Kyzylorda-news.kz. Бүгін Жалағаш ауданында Қазақстан Мұсылман Діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының, аудан әкімі Асылбек Шаменовтың қатысуымен 900 орындық «Иманқұл» мешітінің ашылу рәсімі өтті.

Ашылу рәсімінің алғы сөзін Қазақстан Мұсылман Діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы алып, жаңадан бой көтерген мешіттің халқымызды имандылыққа тәрбиелеуде алар орны ерекше екенін атап өтті.

Шарада аудан әкімі Асылбек Шаменов сөз алып, жаңа мешіттің ашылуымен құттықтады.

«Бұл мешіт– қасиетті Рамазан айының қарсаңында, ұлтымыздың ұлық мерекесі – ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында ашылып отыр.Тәуелсіздік алған жылдар ішінде елімізде дін саласында үлкен жұмыстар атқарылды. Ел тізгіні өз қолымызға тиген сонау 1991 жылдардан бері барлық ауылдық округтерде мешіттер бой көтерді. Елім деген азаматтар ауыл мешітін өз қаржыларына салып, ел иігілігіне берді. Бүгінгі таңда бұл мешіттер аудан халқын жақсылықтарға жетелейтін имандылық үйі болып отыр. 2017 жылы «Туған жерге тағзым» жобасы аясында жеке кәсіпкер, Ақсу ауылының тумасы Ерлан Ізбасқанұлының демеушілігімен Иманқұл мешітінің жаңа ғимаратының және 350 орындық асхана құрылысының іргетасы қаланып, бүгінде аудан тұрғындарының көз қуанышы, сәулетті нысанға айналды. Елдегі барша игі істер елдегі бірліктің арқасында жүзеге асатыны белгілі. Қай кезде де мешіт салу – ең үлкен сауап саналады. Осындай сауапты іске атсалысқан Ерлан Ізбасқанұлына аудан халқының атынан шынайы ризашылығымды білдіремін», – деді аудан әкімі.

Шарада мемлекет және қоғам қайраткері Қожахмет Баймаханов, Ибрагим Әбибуллаев, кәсіпкер, «Жалағаш ауданының Құрметті азаматы» Ерлан Сағынбаев сөз сөйлеп, ел игілігіне пайдалануға берілгелі отырған мешіттің халыққа қалтқысыз қызмет көрсетуіне тілектестігін білдірді.

Жиылған қонақтар жаңа мешіттің лентасын қиып, жұма намаз оқылды.

Тағы да оқыңыз: