Kyzylorda-news.kz Жалағаш ауданының әкімі Ерлан Төрәлиевтің төрағалығымен мәжіліс өтіп, ауданның 2026 жылғы 9 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері, бюджет кірістері мен шығыстарының орындалуы, сондай-ақ «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында атқарылған жұмыстардың барысы талқыланды.

Есепті кезеңде ауданның негізгі макроэкономикалық көрсеткіштерінде оң өсім қалыптасты. Өнеркәсіп өндірісі 14,2 пайызға өсіп, 32,7 млрд теңгені құрады. Негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 21,1 млрд теңгеге жетіп, 20 пайызға артты.

Ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 26,2 млрд теңгені құрап, 6,2 пайыздық өсім көрсетті. Құрылыс саласында 11,6 млрд теңгенің жұмыстары орындалып, өсім 29 пайыз болды. Сонымен қатар, жалпы ауданы 17,7 мың шаршы метрді құрайтын 99 жеке тұрғын үй пайдалануға берілді.

Мәжілісте аудан бюджетінің кірістер жоспарының орындалуы да қаралды. 2026 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша аудан бюджетінің өз кірістері 1 млрд 820,2 млн теңгені құрап, болжамнан асыра орындалған. Дегенмен, жекелеген салық төлемдері бойынша берешектердің қалыптасуы және жыл соңына дейін кірістер жоспарының орындалмау қаупі назарға алынды.

Аудан әкімі жауапты сала басшыларына салық берешектерін өндіру жұмыстарын күшейтіп, кірістер жоспарының толық орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды. Сондай-ақ көлік салығы бойынша берешектерді 2026 жылғы 1 қарашаға дейін толық өтеу жұмыстарын жандандыру қажеттігін ескертті.

Аудандық бюджет шығыстарының игерілу барысы да талқыланды. 1 қазандағы мәлімет бойынша 6 млрд 272 млн теңге көлеміндегі шығыстар жоспары 99,9 пайызға игерілген. Алайда, кейбір ауылдық округтерде бюджет қаражатының толық игерілмеуіне байланысты жауапты тұлғаларға тиісті шаралар қабылдау қажеттігі тапсырылды. 

Мәжілістің күн тәртібіндегі  мәселелердің бірі – «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясындағы санитарлық тазарту жұмыстарының ұйымдастырылуы болды.

Жиын қорытындысымен аудан әкімі жауапты басшыларға бюджет кірістері мен шығыстарының 100 пайыз орындалуын қамтамасыз етуді, экологиялық акция аясындағы тазалық жұмыстарын жүйелі ұйымдастыруды, анықталған кемшіліктерді жедел жоюды және барлық тапсырмалардың орындалуын қатаң бақылауға алуды міндеттеді.

Жалағаш әлеуметтік-экономикалық даму 2.jpg

Тағы да оқыңыз: