Kyzylorda-news.kz. Жалағаш ауданы сенбілікке белсене атсалысуда. Кент көшелеріне 300-ге жуық ағаш отырғызылып, қоршаулар жүргізілді.
Табиғат тазалығы халық саулығы екенін ескерсек, айнала қоршаған ортамызды, табиғатты таза ұстау - баршамыздың азаматтық парызымыз. Жалағаш ауданында әр сенбі сайын өткізілетін көркейту-көгалдандыру, санитарлық тазалық жұмыстары барлық кент, ауылдық округ аумағында тұрақты жүргізіліп жатыр. Қай жерде болмасын, жалпы көше тазалығына салғырттықпен қарау санамыздан арылмай жүргені рас. Көпшілікте де ауданның тазалығына жауапты мекеме немесе әкімдік бар дейтін ұғым қалыптасқан. Алайда Жалағаш кентінде айналаның тазалығы үшін жұмыла сенбілікке шықты. Ислам дінінде тазалықты иманмен теңестіріп, «Тазалық – иманның жартысы» дейді. Осыдан-ақ адам өмірінде тазалықтың қаншалықты маңызды екенін ұғынуға болады. Қызығы сол, көпшілік үшін дәстүрге айналған Жалағаштағы сенбілікте тұрғындар бой көрсетіп, бір үйдің баласындай атсалысты.
«Наурыз айынан бастап Жалағаш ауданы бойынша көктемгі көркейту-көгалдандыру жұмыстары сенбіліктерде және тұрғындардың қатысуымен тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Жалағаш кенті немесе тиісті елді мекендегі тазалықтың сақталуына тұрғындардың да қосып жатқан үлесі орасан зор. Бүгінгі күні көшелерді қоқыстан тазарту, тал егу, арнайы қоршаулар салу, тұрғын үйлердің қасбеттерін әрлеу, су келетін арықтарды қайта тазалау мақсатында Жалағаш кентіндегі көше тұрғындары бірігіп, өз бастамаларымен сенбіліктер жасауда» дейді мамандар.
Мәселен, Жалағаш кенті, Амангелді көшесінің тұрғындары аталған көше бойында санитарлық тазалық акциясын өткізсе, Ақпан батыр көшесіне батыр ұрпақтары толықтай қоршау жүргізіп, 300-ге жуық ағаш отырғызған. Туған жердің келбетін әсемдеу әр адамның өз ауласынан басталады. Осыған сәйкес, көпшілік Жалағаш ауданы тұрғындарын бірлесе санитарлық-тазалық жұмыстарын жұмыла атқаруға шақырады.

