Kyzylorda-news.kz. Кез келген елді мекенде мәселе болады. алайда оның шешімі де жоқ емес. Тек халық үніне құлақ асып, елдің мәселесін ертеңге қалдырмау қажет. Бұл тұрғыда жергілікті әкімдік жүйелі жұмыс жасап жатқанын жақсы білеміз. Жалағаш ауданының басшысы асқарбек есжанов та кезектілікпен жеке қабылдау өткізіп, тұрғындардың талап-тілегіне құлақ асады. Бастысы, нәтиже бар.
Өткен аптада Жалағаш ауданының басшысы Асқарбек Темірбекұлы тұрғындарды жеке мәселелері бойынша тағы да қабылдады. Жеке қабылдауға келгендердің дені жұмыссыздық мәселесін алға тартып, екі қолға бір күрек табылса деген ниетпен жүргенін жасырмады.
Бұл мәселе бойынша Асқарбек Темірбекұлы өңірде жұмыссыздық деңгейін төмендету мақсатында бөлімдер мен мекемелерде жұмыс жасайтын зейнет жасына жеткен немесе зейнетке шығып жұмыс жасап жатқан мамандарға талдау жасауды тиісті бөлімдерге тапсырды. Сондай-ақ ауданда жаңа жұмыс көздерін ашу мақсатында салынып жатқан құрылыс нысандарының жұмысын мерзімінде аяқтауды және өндірістік мақсаттағы кәсіпкерлік бастамаларға қолдау көрсетуді басты назарға алып, өзі қадағалау жасайтынын жасырмады.
Қабылдау барысында аудан әкімі әрбір тұрғынның жеке мәселесін тыңдап, бірқатарына заңдылыққа сәйкес жауап берсе, басқа да тұрғындардың мәселесін шешу үшін тиісті бөлім басшыларына тапсырмалар жүктеді. Сонымен қатар әлеуметтік көмек сұраған аудан азаматтарына мүмкіндігінше көмек жасалатынын жеткізді.
Иә, аудан басшысы бұған дейін де ауыл әкімдеріне тұрғындарды мәселелері бойынша жиі қабылдау қажеттігін айтып, елдің ішіндегі тұралаған мәселелерді шешуге жұмыс жасауды жүктегеніне талай куә болғанбыз. Бастысы, нәтиже бар. “Халық үніне құлақ асатын мемлекет” тұжырымдамасы әрбір өңірде осылай іс жүзінде жүзеге асса, халық оның игілігін көретіні анық.
