Kyzylorda-news.kz. Жалағаш аудандық ішкі саясат бөлімінің әлеуметтік тапсырысы аясында «QAZAQSTAN JASTARY» қоғамдық қорының және аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен жастарға патриоттық тәрбие беру, және азаматтық белсенділігін арттыруға бағытталған әлеуметтік қызметі жобасы аясында бүгін Жалағаш кентінің орталық стадионында аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімі «Наркескен» спорт клубының 10 жылдығы және спорт күні мерекесіне орай, 80-100 келі салмақ дәрежесінде «Үздік балуандар» бақ сынасты.
Жарысқа облыс көлемінен 30-ға жуық балуан қатысып бағын сынады. Аталған балуандар бәсекесін тамашалауға аудан әкімі Асқарбек Есжанов қатысты.
Боз кілемде белдескен сайысқа қатысушылардың қай-қайсысы болмасын өз деңгейлерінде сапалы күрес өрнегін көрсетіп, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
Сайыс қортындысында 80 кг салмақта жүлделі бірінші орынды қазақ күресінен «Ақ бидай» республикалық ауыл спорты ойындарының жеңімпазы, дзюдо күресінен жастар арасында және ересектер арасында Қазақстан чемпионы Жалағаш ауданынан Ақылбек Серік, екінші орынды жастар арасында Азия чемпионатының күміс жүлдегері, қазақ, самбо, дзюдо күресінен спорт шебері қармақшылық Ерлан Жақсыбеков, жүлделі үшінші орынды дзюдодан 23 жасқа дейін Қазақстан Республикасының чемпионы, спорт шебері, Жалағаш ауданы Мәдиениет ауылының тумасы Айғали Қалдыбек қанжығасына байлады.
Сонымен қатар 100 кг салмақ бойынша бірінші орынды қазақ күресінен Азия чемпионатының қола жүлдегері, дзюдо, самбо, қазақ күресінен спорт шебері жалағаштық спортшы Жайдарбай Есенов, екінші орынды белбеу күресінен Қазақстан Республикасының спорт шебері Ақсу аулынынан келген Ұласқан Алпысбай иеленсе, үшінші орынды жастар арасында Азия чемпионы, ересектер арасында Қазақстан Республикасының чемпионы Қызылорда қаласынан келген Саламат Жұрқабаев еншіледі.
Жеңімпаздар ақшалай сыйлықтармен, арнайы белбеумен және аудан әкімінің алғыс хаттарымен марапатталды. Кез келген балуан буырқанып, құдіретін ұғар боз кілемнің байрақты бәсекесімен спорт мерекесіне арналған сайыстар өз мәресіне жетті.
Сондай-ақ ауданда бүгін спорт саласының үздіктері марапатталды.
Аудан әкімі Асқарбек Есжановтың қатысуымен аудандық мәдениет үйінде спорт күніне орай салтанатты шара өтті.
Салтанатты шарада аудан спортының дамуына үлес қосып жүрген спортшылар, сала ардагерлері, қызметкерлер арнайы аудан әкімінің алғысымен, құттықтауымен марапатталды.
Олардың қатарында спорт саласының ардагері Қуандық Ахметов, «Дене шынықтыру мен спортты дамытуға қосқан үлесі үшін» медалімен және «Үздік дене шынықтыру пәні мұғалімі» төсбелгісімен марапатталған №13 ОРМБЖМ жаттықтырушысы Ләззат Әбдіхалықова, Белбеу күресінен Жастар арасында әлем чемпионы Нұртас Алиса, Францияның Нормандия қаласында өткен жазғы бүкіл әлемдік гимназиада ойындарының чемпионы Нұрдәулет Маратұлы, әлем және Азия чемпионаттарының жүлдегері Жұмабек Альсина, шәкірттері облыстық, республикалық жарыстардың жеңімпазы Жанқожа Қаниевтер бар.
Салтанатты шара спорт күніне орай дайындалған аудандық мәдениет үйінің өнерпаздарының концертімен қорытындыланды.







