Kyzylorda-news.kz Жалағаш ауданы Ақсу ауылдық округінде тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған инфрақұрылымдық жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Соның бірі – ауылішілік көшелерді жөндеу және асфальттау жұмыстары.
Осыған байланысты Жалағаш ауданының әкімі Ардақ Ибраимов Ақсу ауылдық округіне арнайы барып, жол құрылысының барысымен танысты. Сапар барысында аудан басшысы мердігер мекеменің жұмысын бақылап, құрылыс жұмыстарының сапасы мен белгіленген мерзімде аяқталуына ерекше назар аударды.
Айта кету керек, бұған дейін аудан әкімінің ауыл тұрғындарымен өткізген кездесуінде жол мәселесі көтерілген болатын. Кездесу барысында тұрғындар ауыл көшелерінің жағдайын жақсарту қажеттігін айтып, ұсыныстарын жеткізген еді. Халықтың өтініші мен ұсынысы ескеріліп, облыс әкімінің қолдауымен Ақсу ауылындағы М.Әуезов, Т.Қожағұлов және Ақбөгет көшелеріне асфальт төсеу жобасы қолға алынды.
Қазіргі таңда аталған көшелерде құрылыс-монтаж жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Жобаның жалпы ұзындығы 3,1 шақырымды құрайды. Жол құрылысы жұмыстарын «Р и А Сервис ЛТД» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асыруда. Жоба аясында көшелерге жаңа асфальт жабыны төселіп, жолдардың сапасы мен қауіпсіздігі жақсармақ.
Құрылыс алаңында болған Жалағаш ауданының әкімі Ардақ Ибраимов жауапты мамандарға нақты тапсырмалар беріп, әрбір жұмыстың сапалы орындалуы тұрғындар үшін маңызды екенін атап өтті.
– Халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған әрбір жобаның нәтижесі тұрғындарға нақты пайдасын тигізуі тиіс. Сондықтан жол құрылысы белгіленген талаптарға сай, сапалы әрі уақытылы аяқталуы қажет. Жауапты мекемелер құрылыс барысын тұрақты бақылауда ұстауы керек, – деді аудан әкімі.
Соңғы жылдары Ақсу ауылында инфрақұрылымды дамыту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Атап айтқанда, өткен жылы Беркінбай кәлпе – Жалағаш бағытындағы автомобиль жолына күрделі жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, жол толықтай асфальтталды. Бұл өз кезегінде тұрғындардың қатынасын жеңілдетіп, елді мекендер арасындағы көлік қозғалысының қауіпсіздігін арттырды.
Сонымен қатар бүгінде Ақсу ауылының тұрғындары көгілдір отынның игілігін көруде. Ауылды газдандыру жобасының жүзеге асуы халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға оң әсерін тигізді. Бұдан бөлек, елді мекендегі электр желілерін жаңарту жұмыстары да жүргізіліп, инженерлік инфрақұрылымның сенімділігі арттырылды.
Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, Ақсу ауылын дамыту бағытындағы жұмыстар мұнымен шектелмейді. Алдағы уақытта да ауылдың әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға басымдық беріле бермек.
