Kyzylorda-news.kz. Жалағаш – 35 мыңнан астам халқы бар бірлігі бекем, тірлігі тиянақты аудан. Ал  тұрғындардың 15 мыңға жуығы еңбекке жарамды, белсенді халық санатында. Аудан халқы атакәсіпті қолға алып, ауыл шаруашылығы саласында табысты еңбек етіп келеді. Десе де, аграрлық салаға бейімделген Жалағаш өңірінің қай саласында болмасын дәл қазіргі күні ілгерілеушілік байқалады. Себебі өңірде атқарылып жатқан қарқынды жұмыстар соның айқын дәлелі. 

Ел дамуының негізі экономика дейтін болсақ, ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінде оң өсім бар. Оған дәлел, өңірдің өңдеу өнеркәсібінің өркендеуі. Нақтырақ айтсақ, есепті кезеңде өнеркәсіп өнімдерін өндіру 2,1 есеге артып, 20 436 млн теңгенің өнімі өндірілсе, өнеркәсіптің өңдеуші секторы 29,6 пайызға орындалып, 8 489 млн теңгенің өнімдері өндірілген. 

Сонымен қатар, шағын және орта кәсіп бойынша да айтарлықтай өсім байқалады. Жергілікті билік өкілдерінің ұтымды саясатының нәтижесінде тұрғындардың мемлекет тарапынан кәсіпкерлік саласына көрсетілетін жан-жақты қолдауды тиімді пайдаланып, өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың қатары көбейген. Бүгінгі күнге, мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар аясында шағын және орта кәсіпті бастау немесе жұмыс істеп тұрған кәсібін әрі қарай дамыту бағытында 417 жоба 2 822 млн теңгеге қаржыландырылып, 430 жаңа жұмыс орындары ашылған. Бұл дегеніміз аудан тұрғындарының түрлі кәсіпті меңгере бастағанының көрінісі десек болады.

Ауданда қоғамды дендеген жұмыссыздық мәселесін жоюда аудан экономикасына серпін беретін тың жаңа жобалар жүзеге асуда. Расында, соңғы жылдары Жалағаш ауданында жұмыссыздар қатары кемімесе, артпаған. Бұл бағытта ауданда 2022 жылы 2 420 жаңа жұмыс орындарын ашу жоспарланса, есепті мерзімге 1 864 жаңа жұмыс орындары ашылған. Сонымен қатар «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту» ұлттық жобасы шеңберінде ауданда жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік грант 300 адамға берілген. Яғни, бұл кемінде 300 адам тұрақты жұмыспен қамтылатын болады деген сөз.

Жалағаш ауданы егін шаруашылығы бойынша, соның ішінде күріш дақылын өндіруде облыста жыл сайын озат аудан ретінде алдыңғы қатардан көрініп келеді. Нақтырақ тоқталсақ, биыл аудан бойынша диқандар 35 486,5 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастырып, мол өнім алған. 

Қазіргі таңда аудан бойынша орналастырылған 18 501 гектар күріш толық орылып, 999 054 центнер өнім жиналған. Орташа өнім әр гектардан 54 центнерді құрайды. Былтыр 19 800 гектар күріш дақылы орналастырылып, 1140480 центнер өнім жиналған болатын. Орташа өнім гектарынан 57,6 центнерді құраған. Өңірдегі егінге қажетті су тапшылығын ескеретін болсақ, аудан диқандарының ерлігін ерекше айтып кетсек болады.

Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев: 

«Жалағаш ауданының облыс орталығына жақын орналасуы бау-бақша және фермерлік кәсіпті дамытуға мүмкіндік береді. Ол үшін ауданда бақша, көкөніс өнімдерін өсіруге және етке негізделген мал, құс шаруашылығын дамытуға жеткілікті жағдай жасау қажет», деген болатын. 

Аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес, соңғы жылдардағы егінге су жеткізу мәселесінің туындауына байланысты ауданда егінді әртараптандыру жұмысы жанданған. Соның нәтижесінде биыл егілген 720 гектар бидайдан 5 400 центнер астық алынып, орташа өнім 1 гектардан 7,5 центнерді құраған. Мұнан бөлек биыл 5 га сұлыдан 63 центнер өнім алынса, орташа өнім гектарынан 12,3 центнерді құрап отыр. Былтыр өнімнің бұл түрі мүлде егілмеген. Сонымен қатар алғаш рет 73 гектар қант құмайынан 2 921 центнер өнім алынып, орташа өнім гектарынан 40 центнерді құрады. Былтыр да қант құмайы егілмеген. Осыдан-ақ, биыл егінді әртараптандыруға айтарлықтай басымдық берілгенін аңғаруға болатын секілді.

Сондай-ақ, биыл облыс әкімінің тапсырмасы бойынша жеке азаматтардың егінмен айналысып өзін-өзі азық-түлікпен қамтамасыз ету мақсатында 250 гектар жер дайындалып, 802 отбасыға бөлініп берілген. Келесі жылы бау-бақшалық мақсатта берілетін жер көлемін ұлғайту жоспарланы отыр.

Аудан бойынша мал шаруашылығы саласында да өсім бар. Себебі ауданда кәсіп ашып, мал басын көбейтемін деген ауыл тұрғындар қатары артқан. Айта кететіні, саланың дамуына мемлекеттік бағдарламалардың да ықпалы зор. Қазіргі таңда ауданда мемлекеттік бағдарламалар мен «Бизнес Бастау» жобасы арқылы қаражат алып, оған мал алып, кәсіп бастағандар жетерлік. Статистикаға сүйенсек, 2022 жылдың 1 қарашасынан бастап мүйізді ірі қара – 38 206 басты, жылқы – 20 970 басты, түйе – 733 басты, қой-ешкі – 43 299 басты,  шошқа – 115 басты, үй құстары – 10 611 дананы құрады.

Қоғамда жол сапасы әрқашан басты назарда болып келген. Жуырда Мемлекет басшысы өз Жолдауында Қазақстан территориясындағы жолдардың сапасын қатаң сынға алған болатын. «Сын айтылмай, мін түзелмейді» демекші, ауданда бұл бағытта да қыруар жұмыстар атқарылып жатқандығы байқалады. 

Ауданда барлығы жергілікті маңызы бар 234,1 шақырым автомобиль жолдары және осы жолдар бойында 20 көпір орналасқан. Ағымдағы жылы «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында 196,5 млн теңгеге 6,3 шақырымды құрайтын Бұқарбай батыр ауылына кіре беріс автомобиль жолын орташа жөндеу жұмыстары аяқталды. 

Биыл ауданда барлығы 17 көшеге жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде 14 көшеге «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында республикалық бюджеттен бөлінген қаржы бөлініп, Мырзабай ахун ауылының 2, Еңбек ауылының 3, М.Шәменов ауылының 9 көшесі жөнделуде. 

2023 жылға Ақсу елді мекеніне кіреберіс аудандық маңызы бар  автомобиль жолының құны 76,7 млн теңгені құрайтын орташа жөндеу жобасын, Аққыр елді мекеніне кіреберіс аудандық маңызы бар автомобиль жолының құны 664,8 млн теңге болатын күрделі жөндеу жобалары республикалық бюджеттен қаржыландыру жоспарына енгізілген.  Бұған қоса, М.Шәменов ауылына кіреберіс, Ақсу-Беркімбай автожолдарын жөндеуден өткізу үшін жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде. Аудан басшылығы осы көрсеткіштерді 2023 жылы 93 пайызға, 2024 жылы 96 пайызға, 2025 жылы 100 пайызға жеткізуды жоспарлап отыр.

Қазіргі таңда, тұрғындар үшін ең басты мәселенің бірі өзінің жеке баспанасының болуы екені белгілі. Ауданда бұл мәселе бойынша да көптеген тындырымды тірлік атқарылуда. Жалпы ауданда 27 көппәтерлі тұрғын үй бар. 2014-2019 жылдары аралығында бюджет есебінен 5 көппәтерлі тұрғын үйге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Қазіргі таңда 14 тұрғын үй күрделі жөндеуді қажет етеді. Биылдың өзінде республикалық бюджеттің ішкі заем есебінен 5 тұрғын үйге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге 36 млн теңге қаржы бөлініп, жөндеу жұмыстары жүргізілген. 2023 жылға «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында жалпы құны 9,2 млн теңгені құрайтын 2 тұрғын үйге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына бюджеттік өтінім тапсырылған. Сонымен қатар, биыл ауданда 17 141 шаршы метр болатын 116 тұрғын үй тұрғындарға пайдалануға берілген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 31,9 пайызға артқан.

Бүгінде Жалағаш кентінің газдандыру жұмыстары толық аяқталып, тек аудан орталығын ғана емес, 2023 жылға ауданға қарасты Ақсу және Шәменов  елді мекендерін газдандыру жоспарланып отыр. 

Жалпы, ауданның әлеуметтік-экономикалық даму бағытында атқарылатын жұмыстар әлі жетерлік. Осы орайда, аудан тұрғындарының ұсыныс-пікірлерін ескере отырып, аудан бойынша 2023-2025 жылдарға арналған 3 жылдық перспективалық іс-қимыл жоспарын әзірлеген. Бүгінде аталған жоспарға енгізілген жобаларды кезең-кезеңімен іске асыру қолға алынып, аудан басшысының назарында.
 

236167234_689807789085765_8810628800500462801_n.jpg

dsc_6420-1536x1024.jpg

312582803_1565933417192064_8260303066924327163_n.jpg

Тағы да оқыңыз: