Kyzylorda-news.kz. Отыз екі тістің адам денсаулығы үшін үлкен рөл атқаратынын дәрігерлер айтып келеді. Ал жапондарда «тісі түгел адам – ең бай адам» деген түсінік қалыптасыпты. Расында тіс – адам ағзасының маңызды бөлігі. Экологиялық тепе-теңдіктің бұзылуынан, күнделікті тұтынатын тағамдарымыздағы түрлі жасанды, зиянды қоспалардың зардабынан туындаған тіс ауруының да түрі көбейген. Қысқасы, қазірде тісі ауырмайтын адам аз. Кішкентай баладан, қолына таяқ ұстаған қарияға дейін тіс дәрігерінің есігін күзетіп, ұзынсонар кезекте тұрады.
Жалпы, Жалағаш ауданында бірнеше тіс емханасы жұмыс істейді. Бірақ, таяуда солардың қатары тағы да бір медициналық нысанмен толықты. Аудан орталығында «Нариман-ДЕНТ» деп аталатын жаңа тіс емханасы ашылып, бүгінде өңір тұрғындары тісін емдеуде.
Тұрғындар жаңа нысанның ашылғанына қуанса, ақсақалдар халыққа қызмет көрсетуге талап қылған жас дәрігерге алғысын жаудырып, батасын беруде. «Нариман-ДЕНТ» тіс емханасы қажетті заманауи медициналық құрылғылармен жабдықталған. Соның ішінде зақымдалған тістің түбіріндегі жүйке талшықтарын көріп, ауруды анықтайтын заманауи рентген аппаратын айырықша атап айтуға болады.
Аталған тіс емханасы қызметкерлерінің айтуынша, аудандағы тіс емханаларында рентген аппараты жоқ екен. Сол себепті бұрын дәрігерлер тісін емдетуге келген науқастардың қызыл иегіндегі зақымы күрделілеу болса, алдымен облыс орталығына рентгенге түсіп келуге жібереді екен. Енді бұдан былай тіс жұлдыру немесе емдету үшін науқастар екі ортаға сабылмайтын болды.
«Біздің басты мақсатымыз халыққа сапалы стаматологиялық қызмет көрсету. Яғни біз үшін адамның денсаулығы алдыңғы орында. Мен бұл жұмысты бастарда көп ойландым. Себебі біздің мамандығымызда адам денсаулығының, тіпті өмірінің жауапкершілігі бар. Бұл ең алдымен жан тазалығын, адалдықты, білімді, біліктілікті, сақтықты талап етеді. Алайда мамандығым тіс дәрігері болған соң көп ойланып тәуекелге бардым. Біздің емханада ауырған тістерді жұлады, түрлі әдістер арқылы емшаралар жасайды және ұзақ жылдық кепілдікпен жасанды тіс салады. Сонымен бірге біз науқастарға тіс күтімі және ауыз қуысының саулығын сақтау жөнінде ақысыз, яғни тегін кеңес береміз. Айта кету керек, кез келген кәсіп иесі әлеуметтік немесе спорттық, медициналық нысандарды ашқанда жұмыссыздық санын азайтуды да қаперінен шығармауы тиіс. Мен әзірге кесімді жалақыға жұмыс істейтін бір медбике және бір техникалық қызметкер алып отырмын. Жұмысты жеке қаржыммен бастадым, алдағы уақытта мемлекеттен қолдау болса, емханамызды ұлғайтып, қызметкер санын 10 адамға көбейтуді мақсат етіп отырмын», – дейді «Нариман-ДЕНТ» емханасының тіс дәрігері Біржан Смайылов.
Айта кетейік, Біржан Смайылов Қызылорда қаласындағы медициналық колледждің тіс емдеу ісі бөлімін және Алматы қаласындағы Қаныш Сәтбаев атындағы технологиялық университетін бітірген. Медициналық мамандығы бойынша бес жыл жұмыс өтілі бар тәжірибелі, білікті маман.

