Kyzylorda-news.kz. Қазір жергілікті әкімдердің халықпен кездесу форматы өзгерген. Жергілікті халықпен кездесуде бұрынғыдай бас-аяғы жоқ баяндама оқылмайды, алдымен атқарылған жұмыстар, одан кейін алдағы міндеттер сарапталады. Сондай-ақ халықтың да талап-тілегін тыңдауға уақыт табылады. Бұлай болғаны да дұрыс, Президент Жарлығы аясында әкімдердің халықпен кездесуі ұйымдастырылғалы Жалағаш ауданының өзінде біршама тұралаған мәселелер шешімін тапқан.
Иә, бұған дейін Жалағаш ауданының әкімі Асқарбек Есжановтың тоқсан сайын ауылдық елді мекендерге сапарында елден сүйінші сұрайтындай табысты жобалар тілге тиек етілген. Тұрғындар да ауылдардағы тұралаған мәселелерге қатысты бірқатар талап-тілегін әкім назарына салған болатын. Бір қуантарлығы, әдеттегідей «алдағы уақыттың еншісінде, барлығы қаражатқа келіп тіреледі, әуелі зерттеп алайық» дегендей жаттанды сөздер айтылмады. Себебі әкім сапарда тек бір өзі емес, ел алдында барлық бөлімнің басшылары тізіліп тұрды. Тұрғындар көтерген мәселе қандай, оның шешімі қалай? Бұл сауалдардың түйіні сол кездесуде халықтың алдында талқыланады. Бастысы, нәтиже бар.
2023 жылдың бірінші тоқсанында Жалағаш ауданының әкімі Асқарбек Темірбекұлы тағы да ауылдарға сапарлады. Бұл жолы әкімнің көңілі тоқ, себебі осыған дейін жергілікті тұрғындар көтерген мәселелердің шешіміне нәтижелі жұмыс жасалған. Бастысы, Жаңадария халқы оның игілігін көріп келеді. Сәрсенбінің сәтті күні біз де тілшілік тіршілікпен шалғайдағы Жаңадария ауылына жолға шыққанбыз. Таңғы сағат 9.00-де жергілікті халық ауыл мектебінде аудан әкімімен жүздесті. Әдеттегідей алдымен атқарылған жұмыстар сараланды, алдағы мақсат-міндеттер де назардан тыс қалған жоқ. Мұнан бөлек шалғай ауылда биыл нендей жобалар жүзеге асқалы тұр, тұрғындар осы сауалдың жауабына қанықты.
Айта кетейік, Жаңадария жұртын бұған дейін де еңбексүйгіштігімен жақсы танитынбыз. Көршілес Аламесек ауылдық округіндегідей күріш алқабы болмаса да, ауыл халқы бақша салуда алдына жан салмайды. Шалғай ауылда күтіп бапталған бақша өнімдері бүгінде аймақта үлкен сұранысқа ие екені айтпаса да белгілі. Ал кешегі кездесуде кәсіп етуге жағдай жасалса деген ұсыныстардың айтылғаны жаңадариялықтардың еңбекқорлығын тағы бір мәрте дәлелдегендей болды.
Жаңадариялықтар биыл асар әдісімен бақша салатын үлкен жер ашыпты. Қазір оған аяқ су тарту мәселесін қолға алған. Енді тұрғындар жаңадан ашылған егіс алқабына су тартатын каналға шлюз салынса дейді, сондай-ақ техника мен жанармайға қатысты да мәселе жоқ емес. Мұнан бөлек маусымында үлкен жолдың бойынша өз өнімдерін сатуға жағдай жасалса деген ұсынысы бар екен.
Елдің мәселесі ертеңге қалмады
Тұрғындардың талап-тілегін тыңдап алған Асқарбек Темірбекұлы халықтың алдында бұл мәселелердің шешімі қайсы, әріптестерімен осы сауалдың түйінін бірге тарқатты. Нәтижесінде техника мәселесі, жанармай тапшылығы сол жерде шешімін тапты. Ал тамызға дейін жаңадариялықтардың бақша өнімдерін үлкен жолдың бойында сатуына жағдай жасалатын болды. Сондай-ақ каналға шлюз орнату да назардан тыс қалмады. Бір сөзбен айтқанда, халық көтерген мәселелердің 75-80 пайызы сол кездесуде шешімін тапты.
«Еңбек етемін деген елді қашанда қолдауға дайынбыз. Сіздердің бақша өнімдерін баптауда табысты жұмыс жасап жатқандарыңызды да білемін. Сондықтан жаңағы көтерген мәселелеріңіздің ешқайсысы ескерусіз қал-майды. Техникаға қатысты мәселелеріңізді шешіп береміз. Жанармай тапшылығын да ауыл әкіміне реттеуді тапсырдым. Ал өндірілген өнімді сатуға қатысты ұсыныстарыңызды да ескеремін. Қазірден бастап оған кәсіпкерлік бөлімінің басшысы жұмыс жасайды. Сіздер көтерген әрбір мәселе мен үшін маңызды. Себебі Жаңадарияда қандай тұралаған мәселе бар, шалғай ауылдың екінші тынысын ашуға не кедергі? Бұл сауалдардың шешімін де білетін жергілікті тұрғындар. Сондықтан мен үшін сіздердің талап-тілектеріңіз бәрінен құнды. Бұған дейін көтерген мәселелеріңізді шешуге шама-шарқымызша жұмыс жасадық, бүгін де біршама мәселе осы жерде шешімін тауып жатыр. Алдағы уақытта өздеріңізбен кеңесіп, ауылдағы басқа да мәселелердің шешіміне жұмыс жасаймыз», – деді Жалағаш ауданының әкімі Асқарбек Темірбекұлы.
Жалпы, бізге ауылдың екінші тынысы ашылғандай көрінді. Бұған дейін бұрқұраған шаңмен балалар доп теуіп жүретін астына ештеңе төселмеген ойын алаңына жасыл төсеніш жайылған. Орталық көшенің сапасы жоғары. Барлық көшеге 100 пайыз жарық бағаналары орнатылған, ауыз су жүйесіне 2019 жылы күрделі жөндеу жүріпті. Қазір мұнда жергілікті халықты тәулік бойы сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуде мәселе жоқ. Электр бағаналары да 100 пайыз жаңарып, тоқ тарататын арнайы аппараттары да толықтай жаңарған. Жаңадария, Достық және Қ.Сәтбаев көшелерінің жөндеу жұмыстары да алдағы уақытта жүзеге асады. Жобаның жалпы құны 25 млн теңгені құрайды екен. Бұған дейін аудан әкімі Асқарбек Есжанов ауыл ақсақалдарымен кездескенде осы 3 көшенің сапасына қа-тысты мәселені де өңір басшысының назарына салған. Бұйыртса, халықтың талаптілегін орындайтын күннің де ауылы алыс емес секілді.
Жергілікті халықтың тыныс-тіршілігі негізінен мал және егін шаруашылығына тәуелді екенін жоғарыда айттық. Ауыл шаруашылығының қос саласында табысты еңбек еткен Жаңадария жұрты елді мекеннің еңсесін тіктеуге айтарлықтай қолғабыс болып отыр.
Шалғай ауылда соңғы жылдары кәсіпкерлік саласы да қарқынды дамып келеді. Иә, жайылымдық жері мол өңірде тек тұрғындар мал шаруашылығы саласында өз ісін өрістетіп отыр деп ойлайтын шығарсыз, алайда Жаңадария ауылдық окргінде пластик терезе шығаратын шағын цех, тігін шеберханасы секілді өндіріс орындары да жоқ емес. Міне, осылайша ауыл халқы кәсіпті түрлендіруде де толағай табысқа қол жеткізіп отыр.
Жалпы, жергілікті халық бұрынғыдай емес, кәсіп ашуға машықтанған және одан үлкен пайда барын жақсы біледі. Былтыр ауыл тұрғындарының бірі 10 млн теңгеден астам мемлекеттік бағдарламамен несие алып, мал шаруашылығы бағытында өз ісін бастап кеткен еді. Басқа да түрлі жобалар әзірлеп жатқан тұрғындар жетерлік.
Бағана сөз басында айттық, бұл ауылдың халқы ала жаздай бақша дақылдарын және көкөністі күтіп-баптауға машықтанған. Ал бұл бағытта кәсіп жандану үшін ауылда аяқ су мәселесі болмауы керек. Мәселен, қазір етектегі егіс алқабында бірқатар шаруашылық иелері бақша дақылдарын күтіп баптаудың қамына кіріскен. Ал былтыр қырдағы алқапқа дән салайын десе, аяқ су мәселесі қатты қолбайлау болыпты. Аудан басшысы аяқ суға қатысты елдің мәселесін шешіп беретінін айтты. Оның үстіне былтыр қырдағы алқапты аяқ сумен қамтамасыз етуге толық қауһарлы «Іңкәрдария» каналы қайта қазылған. Ұзындығы 7,9 шақырымды құрайтын бұл каналды қазу жұмыстарына қыруар қаражат бөлінген еді.
Ауыл әкімі Рауан Ақпанбетовтың сөзіне сүйенсек, қазір жергілікті халық санында өсім бар екен. Бұрын әр жыл сайын ауылдан 4-5 отбасы басқа өңірлерге қоныс аударса, қазір керісінше ауылға көшіп келушілер көп көрінеді. Олай болатындай жөні бар, инфрақұрылымы дамыған, кәсіп ашамын дегендерге барлық жағдай қарастырылған, бұйыртса, биыл тағы бір балалар ойын алаңының құрылысы басталады. Жалпы, Жаңадарияның бүгінде екінші тынысы ашылғандай көрінді бізге.
Елді мекендердің еңсе тіктегені кімге болса да тиімді ғой, әрине. Аудан басшысының халықпен кездесуінде айтылған талап-тілектер шешімін тауып келеді. Былтырдан бастап шалғай ауылда жол құрылысы қарқын алып, тұрғындардың талап-тілегі ескерілген. Жол сапасына қатысты басқа мәселелер бүгінде аудан басшысының назарында. Мәселен, былтыр ауылға алып келетін 17 шақырым жолдың 4,1 шақырымына асфальт төселіпті. Өткен жылдың соңында тоқтаған жол құрылысы биыл қайта қарқын алған. Яғни бұл жолдың да мәселесі толық шешімін табады. Оған қазынадан 392,1 млн теңге қаралыпты.
Ауылда биыл басқа да бақша саламын деген тұрғындар үшін арнайы 50 гектар жер ашылады екен. Мұнан бөлек апатты жағдайдағы ауыл мектебінің ғимаратын да күрделі жөндеу жобасы қолға алынады.Өткен жылдың соңындағы есепті кездесуде жергілікті халық ауылдағы мекемелердің бірінші басшылары Жаңадарияда тұрмайтынын әкім назарына салған. Сонда Асқарбек Темірбекұлы халықпен жұмыс жасайтын кез келген басшы сол елдің ортасында болуы керектігін қатаң ескерткен. Содан бері барлығы ауылға көшіп келгенін кеше халықтың өзі айтты. Биыл ауылдағы учаскелік полиция инспекторына қызметтік үй беріледі. Оған қазынадан 10 млн теңге қаралған. Қылмыстың алдын алуда, орын алған қылмысты ізін суытпай ашуда тәртіп сақшысының сол ауылда тәулік бойы болуы маңызды ғой, әрине. Иә, Жаңадария жұрты ауданда атқарылған жұмыстарға риза. Оның ішінде шалғай ауылда да бірқатар мәселені шешуде ілкімді жобалар қолға алынған. Ауыл халқы атқарылған жұмыстарға алғыс білдірсе, ақсақалдар батасын берді.
Біз есепті кездесуде шалғай ауылдардың да болашағы аудан басшысын бейжай қалдырмайтынын аңғардық. Ел көтерген барлық мәселе ескерусіз қалмады, бірқатары сол арада шешімін тапса, кейбірі назарға алынды. Әлбетте, олардың да жуық арада шешімін табатынына күмән жоқ.
