Kyzylorda-news.kz. Қазіргі таңда Жалағаш ауданында 2377 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері тіркелген. Оның ішінде, 2190 субъектісі немесе 92,1 пайызы нақты жұмыс жасап отыр. Бұл көрсеткіш жыл басынан 2 пайызға өсті. Кәсіпкерлік нысандарда 3620 адам жұмыс істеуде.
Кездесуде аудан әкімі Асылбек Шаменов кәсіпкерлерге ауданымыздың экономикалық дамуына қосқан үлесіне , елімізде орын алған індет кезінде аудан тұрғындарына көрсеткен көмектері үшін зор алғысын білдіріп, бірқатар кәсіпкерлерді облыс, аудан әкімінің алғысымен марапаттады.
Аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Ғабит Ербол ауданда кәсіпкерлік саласында атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап, ауданға қажетті кәсіпорындарды ашу мақсатында бірнеше ұсыныстарын жеткізді.
Кездесуде Абжалелов Абулайс, Тәуіпбаев Асылбек, жас кәсіпкер Жұмбек Еділ сөз сөйледі. Кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп жатқанын, осындай мүмкіндіктерді тиімді пайдалану қажеттігін атап өтіп, кездесуді ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.
Жиында аудан әкімі қорытындылап, бизнесті жүргізу үшін қолайлы жағдай жасау басты міндет екенін атап өтті.
“Біз әрдайым бірлескен нәтижелі жұмыстар мен өзіміздің тарапымыздан кәсіпкерліктің дамуына қатысты мәселелерді шешуге, қолдау көрсетуге, қандай да бір идеяларыңыз болса оларды талқылауға әрқашан дайынбыз. Сонымен қатар, қолданыстағы кәсіпкерлік нысандарының мерекелерге байланысты мерзімінде безендіру, тиісті санитарлық талаптарды сақтау және түнгі мезгілде жарықтандыру сияқты жұмыстарды бірігіп атқаруымыз қажет”, – деді Асылбек Шаменов.