Kyzylorda-news.kz. Жалағаш ауданындағы Мөрәлі Шәменов ауылына да жеттік. Кіреберіс көшедегі қаз-қатар бағандарда ілінген шамдар кеш қарайса, ауыл ажарын тіпті айшықтай түсетіндей. Ауыл тұрғындары әдеттегідей жол бойын қоқыстан тазартып, көшет отырғызып жатыр. Бір сөзбен айтқанда, таза ауылды одан да бетер тазартып жатыр.

Иә, өңір басшысы Асқарбек Есжановтың халық алдындағы есеп беру кездесуі М.Шәменов ауылында жалғасты. Аталған ауыл аудан бойынша Сыр салысын өндіруде зор үлес қосып отырғанын өңір халқы жақсы біледі. Сондай-ақ мал шаруашылығы да кең қанат жайып, ауыл шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлер қатары артқан. 

Аудан басшысы бастаған топ әдеттегідей ауыл халқының алдында тікесінен тік тұрып, тұрғындардың мұң-мұқтажын, ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Сондай-ақ тұрмыс түйткілдеріне қатысты қойылған сауалдары мен шешімін таппай жүрген мәселелері бойынша жауап берді. 

Өңірде ауылдық округтердің ішкі жол мәселесі жыл санап оңтайланып, толықтай жаңартылып келеді. Мәселен, 2022 жылы М.Шәменов ауылында 8 көше күрделі жөндеуден өтсе, 2023 жылы ауылдың кіреберісінде орналасқан Бұқарбай батыр көшесін жөндеуге 66,5 млн теңге бөлінді. Қазіргі таңда 2 көшені күрделі жөндеуге, қосымша 2 көшенің және Ә.Тәшімбетов көшесінің құрылысына, ауылды газдандыруға ЖСҚ әзірленген.

Ең бастысы, ауылда халықтың маңызды өмір сүру қажеттіліктері толықтай бір жүйеге келтірілген. Мәселен, елді мекенде ауыз су толықтай үйді-үйге жүргізілген. Ауыл руханияттың орталығы екенін аудан басшысы кездесулерде айтып келеді. Тек айтып қана қоймай, ауылдарда мәдениет, спорт кешендерін жаңарту, қайта салу жұмыстарына баса мән беруде. Осы орайда бүгінде ауылда мәдениет үйі мен білім ошағы жаңаланған. Сонымен қатар елді мекендегі көшелерді көркейтіп-абаттандыру бойынша «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында ауыл іргесіндегі тұрмыстық қатты қалдықтарды тастайтын полигонды қоршауға 1,5 млн теңге де қарастырылыпты. 

Бір сөзбен айтқанда, ауылдың бүгінгі тынымсыз тірлігі тек бірлігімен келгенін айтпай-ақ аңғартып тұрғандай. Аудан әкімі Асқарбек Есжанов қай ауылға барса да алдымен тұрғындардың тірлігін емес, бірлігін көргісі келетінін баса айтты. 

«Аудан басшылығы сіздердің ұсыныстарыңыздың негізінде бюджетке байланысты мәселелердің барлығын өз ретімен, кезеңімен шешуге мүдделі. Мейлі қандай мәселе болса да ол үшін барлық мүмкіндіктерді қарастырамыз. Алайда ауылдағы ағайынның арасында өзара ынтымағы, ауызбіршілігі болмаса, бәрі де бекер. Мен, ауыл әкімі бар және осы жердегі ақсақалдар мен ел ағаларының ұйытқы болуымен ең алдымен елдің бірлігін бекемдеп алуымыз керек. Сонда ғана ойға алған мақсат-міндеттеріміз ретімен орындалып, тірлігіміз өз-өзінен алға басатыны анық. Мен сіздерден осы мәселені ескерулеріңізді сұраймын, сіздердің басты міндеттеріңіз – ауыл ауызбіршілігін ұстап, бірлігін бекемдеу», – деді өңір әкімі Асқарбек Темірбекұлы.

Аудан әкімі тиісті бөлім, мекеме басшыларымен бірге сұрақтарға жауап беріп, орын¬далуы тиіс мәселелерді бақылауына алып, жұмыс жүргізу үшін бөлімдерге тапсырма берді.

Тағы да оқыңыз: