Kyzylorda-news.kz. Көктемнің алғашқы сенбісінен бері аудан орталығында және ауданға қарасты кент, ауылдық округтерде жаппай санитарлық тазарту іс-шарасы ұйымдастырылуда. Сенбілікке мекеме қызметкерлері мен аудан тұрғындары бір кісідей атсалысып, әрбір ұжым бөлінген аумақтарда, көшелерде тазалық жұмыстарын жүргізіліп келеді. Өңірдің өркендеуін, елді мекеннің мұнтаздай таза болуын ортақ абырой деп білетін аудандағы барлық мекеме ұжымы жол жиегіндегі арықтарды күл-қоқыстан арылтып, сенбілік жұмыстарының қарқын алуына өз үлестерін қосуда.

Жалпы бала күнімізде анамыздан жиі еститініміз «Тазалықты әуелі есіктің алдынан, кіреберістен бастаңдар!» деген сөз еді. Сонда «Адам бірінші анау төрден бастап ауызға дейін жинастырмайды ма?» дейтінбіз іштей. Ол кездегі үлкендердің осы сөзі біз үшін қате сияқты көрініп, реттілікпен тазалаған дұрыс емес пе деп өзімізше айтушы едік. «Ананың көңілі балада» деп тегін айтылмаған ғой, сонда әлгі сөздің өзі біз үшін үлкен тәрбиенің өзегі екенін түсінбеппіз. 

Иә, тазалықты кіреберістен, өз аулаңнан бастаудың өзі тегін емес. Сырт көз сыншы демекші, көзге томпақ келетін кедір-бұдырды, аяғыңа оралатын күл-қоқысты, болмашы кемшілікке біздің көзіміз үйреніп кеткенімен, сырттан келген адам үшін айна-қатесіз көрініп тұратыны рас. Мейман келе жатқаннан аулаңа, кіреберісіңе қарайды. Егер тап-тұйнақтай болса сүйсініп келіп, сүйсініп кетеді. Ал осындай абырой бәрімізге ортақ. Өйткені бұл киелі мекенде сіз бен біз өмір сүрудеміз. Артығы да, кемшілігі де, сын да бізге айтылады, сөз де өзімізге тиеді. Сондықтан әр тазалық маусымы болған сайын «Тазалықты өз аулаңнан баста» деген қағиданы, ұранды үндеуді көп айтатынымыз, жиі еститініміз де содан. Қазақ «Көп түкірсе көл» дейді ғой, әрбір тұрғынның өз ауласынан бастаған тазалық жұмысы кентіміздің гүлденуіне үлкен үлес қосады. 

Аудан орталығындағы көркейту-көгалдандыру жұмыстары, тазалық айлығы басталып кетті бүгінде. Тазалыққа тастай талап керек екенін, өзіміз тұратын өлкенің күл-қоқыстан таза болуын, кез келген келеңсіздіктің ұяты өзімізге келетінін жете түсінетін кент тұрғындары тазалық маусымында бір кісідей атсалысуда. Осының ізімен әр сенбі сайын аудан орталығында және ауданға қарасты кент, ауылдық округтерде жаппай санитарлық тазарту іс-шарасы өтіп келеді.  Әрбір ұжым бөлінген аумақтарда, көшелерде тазалық жұмыстарын жүргізуде. Өңірдің өркендеуін, елді мекеннің мұнтаздай таза болуын ортақ абырой деп білетін аудандағы барлық мекеме ұжымы жол жиегіндегі арықтарды күл-қоқыстан арылтып, сенбілік жұмыстарының қарқын алуына өз үлестерін қосуда. Біріміз беліміз еңкейгенше жерді тырмаласақ, енді біріміз жанымызды салып сол қоқысты тасимыз. Тіпті отбасындағы тірлігін жиып қойып сенбілікте белсенділік танытып жүретін аналарымыз да аз емес. Әрине, мұның бәрі тазалық үшін, түптеп келгенде өзіміз үшін. Алайда бір биеден ала да туады, құла да туады демекші, қоғам болғасын әртүрлі көзқарастың болуы да заңдылық. Тазалық барлығына ортақ екенін білсе де, жауапкершіліктен жалтаруды құп көретіндер табылып жатады.  

Халық тарапынан кентті абаттандыру жұмысы туралы сөз болғанда айтылатын бір ғана жауап ол – әрбір үй иесінің тазалықты өз ауласынан бастауы. Бірақ қол қусырып қарап отырмау керек, әрекет етуге тиіспіз. Кенттің көркейіп-көгалдануы тек қаражатқа келіп тірелмейтінін түсінуіміз керек. Яғни өңірдің әрбір күл-қоқысын тазарту екі қолдың көмегімен жасалатын іс. Біле білсек, сол күл-қоқысты тастайтын өзіміз, әр ауланың айналасына тұрмыстық қалдықтарды жинап қоятын да өзіміз, қала берді адам аяғы басуға болмайтын кір суын да төге салатын сол тұрғындардың өздері. Қазір аудандағы әрбір мекеме ұжымы тазалық маусымында табандылық танытып жатқанын көріп отырмыз. Енді әрбір сенбілікке жергілікті тұрғындар да өз үлестерін қосқаны абзал. Әрбір адам өзі тұратын үйдің ауласы мен көшелердің көркеюіне және тазалығына мән берсе, күл-қоқыстармен келетін түрлі инфекциялық аурудың болмасы да анық. Әсіресе көше бойына қойылған қоқыс жәшігіне салынатын қалдықтардың тиісті жәшіктің ішіне салынуы, жәшік толған жағдайда жауапты мекеменің уақытында тазартып отыруы да үлкен септігін тигізеді. 

Жалпы жеке тұрғынның меншігіне қарасты аула әркез таза болса, сенбілік жұмыстарына білек сыбана кіріскен мекеме қызметкерлерінің де жұмысы жеңілдейді. Ал ауламыз таза, кентіңіз көркейіп тұрса онда бәріміз үшін ортақ мақтаныш. Ал тазалықты өз ауламыздан бастау, сенбілік жұмыстарына бір кісідей атсалысу ең бастысы жауапкершіліктен жалтармау керек.

Тағы да оқыңыз: