Kyzylorda-news.kz. Жалағаш ауданында былтыр жалпы құны 681,4 млн теңгені құрайтын 13 жоба пайдалануға берілген болатын. 13 жоба қолға алынғалы Жалағашта 89 жаңа жұмыс орны ашылды.

Игі бастама биыл да жалғасын табуда. Яғни осы жылы жалпы құны 1 млрд 100 млн теңгені құрайтын 10 жаңа жоба Жалағашта жұмысын бастайды. Кәсіпорындар іске қосылған жағдайда 52 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Биыл іске қосылатын саладағы нысандардың қатарында Т.Жұмабекқызының мал бордақылау және ет өңдеу цехы, «Сыздық» ШҚ-ның тәулігіне 60 тонна күріш ақтау және жем өндіру цехы, «АГРОХИМСЕРВИС-С» ЖШС-ның тыңайтқыштар және құрамында азот бар құрамаларды өндіру зауыты, «Бағдәулет-57» ШҚ-ның жол бойы кешені, Т.Жұмабекқызының күйдірілген қыш өндіру зауыты, «Ер-Әлі» ШҚ-ның күріш тазалау цехы бар. Жарқын жобалардың кәсіпкер үшін және аудан әлеуетіне қосар үлесі жайында алдағы нөмірлерде жазатын боламыз.

Ауданда өңдеу өнеркәсібін дамыту мақсатында облыстық ХІ «Baikonyr Invest» инвестициялық форумы аясында жалпы құны 515 млн теңгені құрайтын жеке кәсіпкер Т.Жұмабекқызының мал бордақылау және ет өңдеу цехы мен «АГРОХИМСЕРВИС-С» ЖШС-ның тыңайтқыштар және құрамында азот бар құрамаларды өндіру зауытын іске асыру үшін меморандумға қол қойылды. Аталған жобалар осы жылы жұмысын бастайды.

Жалпы Жалағашта кәсіпкерлік саласын дамыту бағытындағы жұмыстар жемісін беруде. Алдағы жылы да қарқынды қолдау жалғасын табады деп үміттенеміз. Бұрынғыдай емес, қазір ауылдық елді мекендерде де мал шаруашылығын қолға алып, жұмысының жемісін көріп отырған кәсіпкерлердің қатары артқан. Бұл бір жағынан бастысы ниет болса, қолға алған жобаңды дамытуға барлық мүм­кіндік қарастырылғанын аңғартады.

Тағы да оқыңыз: