Kyzylorda-news. Өнегелі отбасы – елдің тұтқасы! Жарасымды жанұя мен ізгілікті қасиеттерге толы әулет қашан да көпке үлгі. Жарасымды жанұя құрып, өнегелі өмір сүрудің үлгісін танытатын, қазақтың қарашаңырағының қошеметі мен қадіріне қыл жуытпай, тағылым талабымен танылып келе жатқан отбасылардың тұрмысын таразылап, құрмет биігіне шығаруға бағытталған «Мерейлі отбасы - 2023» ұлттық конкурсының аудандық кезеңі де өз мәресіне жетті.
Ежелден-ақ дана халқымыз «Отан отбасынан басталады» деп, қоғамдағы отбасының құндылығына ерекше назар аударған. Мықты мемлекеттің қалыптасуы үшін әрбір үйдің, әрбір шаңырақтың береке бірлігі жарасымды, ынтымағы ырысты болуы керек. Үлкенге ізет көрсету, кішіге құрмет қылу – қазақ тәрбиесінің алтын діңгегі. Ықылым заманнан қазақ ұғымында отбасының орны ерекше.
Елімізде «Отбасы» күні – қыркүйек айының екінші жексенбісінде аталып өтіледі. Бұл күнді атап өтудегі мақсат – мемлекетіміздің мызғымас қазығы болып табылатын отбасы институының имиджін арттыру, қоғам назарын отбасына аудару, отбасындағы зорлық-зомбылық жағдайларын болдырмау болып табылады. Еліміздегі отбасы құндылықтарын насихаттау мақсатында жыл сайын, дәстүрлі «Мерейлі отбасы» байқауы өткізіліп келеді. Байқау – ауыл аймақтан басталып, облыстық, республикалық деңгейде ұйымдастырылады. Осы тұста Жалағаш ауданының орталығында «Мерейлі отбасы – 2023» ұлттық конкурсының аудандық кезеңінің жеңімпаздары мен облыстық «Үлгілі елді мекен» конкурсының жеңімпаздары марапаттау үшін салтанатты шара өтті. Осы күнге дейін мерейі асқан отбасыларды насихаттауға арналған байқауға 90-ға жуық отбасы өтінім берген. Соның 22-сі облыстық кезеңге жолдама алған. Өмірлері өнегемен өрілген отбасылар құрмет төрінен көрінген шарада аудан әкімі Асқарбек Есжанов отбасы құндылықтарын насихаттауда аталған байқаудың маңызы зор екенін жеткізді.
– Біз – ата-анасын ардақтап, қариясын құрметтей білетін, отбасын Отанның тірегіне санайтын елдің ұрпағымыз. «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының аудандық кезеңінде белсенділік танытып, қатысқан әр отбасыға шынайы алғысымды айтамын. Баршаңызды бүгінгі мерейлі мерекемен тағы да құттықтай оты¬рып, әр шаңыраққа шаттық, бақ-береке тілеймін, – деген аудан әкімі.
Мұнан соң жеңімпаз атанған отбасыларға бағалы сыйлықтар мен арнайы дипломдар табыстады. «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының аудандық іріктеу кезеңінің қоры-тындысы бойынша бас жүлдені Жаңадария ауылындағы бірлігі мен берекесі жарасқан Тұрсынбековтер отбасы иеленді. Мерейлі отбасының ақсақалы Күмісбай Тұрсынбеков өзінің саналы ғұмырында елге қызмет етіп, «ССР ауыл шаруашылық министрлігінің төсбелгісімен, Құрмет грамоталарымен марапатталған. Өмірлік жары Бақтыгүл Ақпанбетова да 8 бала дүниеге әкелген «Алтын алқа» иегері, 23 немере, 3 шөбере өрбіткен өнегелі әулет. Ал мерейлі отбасылардың конкурсында жалағаштық Ералиевтер әулеті жүлделі І орын, Жалағаш кентінен қатысушы Ержановтар әулеті ІІ орын, ал ақсулық Алдабергеновтер отбасы жүлделі ІІІ орын алды.
Ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрып қағидаларын ұстана отырып, өнегелі құн-дылықтарды, елжандылық қасиеттерді балаларының бойына дарытып келе жатқан бұл шаңырақ иелері бұған дейінгі жеңімпаз отбасылардың қатарын толықтырды. Ал бас жүлде иегері атанған Тұрсынбековтер отбасы байқаудың облыстық кезеңіне жолдама алды. Сонымен бірге салтанатты шарада байқауда белсенділік көрсеткен, ұлттық құндылық пен мол мұраларымызды, дәстүр жалғастығымыздың желісін үзбей келе жатқан отбасылар арнайы номинациялармен марапатталды. Олардың қатарында «Өнегелі отбасы» Мырзабай ахун ауылынан Әлімбаевтар әулеті, «Ұлағатты отбасы» Еңбек ауылынан Өржановтар жанұясы, «Парасатты отбасы» Бұқарбай батыр ауылынан Сайділдаевтар әулеті, «Үлгілі отбасы» мырзабайлық Осмахановтар жанұясы, «Берекелі отбасы» М.Шәменов ауылынан Ақмырзаевтар әулеті бар.
Мерекелік шара мұнан ары облыстық «Үлгілі елді мекен» конкурсының жеңімпаздарын марапаттау рәсіміне ұласты. Айта кетейік, аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың қолдауымен өткізілген облыстық «Үлгілі елді мекен» конкурсында «Үздік ауыл» номинациясы бойынша ІІ орынды Таң ауылы иеленген болатын. Облыс бойынша үлгілі ауыл атанған, тірлікпен түлеген Таң ауылының арнайы жүлдесін табыстаған аудан басшысы Асқарбек Темірбекұлы Отанды сүю отбасынан басталатынын, ауланың тазалығы ауылдың, ауданның тазалығы екенін жасырмады.
Үздік үштіктен көрінген Таң ауылының жүлдесі жаңа жер қазатын трактор және тіркемесі. Осы тұста айта кету керек, Таңда анау айтарлықтай мәселенің жоқтығын кіреберістен-ақ бірден аңғаруға болады. Мұнтаздай таза көшелер мен жасыл-желектің, түрлі-түсті заманауи үлгімен салынған қоғамдық маңызы бар нысандардың ауыл ажарын арттырып тұрғаны тағы бар. Осындай игі іс пен ауылдың түлеуіне күш салып келе жатқан «Таң ЛТД» ЖШС мен ауыл әкімінің іскерлігін көпке үлгі қылуға әбден болады.
Сонымен бірге орталық алаңда өткен салтанатты шарада кент және ауылдық округтердегі санитарлық тазалықты сақтап, көркейту-көгалдандыру мен абаттандыру жұмысына белсенділік танытып, өз ауласын, көшесін гүлге көмкерген белсенді тұрғындар, жауапты мамандар да алғыстан құр алақан қалмады. Ісімен көпке үлгі бола білген азаматтар облыс, аудан әкімінің алғыс хаттарымен марапатталды.
Айта кетейік, сонау 2014 жылдан бері дәстүрлі түрде жалғасын тауып келе жатқан «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының облыстық іріктеу кезеңінің қорытындысы бойынша 2016 жылы Мәдениет ауылынан Мұстафаевтар отбасы І орын, Жалағаш кентінен Сүлейменовтер отбасы ІІ орын, 2017 жылы Аққыр ауылынан Ғаниевтар отбасы І дәрежелі дипломмен марапатталып, «Мерейлі от-басы» ұлттық байқауының Астана қаласында өткізілетін республикалық кезеңіне жолдама алса, Бұқарбай батыр ауылынан Нұрмағанбетовтер отбасы ІІІ орын иеленген еді. Сондай-ақ 2018 жылы Мәдениет ауылынан Тоқсановтар отбасы ІІ орынмен, 2019 жылы Бұқарбай батыр ауылынан Сәменовтер отбасы «Парасатты отбасы» номинациясымен, 2021 жылы Аққұм ауылынан Шуақбаевтар отбасы ІІІ орынмен, 2022 жылы Аққыр ауылынан Маштаевтар отбасы ІІІ орынмен, Еңбек ауылынан Бекниязовтар отбасы «Берекелі отбасы» номинациясымен марапатталып, құрмет төрінен көрінген болатын.
Жалағаштықтарға арналған салтанатты шара мұнан ары концерттік бағ-дарламаға ұласты.