Kyzylorda-news.kz. Жалағаш ауданының автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы – 240,9 шақырымды құрайды.
Оның 50 шқ республикалық, 60,6 шқ облыстық, 130,3 шқ аудандық маңызы бар автомобиль жолдары.
Аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының 115 шақырымы немесе 93,1% жақсы және қанағаттанарлық жағдайда, 8,5 шақырымы немесе 6,9% қанағаттанарлықсыз жағдайда.
Сонымен қатар, аудан бойынша ұзындығы 239,9 шақырымды құрайтын 228 көше бар.
Биылғы жылы облыстық бюджеттен 2 млрд. 258 млн. теңге қаржы бөлініп, жол жөндеу бағытында 10 жоба іске асырылуда.
Оның 925 млн. теңгесіне Есет батыр - Жаңадария бағыты мен Жаңаталап - Аққыр бағыттарындағы және Ақсу ауылына кіреберіс аудандық маңыздағы автомобиль жолдарына жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар, 1 млрд. 333 млн. теңгеге Жалағаш кенті және 5 елді мекеннің 19 көшесіне жөндеу жұмыстары.
Жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілген жағдайда ішкі көшелердің 148,5 шақырымы немесе 62% жақсы және қанағаттанарлық жағдайға жетеді.
Бұл көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда 6,3%-ға өсетін болады.
Атап өту керек, аудан халқының көкейінде жүрген мәселенің бірі - ол кентті екіге бөліп жатқан теміржолдан жаяу жүргіншілердің өтуі болатын.
Осы ретте, аймақ басшысының қолдауымен құны 328,7 млн. теңгені құрайтын теміржол арқылы өтетін жаяу жүргіншілерге арналған аспалы көпір құрылысы басталып, бүгінгі күні белгіленген кестеге сәйкес тиісті жұмыстар жүргізілуде. Аспалы көпір ағымдағы жылдың қараша айында толық пайдалануға берілетін болады.
Сонымен қатар, Сырдария өзені арқылы өтетін «Қызылорда-Жалағаш» автомобиль жолының 78,2 шақырымындағы көпірін орташа жөндеу жұмыстары қолға алынды. Бұл жоба 2022 жылдан өтпелі. Жобаны жүзеге асыру үшін бюджеттен 222,0 млн. теңге қаржы бөлінді.
Одан бөлек, жол жөндеу бағытында құны 2 млрд. 649,5 млн. теңге құрайтын 11 жобаны қаржыландыру үшін облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына бюджеттік өтінімдер тапсырылды.