Kyzylorda-news.kz. Өңірдің дамуы көш соңында емес. Қай салада болсын мүмкіндігіне қарай ілгерілеушілік байқалады. Әсіресе аудандағы жол жайы көңіл қуантарлықтай. Халықтың көкейінде жүрген мәселелер ескеріліп, автомобиль жолдары, елді мекенаралық жолдар жөндеуден өтуде. Кезең кезеңімен жүзеге асып жатқан бұл жұмыстар биыл да жалғасын табуда.

Кент орталығындағы М.Шәменов көшесінің күрделі жөндеу жұмыстары да қолға алынып, бүгінгі таңда «Қызылорда жолдары» ЖШС мердігер мекемесі жұмыстың 90 пайызын аяқтаған. Ауа райының аптап ыстығына қарамастан жолшылар көшедегі жұ¬мысты тоқтатпаған. Құрылыс барысы қарқынды. Шыны керек, жаңарған жолға қарасаңыз, көз тойып, көңіл марқаяды. Теп-тегіс асфальт, екі жағындағы ені 1,5-2 м болатын жаяу жүргіншілерге арналған жол да сапалы жасалып, тас кеспекше орналастырылған. Жалпы, асфальттың қалыңдығы төселген құм-тасымен есептегенде 15 см болса, ал асфальттың өзі 7-8 см қалыңдықта төселген. Сонымен қатар көшенің ортасынан өтіп жатқан арыққа темірден 28 көпір орнатылмақ, яғни жаяу жүргіншілердің жүріп тұруы да жеңілдейтін болады. Асфальттау жұмыстары аяқталған соң жол белгілері орнатылып, асфальт жиегіне тас төселеді. Көше құрылысына 50 шақты жұмысшы тартылған, олар дың барлығы – ауданның жұмыссыз тұрғындары. Осы көшенің құрылысы толық аяқталса, мердігер мекеме кенттегі Мысық би көшесіне жөндеу жүргізбек.

Иә, көше тұрғындары да жолдың күрделі жөндеуден өтіп жатқанына қуанышын жасырмады.  – Жасыратыны жоқ, кент орталығында тұрсақ та, соңғы жылдары көшеміздің сапасы төмендеп кеткен еді. Енді міне, жаңа асфальт жабындысы төселіп жатыр. Көшеміздің ажары кіріп қалды. Қуанышымызда шек жоқ. Аллаға шүкір, азаматтарға да ризамыз. Өңір басшысына да өкпе жоқ. Мына жолды көріп, мәз болып отырмыз, – дейді кент тұрғыны Назира Кенжеғараева. Сапалы болатынындай бар, өйткені мердігер мекеме жол жөндеудің барлық ережелерін сақтап, жұмыс жүргізуде. Алдымен ескі асфальтты сүріп, жолды тегістеп алды. Содан соң жолдың бетіне бірінші топырақ жайып, кейін бетіне қиыршық тас төселді. Осы жұмыс аяқталған соң ғана асфальт төсеу жұмыстарын бастаған. Сондай-ақ сүріліп алынған ескі асфальттың ұнтағы да пайдаға асырылып, жолдың екі жағына төселген.

– Бүгінгі таңда жол құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Көріп тұрғаныңыздай, жол бойында арнайы техника мен құрылысшылар тынымсыз тер төгуде. Жұмыстың 80 пайызы ауыр болғандықтан, барлық істерді техникамен еңсердік. Ал қолмен атқарылатын жол шетіндегі жолақты толығымен орнатып біттік десе де болады. Бүгінге дейін жол құрылысының 90 пайызын аяқтап, қолданысқа беріп те үлгердік. Алдағы уақытта ауа райы кері әсерін тигізбесе, жоспарланған жұмысты екі аптаның ішінде аяқтаймыз деген ойдамын, – дейді «ОрдаАвтодор» ЖШС бригадирінің көмекшісі Сырым Бисенов.

Иә, өңірімізде кейінгі жылдары жол құрылысы қарқын алғанын жалағаштықтар жақсы біледі. Былтыр да бұл бағытта ауқымды жұмыстар атқарылып, 9 жоба жүзеге асқан болатын. Сондай-ақ кенттегі 2 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген еді. Қазіргі таңда М.Шәменов көшесінен бөлек аудан орталығындағы І.Нұркенов, А.Қазыбеков, А.Бектібаев, Желтоқсан көшелері де асфальтталды. Сонымен қатар кент тұрғындарының ұсынысына сәйкес Өмірбай шешен көшесі Мырзалиевтен Қалыбаев көшесіне дейін кеңейтіліп, тас төселген. Ал Сәрке батыр көшесінің тұйығында тұратын халықтың тілегі орындалып, көшеге тас төсеу жұмыстары жасалған.

Жалпы алғанда, ауданда атқарылып жатқан жұмыстар көп. Әр ауыл-аймақта қарапайым халық үшін жасалып жатқан істер көңіл қуантады. Автокөлік жолдарын жөндеу, алдымен темір тұлпар тізгіндеген тұрғындарға қолайлы болатыны сөзсіз. Осындай жағымды жаңалықтар мен игі бастамалар көп болса, ауданымыздың әлеуеті артатынына сенім мол.

Тағы да оқыңыз: