Kyzylorda-news.kz. Бүгінде елімізде алаяқтық фактілерінің көбейгенін ескерткен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тиісті мемлекеттік органдарға қаржы пирамидаларына, жалпы аляқтарға қарсы кешенді шаралар әзірлеуді міндеттеген еді. Өйткені оңай олжаға құныққан алаяқтар халықты алдап-арбаудың айла-амалын ойластырып, одан әрі дами түсуде.

Алаяқтық – Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабы бойынша қылмыстық жауаптылық көзделген алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен бөтеннің мүлкін жымқыру немесе мүлiкке құқықты иемдену арқылы жасалатын қылмыс болып табылады.

Жалағаш аудандық прокуратурасының ұсынған статистикалық мәліметтерге сүйенсек, Жалағаш ауданында алаяқтыққа қатысты тіркелген қылмысты өткен жылдың 11 айымен салыстырғанда бір деңгейде (6-дан 6-ға) қалған. Бұл алаяқтық қылмыстарының барлығы интернет арқылы жасалған қылмыстар.

Қазіргі таңда алаяқтар күн сайын интернет желісінде өз кеңістігін кеңейтуде.
Мәселен, алаяқтар «Facebook», «Instagram» әлеуметтік желілерінде «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы атынан парақшалар ашып, онда мұнай сатудан тез пайда табуға болатындығы туралы жалған ақпарат таратып, өз қылмыстық ойларын жүзеге асырған.

Ал, шын мәнінде компания Қазақстан азаматтарының қаржысын ешқандай да инвестициялық жобаларға тартуға шақырмағанын, бұл жарияланған жарнамалардың барлығы жалған екенін көрсетуде.

Сонымен бірге компания өз қызметі туралы барлық ақпаратты ресми сайтында, сондай-ақ, YouTube, Facebook, Instagram, Telegram әлеуметтік желідегі ресми парақшаларында ғана жариялайтындығы көрсетілген. Мысалы 21.06.2022 жылы Жалағаш аудандық полиция бөліміне кент тұрғыны «Т.Қ.» есімді азамат арызданып, онда «Instagram» әлеуметтік желісі арқылы «ҚазМұнайГаз» ҰК-сы атынан мұнай сатудан тез пайда табуға болатындығы туралы хабарламаға сәйкес өзінің 4,5 млн теңге ақшасын белгісіз бір есеп шотқа аударып, алаяқтардың құрбаны болғанын жеткізген. Осыған сәйкес аудандық полиция бөлімімен белгісіз адамға қатысты ҚР ҚК-нің 190-бабының 3-бөлігінің 4-тармағымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталып, қазіргі таңда тергеп-тексеру шарасы жүргізілуде.

Сондықтан Жалағаш аудандық прокуратурасы тарапынан өңір тұрғындарына мұндай жағдайларда қырағы болуға және өздерінің жеке деректерін үшінші тұлғаларға хабарламауға, интернет-алаяқтардан қауіп төндірмеу үшін тиісті тексерусіз бөтен адамдарға ақша жібермеуге кеңес беріледі.
 

Тағы да оқыңыз: