты дақылы болғасын күрішке арнайы тоқталып отырмыз. Болмаса ауыл шаруашылығы дақылдарының басқа да түрлерінен межеден артық өнім алынды. Бүгінге дейін бидай, арпа, сұлы, қант құмайы, мақсары, картоп, көкөніс, бақша дақылдары толық жиналды. Тарқатып айтсақ, 129 гектар күздік бидайдың әр гектарынан 13 центнерден, 770 гектар жаздық бидайдың әр гектарынан  9 центнерден, 665 гектар мақсарының әр гектарынан 8,7 центнерден, 200 гектар қант құмайының әр гектарынан 41 центнерден, 40 гектар арпаның әр гектарынан 8,2 центнерден, 5 гектар сұлының әр гектарынан 12,8 центнерден, 188 гектар картоптың әр гектарынан 177 центнерден, 1113 гектар көкөністің әр гектарынан 195 центнерден, 1300 гектар бақшаның әр гектарынан 230,5 центнерден өнім алынды. Нәтижесінде Жалағаш кешегі «Алтын дән» мерекесінде «Ең үздік аудан» номинациясына ие болды.

Шаруашылықтар техника паркін жаңартуға ден қойды, әлбетте еңбек өнімділігін арттыруда бұл ерекше маңызға ие. Мәселен, биылдың өзінде 1 млрд 670,6 млн теңгеге 26 ауыл шаруашылығы техникасы алынған. Кешегі күзгі дала жұмыстарына ауданда 1027 ауыл шаруашылығы техникасы жұмылдырылды. Оның ішінде 431 трактор, 249 комбайн, 124 жатка, 58 жүк көлігі, 165 трактор тіркемесі бар.

Салада серпін бар

Бұрын Жалағаш кәсіпкерлік саласы ақсап тұрған аудандар қатарында еді, бүгінде жергілікті жұрттың кәсіп бастауға ынтасы артқан. Демек, әлеуеметтің әлеуетін көтеретін негізгі сала екеніне елдің толық көзі жетіп отыр. Міне, біз аудан кірісінің еселенуін, жұмыссыздық мәселесін тұсаудағы нәтижелі жұмысты, саланың алға басуымен байланыстырамыз. Әсіресе ауылдағы ағайын шаруаны ширатуда мемлекеттік бағдарламаларды тиімді пайдалануда.

Ауданда биыл 3011 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Оның 95,5 пайызы нақты жұмыс жасап тұр. Былтыр ауданда «Байқоңыр ӘКК» ҰҚ» АҚ арқылы мал шаруашылығы, өндіріс, қызмет көрсету, өсімдік бағытындағы 179,7 млн теңгені құрайтын 22 жоба қаржыландырылған. Нәтижесінде 33 жаңа жұмыс орны құрылды. Биыл «Байқоңыр ӘКК» ҰҚ» АҚ арқылы «Ауыл аманаты» жобасы аясында қаржыландыруға ауданда 318,3 млн теңгені құрайтын 49 жобаның құжаттары әзірленген. Оның ішінде 85,8 млн теңгені құрайтын 15 жоба комиссияда қаралып, 60 млн теңгенің 11 жобасы мақұлданған. Нәтижесінде ауданда жаңадан 11 жұмыс орны құрылады. Бұдан бөлек 115,1 млн теңгені құрайтын 19 жобаның құжаттары жинақталуда.

Жол сапасы жақсарған

Иә, ауданда соңғы 2-3 жылда жол құрылысы қарқын алып, елдің талап-тілегі ескерілгенін жақсы білеміз. Әсіресе бізді ауылдық жерлерде жол сапасына жіті мән берілгені қуантады. 

Ауданның автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 240,9 шақырымды құ-райды. Оның 50 шақырымы республикалық, 60,6 шақырымы облыстық, 130,3 шақырымы аудандық маңызы бар автомобиль жолдары.

Аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының 113,7 шақырымы, яғни 87,3 пайызы жақсы және қанағаттанарлық жағдайда, 16,6 шақырымы қанағаттанарлықсыз жағдайда. Биылдың өзінде жол сапасын жақсартуға 1 млрд 291,4 млн теңге қаралды. 305,1 млн теңгеге Мөрәлі Шәменов ауылына кіреберіс аудандық маңызы бар автомобиль жолына жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қазіргі таңда асфальт төсеу жұмыстары толығымен аяқталды. Бір жылда осы ауылдың 10 ішкі көшесіне асфальт төселген.

Жалпы ауданда ұзындығы 239,4 шақырымды құрайтын 222 ішкі көше бар. Оның 186,6 шақырымы, яғни 78 пайызы қанағаттанарлық, 52,8 шақырымы қана-ғаттанарлықсыз жағдайда. Биыл 4 елді мекеннің 27 ішкі көшесі жөндеуден өтуде. Яғни Аққұмда 10, Есет батырда 5, Бұқарбай батырда 11, Таңда 1 көшенің сапасына мән берілді. Аққұмдағы 8,4 шақырымды құрайтын 10 көшенің күрделі жөндеу жұмыстарына 457,1 млн теңге қаралған. Оның ішінде биыл жобаны толық аяқтауға 286,8 млн теңге бөлінді. Қазіргі таңда жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Есет батыр ауылының 5 көшесін күрделі жөндеуге облыстық бюджеттен 545,8 млн теңге қаралды. Қазіргі таңда асфальт төсеу жұмыстары толығымен аяқталды. Мердігер мекеме алдағы айда жол құрылысын толық аяқтамақ. Таң ауылындағы екі пәтерлік 10 тұрғын үйге көше жарығы бар автомобиль жолын салу жұмыстарына облыстық бюджеттен 105,7 млн теңге қаралды. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары толығымен аяқталып, нысанды қабылдау жұмыстары жүргізілуде. Бұқарбай батыр ауылындағы 11 көшенің құрылысы да қарқын алды. Жалпы құны 403,1 млн теңгені құрайтын жобаның жуырда ел толық игілігін көрмек.

Ауданда биылғы жобаларды толығымен аяқтауға 1 млрд 800,6 млн теңге қажет. Бүгінде жалпы жол жөндеу бағытында құны 5 млрд 773,3 млн теңгені құрайтын 20 жобаны қаржыландыру үшін облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына бюджеттік өтінімдер тапсырылған.

Қос ауылға газ келді

Естеріңізде болса, осыдан үш жыл бұрын Жалағаш кенті газға қосылған. Қазіргі таңда Жалағаш кентіндегі 2 952 тұрғын үй, 17 әлеуметтік, 131 кәсіпкерлік нысан, Ақсу ауылындағы 92 тұрғын үй орталықтандырылған газ желісіне қосылған.

Жалағаш ауданында 7079 отбасы болса, соның бүгінде 43 пайызы көгілдір отын тұтынады. Елді мекендерді газдандыру мақсатында барлығы 1086,2 млн теңге бөлінген. Тарқатып айтсақ, Мөрәлі Шәменов елді мекенін газдандыру жұмыстарына 649,1 млн теңге қаралды. Былтыр облыс қазынасынан 63,8 млн теңге бөлініп, нәтижелі жұмыстың арқасында бөлінген қаржы толығымен игерілді.  Биыл Ұлттық қордан 100 млн теңге, облыстық бюджеттен 485,3 млн теңге қаралды. Қазіргі таңда құрылыс монтаждау жұмыстары аяқталып, бөлінген қаржы толығымен игерілген. Бүгінде нысанды қабылдау жұмыстары жүргізілуде. Жалпы бұл ауылда 1003 адам бар, демек алдағы уақытта 300-ге жуық отбасы көгілдір отынның игілігін көреді.

Ақсу елді мекенін газдандыруға 517,4 млн теңге қаралған. Былтыр облыстық бюджеттен 20 млн теңге бөлініп, газ құрылысы басталған. Биыл құрылыс монтаждау жұмыстарын жалғастыру үшін Ұлттық қордан 100 млн теңге, облыстық бюджеттен 397,4 млн теңге бөлінді. Қазіргі таңда құрылыс монтаждау жұмыстары толығымен орындалып, қаралған қаржы толық игерілген. Тіпті нысан пайдалануға берілді. Жалпы бұл ауылда 1 674 адам бар, осылайша 200-ден астам отбасының көгілдір отынның игілігін көруіне жағдай жасалып отыр.

Ауылдарды газдандыру жалғасуда

Елді мекендерді табиғи газ желісіне қосуды жалғастыру мақсатында Қаракеткен, Далдабай елді мекендерін газдандыру жұмыстарына демеушілік есебінен жобалау-сметалық құжаттар әзірленген. Жобаны қаржыландыру үшін облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына бюджеттік өтінім ұсынылды. Жоба құны – 1 млрд 148,7 млн теңге. Сонымен қатар Бұқарбай батыр елді мекенін газдандыру үшін жобалау-сметалық құжаттары демеушілік есебінен әзірленіп, мемлекеттік сараптамаға жолданды.               

Аудан орталығындағы әкімшілік ғимараттар мен әлеуметтік нысандарды табиғи газға ауыстыру мақсатында биыл бюджеттен 68,4 млн теңге бөлінді. Тарқатып айтсақ, Жалағаш кенті әкімі аппаратының қазандығы табиғи газ желісіне қосылып, пайдалануға берілді. Жобаның жалпы құны 6,2 млн теңгені құрайды. Жалағаш аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің қазандығын табиғи газ желісіне қосу жұмыстарына 19,4 млн теңге қаралды. Бүгінде бұл нысан да көгілдір отынға қосылған. Мұнан бөлек №123 мектеп-лицейін, №246 орта мектебін табиғи газға ауыстыру жолымен қазандықты реконструкциялауды жүзеге асыру жұмыстары аяқталып, нысандар толық пайдалануға берілді.

Жалпы 85 жылдық тарихы бар іргелі ауданда ілкімді жобалар жүзеге асуда. Барлық жобаның құрылыс сапасы аудан әкімі Ардақ Ибраимовтың тікелей қада-ғалауында. Болашақта жұрт игілігін көруі үшін әрбір жобаның өміршеңдігі маңызды екенін Ардақ Әбдіғаппарұлы әріптестерінің де қаперіне салып отыр. Біздің көңі-лімізден шығатыны – соңғы жылдары қолға алынған жобаларда ел ішінде тұралаған мәселелердің қамтылуы. Бірінші кезекте елдің талап-тілегі ескерілсе, қалғаны кезең-кезеңімен шешімін табатыны сөзсіз. 

 

Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ

Тағы да оқыңыз: