Kyzylorda-news.kz Жалағаш ауданының әкімі Ардақ Ибраимовтың төрағалығымен мәжіліс өтті. Күн тәртібінде су бұру жүйелерін дамыту, суды үнемдейтін және цифрлық технологияларды енгізу мәселелері қаралды.

2025 жылы су ресурстарын тиімді пайдалану және егін өнімділігін арттыру бағытында инженерлік жүйедегі 13 000 гектар жерге лазерлік жер тегістеу жұмыстары жүргізілді. Тәжірибе көрсеткендей, бұл әдіс күріш егісінде суды үнемдеуге мүмкіндік беріп, өнім сапасына оң әсерін тигізді.

Сонымен қатар, 20 гектар алқапқа тамшылатып суару технологиясы енгізіліп, картоп, көкөніс және бақша дақылдары орналастырылды. Бұл шаралар агроөнеркәсіп саласындағы тиімділікті арттырып, шаруалардың су ресурстарын үнемді пайдалануға деген ынтасын күшейтті.

"Егін шаруашылығын әртараптандыру, озық технологияларды енгізу және су үнемдеу бағытындағы жұмыстарды одан әрі күшейту – негізгі міндетіміз. Осыған байланысты көктемгі егін егу науқанына дайындықты қазірден бастап пысықтап, сала басшылары мен ауылдық округ әкімдері нақты шаралар қабылдауы қажет", – деді А.Ибраимов.

Ауданда суды үнемдеу және цифрлық технологияларды енгізу аясында күріш алқаптарын оңтайландыру жұмыстары жалғасуда. 2026 жылы 14 000 гектар жерге лазерлік тегістеу жұмыстарын жүргізу, ал 25 гектар алқапқа тамшылатып суару әдісімен картоп, көкөніс және бақша дақылдарын орналастыру жоспарлануда.

Сонымен қатар, «АА Агро Қызылорда» ЖШС Қаракеткен ауылдық округі аумағынан жер ашып, биылғы жылы суды аз қажет ететін 7 000 гектар алқапқа жаңбырлатып суару әдісімен жүгері дақылын егуді көздеп отыр.

Мәжіліс қорытындысымен аудан әкімі күн тәртібінде қаралған мәселелер бойынша жауапты сала басшыларына, кент және ауылдық округ әкімдеріне нақты тапсырмалар жүктеді.

Тағы да оқыңыз: