Kyzylorda-news.kz.  Нағыз ұстаз болу – бақыт әрі абырой. Мұғалім деген кіршіксіз атауға қылау жұқтырмау оңай емес. Кезінде сол бір аяулы жандарды алтын діңгекке теңеп, көзі ашық, көкірегі ояу деп құрметтеген. Ол үрдіс бүгінге дейін жалғасын тауып келеді. Бүгінде білім беру саласында тәжірибелі, озық ойлы, өз мамандығының хас шебері болған кісілер жетерлік. Солардың бірі – Жалағаш ауданына қарасты Мырзабай ахун ауылындағы №122 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Алма Олжабаева. 

Ол – ұзақ жылдар бойы ұстаздықтың ұлы жолында өзінің айшықты еңбегімен   дараланған жан.  Сондай-ақ өз ісіне берілген білікті маман. Ал отбасында төрт ұл, бір қыз тәрбиелеп отырған асыл жар, аяулы ана. 1971 жылы көпбалалы қарапайым отбасында дүниеге келген кейіпкеріміз қазір өзі еңбек ететін мектепті бітірген.  Ол мұғалім боламын деген бала арманы жетегінде жүріп, М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық колледжіне оқуға түсті. Осылайша «бастауыш сынып» мұғалімі мамандығын игеріп шықты. Көп ұзамай Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетіне түсіп, жоғары білім алады. 

«Ұстаз» деген ұлы атқа ие болу зор мақтаныш еді. Бала күнімде мен үшін мұғалімнен биік тұлға болмайтын. Сол кездегі ұстаздарыма деген құрметімнен болар, әлде қызығушылығымнан ба, мұғалімдік мамандықтың қыр-сырына ынтам арта бастады. Әрбір адам армандай білуі керек. Сол ойлағаның түптің-түбінде әйтеуір бір орындалады. Менің бала күнгі арманым алдаған жоқ. Мектеп бітіріп, өзім қалаған мамандыққа оқуға түстім. Бүгінде білім саласының дамуына үлес қосып жүрмін. Небір мықты шәкірттер дайындап, үлкен өмірге бағыт бердім», – деді ол. 

Расында талай шәкіртті білім қайнарымен сусындатып, қанатын қатайтып, мектеп қабырғасынан ұшырды. Бойына өмірден түйген тәжірибесін сіңірді. Біздің кейіпкеріміздің оқу-ағарту саласында тәжірибесі мол. Еңбегі еш кеткен жоқ. Мұғалімнің білім саласындағы еңбегі шәкірттердің жетістігімен өлшенеді ғой. Бұл тұрғыдан келгенде Алма Мырзағалиқызы жемісті еңбек етіп келеді. 

Ұстаздың басты ұстанымы – келешек ұрпақтың бойына ұлттық тәрбиені сіңіріп, сапалы білім беру. Соның нәтижесінде қаншама асулардан асып, биіктерді бағындыруда. Ізденіспен, терең оймен еңбек еткеннің нәтижесінде ұлағатты ұстаз көптеген жетістікке қол жеткізді. Оның бәрін тізбектеп шығу мүмкін емес. Дегенмен жыл сайын аудан әкімі, мектеп басшысының алғыс хатымен марапатталып, құрмет төрінен көрініп жүр. Сондай-ақ  шәкірттері түрлі байқауларда топ жарып келеді. Атап айтсақ, республикалық бастауыш сынып ұстаздары арасында «қазақ тілі пәнінен» ұйымдастырылған онлайн олимпиадада І дәрежелі диплом, математика пәнінен бастауыш сынып мұғалімдеріне арналған республикалық «Педстарт» қашықтық олимпиадасының ІІІ дәрежелі дипломы берілді. 

«Адамның бір қызығы – бала деген, баланы оқытуды жек көрмедім» деп хәкім Абай айтқандай, мұғалімдіктің де өз қызығы бар. Бірақ қиындығы да аз емес, соны жеңе білген жан ғана шәкірт жүрегіне жол табады. Мен үшін оқушының сапалы білім, тәлімді тәрбие алуы маңызды. Шәкірт жетістігі – ұстаздың ерен еңбегінің нәтижесі, мұғалім мерейі. Бастысы, білім шырағын жаға білу керек», – дейді ол. 

Жақсы мұғалім – қай кезде де ең алдымен кәсіби деңгейі жоғары, интеллектуалдық, шығармашылық әлеуеті мол тұлға. Ол оқытудың жаңа технологияларын өмірге ендіруге дайын, оқу-тәрбие ісіне жанашырлық танытатын қоғамның ең озық тұлғасының бірі болып есептеледі. Бүгінгі біз сөз еткен ұстаздың да негізгі мақсаты осындай.

Саналы ғұмырын білім беру саласына арнаған ұстаздың қолынан тігін тігуде келеді, ол да бір өнер.  Қолынан іс келетін адам қашанда бағалы. Бос уақытында құрақ көрпешелер тігіп, қыз жасауын жасайды. Өнерлі жан қай жерде де сыйлы ғой. Ауылдағы ұзатылған қыздардың жасауының бәрінде кейіпкеріміздің қолтаңбасы бар деуге болады.  Жалпы, білім саласының ыстық суығын бірдей көріп, зерделі ұрпақ тәрбиелеуге елеулі үлес қосып жүрген осындай мұғалімдер қандай  құрметке де лайық. Ұстазы мықтының ұстанымы мықты. Өскелең ұрпаққа білім нұрын шашып жүрген Алма Олжабаеваның шәкірттері әлі талай биіктерді бағындыратыны сөзсіз.

Тағы да оқыңыз: