Kyzylorda-news.kz Жалағаш ауданының әкімі Ардақ Ибраимов М.Шәменов ауылдық округіне барып, ауыл тұрғындарымен кездесті.
Алдымен Жалағаш ауданының әкімі ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуы, әлеуметтік нысандардың жай-күйі және елді мекенде атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.
Өңірлерді дамыту бағдарламасы аясында М.Шәменов ауылының кіреберіс бөлігі мен Бұқарбай батыр көшесіне бейнебақылау камералары орнатылды.
«Ауыл – Ел бесігі» жобасы шеңберінде 3 көшеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, толық аяқталды. Бұдан бөлек, елді мекендегі тұрғын үй секторын инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бағытында электр беру желілерін жаңғырту жұмыстары жүзеге асырылды.
Еркін форматта өткен кездесуде аудан әкімі тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Сондай-ақ, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңірде атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы кезеңге жоспарланған міндеттерге тоқталды.
Жалағаш ауданының әкімі алдағы уақытта күн тәртібіндегі мәселелер қолға алынып, барлық жұмыстар кезең-кезеңімен жүйелі түрде жүзеге асатынын жеткізді. Тұрғындар үшін қолайлы жағдай жасап, барлық ұсыныс-пікірлер назарға алынатынын мәлімдеді.
