Kyzylorda-news.kz. Маңызы бар әрі үлкен жауапкершілікті қажет ететін саланың бірі әлеуметтік сала. Өйткені әлеуметтік сала тікелей халықпен жұмыс істейді. Сондықтан да әлеуметтің әлеуетінің деңгейі аталған саланың жұмысына көрсетілетін баға болмақ. Кез келген мемлекеттің дамуы, қаншалықты өркениетке қадам басқаны да халқының тұрмысымен өлшенеді. Халқы кедей бола тұра, жұмыссыз бола тұра ешқандай елдің экономикасы да, әлеуметтік жағдайы да алға жылжымайды. Иә, елдегі басты мәселелердің бірі жұмыссыздық деңгейін төмендету.
Бүгінгі күні Жалағаш ауданы бойынша экономикалық белсенді халық саны 14 947 болса, өткен жылы оның жұмыспен қамтылғаны 14 192-ні көрсетті. Оның ішінде жалдамалы қызметкерлер 9 372, өз бетінше жұмыспен қамтылған халық 4 820, жұмыссыздар саны 755-ті құрады. Дегенмен саланың жұмысын жоққа шығара алмаймыз, былтырғы жылы әжептәуір жаңа жұмыс орындары ашылып, тұрғындардың тұрақты жұмысқа орналасуына септігін тигізді. Мәселен, өткен жылы екі жарым мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылып, мың үш жүзден аса тұрақты орын, мыңнан аса уақытша орын ұсынылған. Орталыққа хабарласып, екі қолға бір күрек сұраған үш жарым мыңға жуық жанның тең жартысы бағдарламаға қатысушылар тізіміне енген.
Әсіресе жастар арасындағы жұмыссыздықты бір жолға қою күн тәртібінде тұр. Әрине бұл тұста мемлекет қол қусырып отыр дей алмаймыз. Халық арасындағы жұмыссыздықты азайту, қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру, әлеуметтік жағдайды реттеу бағытында түрлі бағдарламалар жұмыс істеп тұр. Қайтарымсыз грант, төмен пайыздағы несиелер шағын және орта кәсіппен айналысамын деушілерге қолдау болса, мемлекеттік мекемелерден өтетін жастар тәжірибесі, алғашқы жұмыс орны сынды жобалар жастардың сағын сындырмай тұр.
Былтыр желтоқсан айына дейін жастар арасында жұмыссыздықты төмендету мақсатында бірқатар жұмыс атқарылған. Мәселен, жыл басынан бері халықты жұмыспен қамту орталығына 1 500-ден аса жас жұмыс іздеуші ретінде тіркелсе, оның 905-і жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен қамтылды. Әлеуметтік жұмыс орындарына 38, жастар практикасымен 201, қоғамдық жұмысқа 200-ден аса, ұрпақтар келісімімен 5, алғашқы жұмыс орнымен 18 жас жіберілген. Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік грантты 300 адамға беру жоспарланса, жоспар жүз пайызға орындалып, 300 адам мемлекеттік грантқа қол жеткізді. Ал қысқа мерзімді оқумен 29 адам қамтылса, мемлекеттік қолдау шараларынсыз 800-дей адам жұмысқа орналасса, оның 290-ы тұрақты жұмысқа тартылған жас мамандар болып табылады. NEET санатындағы жұмыссыз жастардың санын азайту мақсатында да жастар практикасына биылдан бастап қатысушылардың жалақысы 76 575 теңгеден 91 890 теңгеге дейін ұлғайса, бұл шараға шектеулі жасқа толмаған, соңғы 3 жылда жоғары және арнаулы орта оқу орындарын бітірген және еңбек өтілі жоқ түлектер қатыса алады.
Сонымен бірге ақылы қоғамдық жұмыс орындарына былтырғы жылы 980 адам жолданып, жоспар 181,5 пайызға орындалған екен. Оның ішінде 126 адам тұрақты жұмысқа орналасыпты. Алғашқы жұмыс орындарына жоспар 12 адам болса, іс жүзінде 18 адам жолданып, бұл жоба бойынша да жоспар артығымен орындалған.
«Ұрпақтар келісім-шарты» жобасына да 2 жыл ішінде оқуын аяқтаған және шекті жасқа толмаған білім беру ұйымдары түлектері қатыса алады екен. Аталған жоба шеңберінде жұмысқа орналасқан адамға зейнеткерлік жасқа жетуге кемінде 6 ай қалған тәлімгер тағайындалады. Жалақы көлемі 61 260 теңгеден 91 890 теңгеге дейін артқан, қатысу мерзімі де тиісінше 6 айға дейін. Жұмыс беруші жобаға қатысу мерзімі аяқталғаннан кейін жұмыссызды Еңбек кодексінің 38 бабына сәйкес, тәлімгердің бос жұмыс орнына немесе басқа бос орынға ауыстыруға міндетті. Жоғарыда аталған субсидияланатын жұмыс орындар уақытша сипатта болады және бұл орындарға орналасқан адамның еңбек қызметінің кезеңі оның еңбек өтіліне есептеледі. Орталықтың мәліметінше, өткен жылы аталған жобамен ауданда 5 адам жолданып, жоспар 100 пайызға орындалған.
Айта кетейік, 2018 жылдан бастап жұмыс берушілерге Электрондық еңбек биржасы арқылы жұмыссыздарды таңдау құқығы берілді. Ауданда бос жұмыс орындары туралы мәліметтер электронды еңбек биржасы ақпараттық жүйесі арқылы қолжетімді түрде ұсынылады. Ал болжанатын жұмыс орындары туралы мәліметтер «Жұмыс орындарын құрудың интеграциялық картасы» ақпараттық жүйесі арқылы қалыптастырылады.
