Kyzylorda-news.kz. Өңірімізге қарасты 14 ауылды аралап, халықпен кездескен аудан басшысы халық алдындағы есеп беру сапарын кент орталығында қорытындылады. Руханият орталығында жалағаштықтармен кездескен Асқарбек Темірбекұлы алдымен кент ішінде атқарылып жатқан жұмыстармен және алдағы жобалармен егжей-тегжейлі таныстырды. Кентте кемшіліктерден жетістіктер жетерлік. Өйткені атқарылған жүйелі жұмыстар халықтың көз алдында. Қаншама нысан пайдалануға берілсе, сол жобалар қазір халық үшін қызмет етуде. Аудан тарихында болмаған қаржы тартылып, аудан бюджетінің басым бөлігі осы аудан орталығын көркейту-көгалдандыру жұмыстарына арналды.
Мәселен, 2023 жылы Жалағаш кентінде жалпы құны 643,6 млн теңгеге М.Шәменов, І.Нұркенов, И.Панфилов, Мысық би, А.Бектібаев көшелеріне күрделі жөндеу өткізіліп, ПМК-09 көшесіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Қосымша 7 көшені күрделі жөндеуге жоба сметалық құжаттар дайындалды.
Жаңадан ашылған «Ақтерек» учаскесінде инженерлік инфрақұрылымның сумен жабдықтау жүйесі құрылысына республикалық бюджеттен 73,2 млн теңге бөлінсе, газбен жабдықтау жүйесінің құрылысына 618,6 млн теңге бөлінді. Жаңа учаскенің су ұңғымалары және су жинау-тарату кешенінің құрылысы жобалары да назардан тыс қалмай 21,4 млн теңгеге қоса қаржыландырылды. Қазіргі таңда «Ақтерек» учаскесіннің инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымының жұмыс жобасына және электрмен жабдықтаудың 2 кезеңіне ЖСҚ жасалды.
Бүгінде аудан орталығының тұрғындары көгілдір отынның шапағатын көріп отырғанына 2 жылдан асты. Ендігі жерде әлеуметтік маңызы бар ғимараттарға газ тарту жұмыстары жүріп жатыр. Осы орайда «Наркескен» спорт клубы мен аудандық кітапхананың жылу қазандығын газ отынына ауыстыруға 2023 жылы республикалық бюджеттен 35,4 млн теңге қаржы қаралған. Сонымен қатар аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі мен Жалағаш кенті әкімі аппаратының ғимаратын газ отынына ауыстыруға ЖСҚ әзірленді.
Тұрғындарды, әсіресе жас отбасыларды қолайлы тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі қазіргі таңда өзекті екені рас. Осыған орай Жалағаш кентінің Дәуімбай учаскесінде салынатын бір пәтерлі 3 бөлмелі арендалық 20 тұрғын үйдің құрылысын салуға жоба сметалық құжаттар дайындалды.
Сонымен қатар көпқабатты тұрғын үйлерге күрделі жөндеу жұмыстарын жасау мақсатында Үркімбаев №1, №2 мекен-жайындағы көпқабатты үйлерге жоба сметалық құжаттар жасалып, қаржы қаралуда.
Дәуімбай елді мекенінен 200-ден аса жасөспірім кент орталығына түрлі үйірмелерге, спорттық секцияларға қатынап оқиды екен. Әрине балалардың қауіпсіздігі бірінші орында екенін жақсы түсінген аудан басшысы осы мәлесені дереу шешуді қолға алыпты. Осыған орай Дәуімбай учаскесі мен Жалағаш кенті аралығындағы темір жол өткелі мәселесі оң шешімін тапты. Жалпы құны 184,9 млн теңгеге 2023 жылы сәуір айында жаяу жүргіншілерге арналған аспалы көпір құрылысы басталады.
Кездесуге жиналғандар арасында өздерін толғандырған сауалдарын қойғандар да аз болған жоқ. Тұрғындар сауал жолдау барысында кент ішіндегі санитарлық тазалық жұмыстарының жүргізілу барысы, абаттандыру жұмыстарын күшейту, аяқ су мәселесін шешу туралы ұсыныстарын жеткізді.
Осы ретте аудан әкімі Асқарбек Темірбекұлы кент орталығын аяқ сумен қамтамасыз ету мақсатында 2023 жылы 6 насос алынғанын, абаттандыру жұмыстары барысында адам өмірінің қауіпсіздігін сақтауды негізге ала отырып, көлік қозғалысы көп көше қиылыстарына 4 бағдаршам орнатылатынын және барлық білім беру ұйымдарының алдына жасанды жол кедергілері қойылатынын айтты.
Асқарбек Есжанов ауданды басқарған 11 айдың ішінде аудан орталығында бірнеше ауқымды жобалар жүзеге асып, зәулім ғимараттар бой көтеріп, кент көркі көріктене түсті. Әрине көзге көрінген жұмысты, еткен еңбекті кент тұрғындары жоғары бағалап, аудан әкімінің жұмысына қанағаттанатынын жеткізді. Өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы жолында аянбай еңбек ететін басшылық құрамның жүйелі жұмыстарына тілекші болды.
Жиын соңында еңбек ардагері Қайыпназар Қосжанов елдің бірлігін сақтау бәрінен маңызды екенін түсіндіріп, қызметтегі азаматтарға батасын берді.
«Бүгінде шүкір, бар қиындықтар артта қалып, еліміз қарыштап дамып келеді. Ауданымыздың өзінде бұрынғы жылдармен салыстырғанда біршама өзгеріс болды. Облыс орталығына қатынайтын тасжол жөндеуден өтіп, аудан орталығында көптеген ғимарат бой көтерді. Түрлі сауда орындары ашылды. Жуырда ғана көгілдір отын кіріп, халық қуанышқа бөленді. Осы жетістіктердің барлығы бірліктің, ауызбіршіліктің арқасында деп айта аламын. Өйткені бірлік – мәңгілік және бөлінбейтін, ынтымағы мен берекесін бірге ұстаған еліміздегі ең биік ұғым, сан ғасырлар бойғы дана халқымыздың бойына сіңген асыл қасиеті. Бабаларымыз ынтымақ пен татулықты, ауызбіршілік пен сыйластықты мүдделі түрде еліміздің біртұтастығын сақтауда әрдайым биік мақсат етіп қойған. Шүкір, қазір ел басқаруға жастарымызда көптеп араласып, белсенділік танытуда. Мұның өзі бізді қатты қуантады. Сол себепті өңіріміздің бірлігін сақтап, әрі қарай келешекке нық қадам басу жалағаштықтардың нақты мақсаты мен міндеті бола бермек», – деді аудан ақсақалы.
