Kyzylorda-news.kz. Ауданға қарасты Бұқарбай батыр ауылында тәртіп сақшыларынан құралған жас отбасы тұрады. Олардың өмірлерін бір арнада тоғыстырған осы жұмыс. Осы мамандыққа деген сүйіспеншілік екі жасты бір көзқараспен, бір мақсатқа жұмыс жасап, бір мүддені көздеуге, бір арманға қадам басуға талпындырды. Ішкі істер саласының қос қырағысының шаңырағына бас сұқтық. Азын-аулақ әңгімелестік, ауыл тыныс-тіршілігінен хабардар болдық. 

Өнегесімен көпке үлгі қыларлықтай, өсіп-өніп, саялы бәйтерекке айналған отбасылар көп-ақ. Олардың осындай күнге жетуінде, әрине қазыналы қарттардың қажыр-қайраты, пайым-парасаты жатыр. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген халықтың бүгінгі ұрпағы да отбасы деген қасиетті мекеннің қадірін қашырмауға тырысып келеді. Тіпті отбасында, ошақ қасында үйдің үлкендерінен көрген-білгенін бойына сіңіріп, отбасылық құндылыққа айналдырып жүрген ер азаматтар да, өзі түскен елдің керегесін алтынға балап жүрген келіндер де бар. Осындай жас отбасылардың бірі – кейіпкерлеріміздің өмірлерін бір арнада тоғыстырған осы жұмыс. Осы мамандыққа деген сүйіспеншілік екі жасты бір көзқараспен, бір мақсатқа жұмыс жасап, бір мүддені көздеуге, бір арманға қадам басуға талпындырды. Бұған дейін қасиетті қара шаңырақтың түтінін түтетіп отырған мерейі тасып, берекесі артқан отбасының шаңырағына бас сұғып, отбасы құндылықтары туралы сөз еткен едік. Сол кездің өзінде отбасындағы үйлесімділік пен жарасымдылыққа куә болған болатынбыз.

Осы ауылдың тумасы Олжас Садықұлы Шымкенттегі Заң университетінде жоғары білім алыпты. Бала кезгі армандары жетелеген қос жас осы жоғарғы оқу орнында білім алып, кейіннен Қызылорда қаласындағы маман¬дандырылған күзет қызметі басқармасында алғаш рет біліктіліктерін арттырады. Шиелі ауданы, Тартоғай ауылында дүниеге келген Қаршыға Әбуқадыр осында жұмысқа орналасады, ал жолдасы Олжас Садықов аудандық полиция бөлімінде жедел тергеу тобында техник-криминалисті болып қызметін бастайды. 

«Жолдасым екеумізде ішкі істер саласында қызмет жасаймыз. Жұмыс-тың ауыры, жеңілі болмайды. Әр қызметтің өзіне тән ерекшелігі, қиындығы мен қызығы қатар жүреді. Әрине полиция бөлімінде ерлермен қатар қызметте жүрген соң, барлық жауапкершілікті де ерлермен бірдей көтеруге тырысамыз. Өйткені біздің қызметтегі негізгі міндет қоғамның тыныштығы, тәртіптің тұрақтылығы. Осы жолда қызмет етеміз, күні-түні тәртіпті күзетеміз. Бірақ осындай қиындықтарға қарамастан, жолдасым екеуміздің ара-мызда ешқандай түсініспеушілік болған емес. Себебі біз жұмысымызды түсінеміз, екеумізде осы салада жүргендіктен бір-бірімізге ауырлық түсір-меуге тырысамыз. Мен өзім қазір балаларымыздың күтімі, анамыздың жағ-дайының жақсы болып, шаңырағымыздың әрқашан берекелі болуы үшін келіндік қызметімді де мүлтіксіз атқаруға күш саламын. Өйткені мен өзімді ең алдымен ана, келін ретінде есептеп, отбасымның ұйтқысы болуға талпынамын»  дейді Қаршыға. 

Иә, расымен бүгінде полиция қызметкерлерінің қатарынан нәзікжан-дарды көру таңсық дүние емес. Өйткені қазір қай салада болмасын әйел адамдар бой көрсетіп жатады. Тіпті уақыт өткен сайын тәртіп сақшысы мамандығын жетік меңгерген қыз-келіншектердің қатары артуда. Қоғам тыныштығын күзету, оны асқан жауапкершілікпен атқару оңай емес екендігі бәрімізге белгілі. Бұл сала ішкі істер органы болғасын ерлер немесе әйелдер деп бөлінбейді. Ереже, тәртіп бәріне бірдей. Осындай қырағы жандардың қатарындағы Қаршыға да жұмыс пен отбасының жауапкершілігін қатар арқалап жүрген жан. Ол облыстағы мамандандырылған күзет қызметі басқармасының полиция батальонының полиция аға сержанты. Ал Олжас Садықұлы  бүгінде аудандық полиция бөліміндегі криминалдық полиция бөлімшесінің жедел уәкілі болып жұмыс жасайды. Олжаспен сұхбаттасып отырып, оның өз ісіне берілгендігіне, кәсібилігіне күмәнің болмайды екен. Жедел тергеу тобындағы жұмыстың жауапкершілігінің өте ауыр екенін айтқан ол, тіпті бірнеше күн қатарынан қызмет бабымен сыртта жүретінін жеткізді. Аудандағы үлкен, кіші қылмыстарды дер кезінде ашу, қылмыскерлерді ізін суытпай анықтау тәртіп сақшыларының қырағылығына тікелей байланысты деген кейіпкеріміз ең бастысы халықтың амандығы дейді.

Шаңырақтың бірлігі мен шаттығын келістіріп отырған жас жұбайлардың қызметі қаталдық пен қатаң тәртіпті талап еткенімен, өздері күнделікті өмірде жайдары, жаны жаз жандар екенін байқадық. Тіпті есік алдындағы шағын егінжайында түрлі жеміс ағаштары, түрлі бау-бақша өнімдері көзге түседі. Бәрінен бұрын алдымыздан иіліп сәлемін беріп жүгіріп шыққан осы үйдің келіні ауылдың, ауыл тұрғындарының кеңпейіл болмысы мен қонақжай қалпын есіңе салатын киелі қара шаңырақтың берекесін айшықтап тұрғандай болды. «Осы қызметке келгендіктен, абыроймен атқаруға, халыққа пайдалы іс жасауға, тәртіптің орнауына күш саламыз. Жұмысымызды абыроймен атқару, жауапкершілікті сезініп, нәтижеге жұмыс жасаймыз. Ең бастысы халықтың сенімінен шығу, елдің қорғаны болу, тәртіп сақшысына тән барлық қасиеттерге лайық болу біздің міндет» дейді Олжас Садықов.

Жалпы, әр аймақтағы полиция бөлімдері жергілікті жердегі құқық бұзушылықтардың алдын алуда, қоғамдағы қылмыстардың азайып, ел дамуына кедергі келтіретін олқылықтарды болдырмауда табандылық танытып, нәтижеге жұмыс жасауға күш салып келеді. Әсіресе, осы салада жүрген, ауданның тыныштығын, қоғамның тұрақтылығын күзеткен тәртіп сақшыларының еңбегі  елеусіз қалмайды. Олар осы уақытқа дейін аудандық полиция бөлімінде де ахуалдың тұрақты болуы үшін жүйелі жұмыстар атқарып келеді. Әр саланың, әр мамандықтың өзіне тән қызығы да, қиын тұсы да болады. Оны тек сол салада жүргендер ғана сезінеді. Дәлірек айтсақ, мамандық нағыз маманын, адам да сол сияқты өзінің бейіміне қарай жұмысын тапса ғана сол жолдың биігін де бағындырады, бедерінен де сүрінбей өтеді. Аудандағы заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайтуға және қылмыспен күресу ісіне, әлеуметтік-саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуге де атсалысып келе жатқан полиция бөлімінің қызметкері алда әлі талай тәжірибе жинақтап, өзінен кейінгі жаңа толқынға үлгі боларлықтай азамат болады деп сенеміз.

Тағы да оқыңыз: