Kyzylorda-news.kz. Жалағаш ауданының әкімі Асқарбек Есжанов білім саласының қызметкерлерімен кездесті.
Кездесуде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауындағы білім саласына қатысты мәселелер кеңінен талқыланды.
Жалағаш ауданы бойынша білім бөлімінің басшысы Талғат Садықов білім саласы бойынша атқарылған жұмыстарды баяндады.
Аудан басшысы сондай-ақ, алдағы уақытта №123 мектеп-лицей жанынан қосымша құрылысын салу жұмыстары жүргізілетінін, Оқушылар Үйі мен әуез мектебінің жаңа ғимараты жақын күндері пайдалануға берілетінін жеткізді.
Мәжілісте Асқарбек Темірбекұлы білім бөлімінің басшысына аудандық полиция бөлімімен бірлесіп, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді қатаң тапсырды.
Сонымен қатар, зейнет жасына толатын мұғалімдер зейнеткерлікке шыққаннан кейін мектеп басшылары мұғалімдерді қабылдауда белгіленген нормаларды қатаң сақтап, біліктілігі жоғары мамандарды қабылдау қажеттігін де атап өтті. Білім бөлімінің қызметкерлерінен бастап, есепшілер, білім беру ұйымдарының басшылары, мектеп директорының орынбасарлары сыбайлас жемқорлықты болдырмау бағытында қатаң шаралар атқарулары тиіс екендігін де атап өтті. Сағат бөлінісін жасауда мектеп басшылары, оқу ісінің меңгерушілері сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу қажеттігін тапсырды.
Қазіргі таңда тиісті министрлік талаптарына сәйкес ауданда білім беру ұйымдарының басшыларын ротациялау жұмыстары жүргізілуде.
Асқарбек Есжанов мектеп басшылары, балабақша меңгерушілерімен қатар, мектеп директорларының орынбасарларын да ротациялау жұмыстарын жүргізу қажеттігін тапсырды.
Жиналыста мектеп статусы, есепшілердің жұмысы, мемлекеттік сатып алу жұмыстары, білім беру ұйымдарындағы кәсіподақтар, ыстық тамақпен қамту мәселесі, тәрбие жұмысы, мектеп психологтарының жұмысы айтылды. Білім саласына қатысты қамтылмаған мәселелер қалмады. Асқарбек Есжанов білім беру саласының қызметкерлерімен ашық пікір алмасып, ұсыныс-пікірлерін тыңдап, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.

