Kyzylorda-news.kz. Ауылдың жақсарғаны, өркендегені дұрыс, себебі бұл бағыттағы бастамалардың жүзеге асуы бүкіл елдің дамуына тікелей әсер етеді. Десе де ауыл өмірінде күрделі мәселелер көп екені бәрімізге мәлім. Ол жол жағдайынан денсаулық мәселесіне дейін немесе интернет сапасы, білім беру саласына дейін көтерілетін жайт, ауыл ахуалы қаладан қарағанда төмен екені сөзсіз.
Иә, бұл мәселелердің барлығы, халық талабына құлақ аспағандықтан туындаған жағдаяттар. Дегенмен тоқсан сайын үрдіске айналған әкімдердің халық алдында есеп беру кездесуі елді мекен ахуалын жақсартуға үлкен септігін тигізді. Басшыға айтылған сын халыққа да тікелей байланысты, себебі халықтың саяси белсенділігі оянса, ондағы тіршілік те жанданады. «Көш жүре түзеледі» демекші, аудандағы кейбір ауыл-аймақта барлық жағдай жасалған, әлеуметтің әлеуеті артқан. Бұл – атқарылған жұмыс және халықтың, аудан басшысының, яғни әкімнің үлкен жемісі.
Аудан әкімінің есепті кездесуі Қаракеткен ауылдық округінде жалғасты. Ауыл тұрғындарының барлығы дерлік қызығушылық танытып, таң атысымен ауылдық клубқа жиналған. Асқарбек Есжанов, барлық бөлім басшылары, сондай-ақ жаңадан сайланған аудандық мәслихат депутаттары халық алдында тік тұрып, есеп берді.
Иә, бұл елді мекенге бұрын да жолымыз түскен. Қаракеткенде біраз мәселенің осы күнге дейін де шешімі табылған. Қос елді мекенді қамтитын ауылдық округте ауыз су жүйесі жаңартылып, бүгінде ел игілігіне берілген. 5 орындық аурухана, ауылдық клуб халыққа қызмет етуде.
Мыңнан аса халқы бар Қаракеткен ауылдық округінде Сыр салысын себетін егіс алқабы болмағанымен мұнда халық белсенді. Бүгінде қаракеткендіктер кәсіп ашуға әбден машықтанған. Олай болары да заңдылық, өйткені тұрғындар өз сүйікті ісін кәсіпке айналдыруға бет бұрған, өзін-өзі жұмыспен қамтып қана қоймай, жерлестерін де тірлікке тартуда. Мал шаруашылығын дамытуға ден қойған ауыл халқы кәсіптің бұл түрінен табысын еселеп отыр. Мәселен, мал шаруашылығымен айналысатын 5 жеке кәсіпкер, ауыл халқын азық-түлікпен қамтамасыз етіп отырған «Фариза», «Жанжаз» жеке сауда орындары жұмыс жасап тұр.
Иә, ел болғасын мәселенің де туындайтыны заңдылық. Ауылды көркейту-абаттандыру бойынша атқарылуы тиіс бірқатар жұмыстар бар. Мысалы, электр жарығына қатысты бірқатар көшенің жарық бағаналары ескірген. Осыған байланысты ауылда электр энергиясын пайдалану барысындағы кедергілер бар екені ескеріліп, 2023 жылы электрмен қамту желілерінің құрылысына 85,6 млн теңге бөлінген. Ал жолдардың сапасына тоқталсақ, Қаракеткен ауылында 14 ішкі көше болса, оның 12-сі асфальтталған.
«Әрине кез келген мәселенің шешімін табуда қаражатқа келіп тірелетінін білеміз. Ауданға қаншама қаражат тартылып жатыр екен, Асқарбек Темірбекұлының жұмысына жақсы деген баға береміз. Ең бастысы, аудан ахуалын арттыруға біршама жобалар жүзеге асып жатыр. Сондықтан басқа да мәселелерді шешуде кезең-кезеңімен қолға алынатынына сенеміз. Бастысы, халықтың ауызбіршілігі мығым. Татулықты ту еткен қауымның қай уақытта болсын қамал аларын өздеріңіз де жақсы білесіздер. Мен ауыл азаматы ретінде жерлестерімнің бірлігін, ынтымағын жоғары бағалаймын. Елде береке мен бірліктің орнауы үшін де керегі осы емес пе», – дейді ауыл тұрғыны Қайырқұл Боданов.
Осы жылы да ауылда құрылыс жұмыстары қарқын алмақ, ол үшін жоспарланған бірнеше жобалар да бар. Мәселен, көркейту-абаттандыру барысында Далдабай елді мекеніндегі балалар ойын алаңы 4,9 млн теңгеге ағымдағы жөндеуден өтеді. Сондай-ақ өткен кездесулерде тұрғындар ауылға жаңа жедел жәрдем көлігі қажет екенін айтып келеді. Бұл ұсыныс та Асқарбек Есжановтың назарынан тыс қалмады. Жазға дейін сұранысты қанағаттандыру бойынша ауылға жедел жәрдем көлігі берілетін болды.
Ауылдықтар үшін тағы бір жақсы жаңалық Қаракеткен, Далдабай елді мекендерінің ішкі көшелерін жөндеуге 5 көшеге ЖСҚ әзірленеді екен. Аудан басшысы өз сөзінде, әсіресе елді мекендегі ауылдардың сапасына ерекше мән беретінін баса айтқан болатын. Сөзден іске көшкен өңір басшысына қаракеткендіктер риза болды. Сонымен қатар алдағы уақытта елді мекенге 150 орындық ауылдық клуб құрылысын салуға ЖСҚ әзірленетін болады.
Бүгінде Қаракеткен – берекелі ауыл. Өзге ауылдар секілді күріш екпегенімен, мүмкіндігінше мал өсіріп, бақша салып, балық аулап, тұрмыстарын түзеп отыр. Алайда ауылда түйткілді мәселе де жоқ емес. Ауыл сыртындағы бақшалыққа аяқ су жеткізуде және мал жайылымдық, шабындық жерлерді пайдалануда біршама қиындықтар бар көрінеді. Бұл мәселелер жақын арада толыққанды шешілетінін аудан басшысы жеткізді. Сонымен қатар қыстық азығын дайындап аламын деген азаматтарға аудан бойынша биыл 500 гектар бақшалық жер дайындалып берілмек. Осы жерлерден қаракеткендіктер де үмітті екенін көрсетті.
Керемет жаңалықтарды естіп, толғандырған сауалдарына жауап алған көпшілік жиын соңында 2022 жылғы атқарылған жұмыстар мен оң өзгерістерге ризашылықғын жеткізіп, аудан басшысына сәттілік тіледі.
