Kyzylorda-news.kz. Баланы кітап оқуға қызықтыру – қазіргі таңда үлкен шаруа. Себебі барлық бала бірдей кітаппен дос бола бермейді. Ал көптеген ата-аналардың бала тәрбиесіндегі басты сұрақтарының бірі – «Балалардың кітап оқуға қызығушылығын қалай арттыруға болады?». Әсіресе, смартфондар мен планшетті қолдарынан тастамай ойнайтын бүгінгі балалардың кітап оқуға қызығушылықтары еш оянбайтындай көрінеді.
Балаларды кітап оқуға баулуда Жалағаш ауданында «Анама және Маған» атты балаларға арналған кітап дүкені жұмыс жасап тұр. Аудан тұрғыны Айдана Жұмағалиқызы ашқан кітап дүкенінің іші жып-жинақы, аурасы бала түгіл ересек адамның өзін баурап алады. Шағын бір бөлменің іші түрлі кітапқа толы. Түрлі баспаның өнімдері бар. Сөреде Әліппе оқулығынан бастап, қазақ және әртүрлі ұлттардың ертегілерінің, қатырма қағазды суретті кітапшалардың, 3D нұсқасында жасалған ертегі кітаптардың, авторлық кітаптардың сонымен бірге есепті, логикалық ойындардан тұратын кітаптардың, магнитті математиканың, орысша-қазақша, қазақша-ағылшынша сөздіктердің 3 жастан 15 жасқа дейінгі балалардың ақыл-ойын дамытып, толық адам етіп қалыптастыруда таптырмас көрнекі құрал және ұлттық тәрбие беруде де маңызы зор жоба екені белгілі.
Бұл жөнінде Айдананың өзі:
«Қазірде бала тәрбиесі, әсіресе жас ұрпаққа ұлттық тәрбие беру өзекті мәселеге айналып отыр. Сонымен бірге баланы тек тәрбиелеп қана қоймай, есі кіріп, айналасын, өзін қоршаған ортасын танығаннан бастап оларға заманға сай білім беріп, ғылым үйрету – тек ата-ананың, тәрбиешінің, мұғалімнің ғана міндеті емес, тұтас қоғамның мойнындағы жауапкершілік. Мен де осы қоғамның бір мүшесімін. Өскелең ұрпақтың келешегі мені де бей-жай қалдырмайды. Өзім де бала тәрбиелеп отырмын. Кейде қалаға барғанымда балаларға арналған кітап сатып алып, жинай бастадым. Ондағы ойым: бала тәрбиесіне тәжірибем аз болғандықтан, әлгі кітаптарды балама өзінің жасына сәйкес кезең-кезеңімен оқытып, көмекші құрал, қосымша тәрбиеші ретінде пайдаланғым келді. Қазір төрт жасар қызымның дүниетанымы кеңейді, күн өткен сайын кітапқа қызығушылығы артып келеді. Әріп таниды, жүргізіп оқиды және мазмұнды талдай алмаса да, кітап бетіндегі оқиғаға құрылған суреттерге қарап өзіндік ойын айта алады. Сондай-ақ, мен тек өз баламның ғана емес, өзге балаларға тілекші ана ретінде ойлана келе осындай дүкен ашуға бел будым. Кітап – адамзатқа ортақ қазына, рухани байлық. Оны жеке қарастыруға және жеке мүддеге пайдалануға болмайды. Сол үшін де мен бұл жұмысыма кәсіп деп қарамаймын, бала тәрбиесіне қосқан үлесім деп ойлаймын. Алайда менің бұл дүкенді ашудағы ең басты мақсатым – таңнан кешке дейін теледидар мен смартфонға телмірген және соған бар уақытын ұрлатып, денсаулығын беріп жатқан балаларға араша түсіп, оларға қызықты кітап ұсыну және оқыту», – дейді кітап дүкенінің иесі.
Айдана Жұмағалиқызы кітап дүкенін ашарда мемлекеттің көмегіне жүгінбей, қолында бар қаржысымен кәсібін бастаған. Ғимаратты да жалға алған. Алайда өзінің айтуынша, дүкенге келушілер, кітап алушылар, тапсырыс берушілер көп екен. Бағалары да қолжетімді. Еліміздегі «Аруна», «Алматыкітап» және Ресейдің «Робинс», «Клевер», «Умка» баспаларына тапсырыс беріп алдырады екен. Аталған баспалардың өнімдері мазмұны жағынан да тартымды, көркемдік сапасы да жоғары, салмағы жеңіл, баланың қолына ұстап оқуына ыңғайлы, әріптері ірі, суреттері қанық.
«Баланың ой-қиялы шексіз, арманы да айдан ары асып кетеді. Сол секілді тіл үйренемін деген баланың талабына да шектеу қоюға болмайды. Сол себепті дүкенде орыс, ағылшын тіліндегі ертегілер де бар. Әрі десе, бұл – қазіргі заманның талабы. Бүгінгі бүлдіршін ертеңгі күні ержетіп, бойжетіп студент атанады. Шет елдерде білім алуға толық мүмкіндігі бар. Оның үстіне қазіргі жастар саяхаттап жер көреді, ел көреді, олардың тұрмыс-тіршілігімен, салт-дәстүрімен танысады. Ол өсіп келе жатқан жастардың танымдық деңгейіне оң әсер етеді. Сол сапарлардың барысында көп тіл білгеннің пайдасы болмаса, зияны тимейді. Сондықтан балалар тек орысша ғана емес, сонымен бірге ағылшын, француз, неміс, қытай, араб тілдерін де меңгерсе артық болмайды. Тек өз ана тілін алдыңғы орынға қойса болғаны. «Жеті жұрттың тілін біл» деп бабаларымыз бекер айтқан жоқ қой», – дейді Айдана Жұмағалиқызы.
Расында мұндай балаларға арналған кітап дүкені аудан түгіл, облыс орталығында тапшы. Осы тұрғыдан қарағанда, кейіпкеріміз өзі айтқандай, жеке кәсіп емес, игілікті іс бастап отыр.


