Kyzylorda-news.kz. 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесі қарсаңында Жалағаш ауданының аналары ерекше құрметке бөленіп, аудан орталығындағыҚ.Қазантаев атындағы мәдениет үйінде салтанатты шара өтті. «Әлемді тербеткен ана» атты мерекелік кешке жиылған жұртшылықты алдымен аудан әкімінің міндетін атқарушы А.Нұрмағанбетов құттықтап, аудан әкімінің жылы лебізін жеткізді. 

Жер бетіндегі бар тіршілік нәр алып, табиғат оянып, бәйшешек гүлдер көңілге қуаныш ұялататын көктемнің алғашқы мерекесі аналарға арналған. «Шығыс халықтарының арасында, жалпы мұсылман елдерінде әйел затын ерекше бағалайтын, ананы қастерлеп сыйлайтын халықтың бірі де бірегейі – қазақ. Әйел-Ана – ұлтымыздың бойындағы бар жақсы қасиеттерді тілін, әдет-ғұрпын, салт-санасын, ұлттық дәстүрін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуші, дарытушы. Жалпы, анаңды Меккеге үш рет ар¬қалап алып барсаң да перзенттік парызыңды өтей алмайсың. Бұл сөздің астарында «Ана» деген асыл аттың құдіреті жатқандай. Тоғыз ай құрсағында көтеріп жарық дүниеге әкелген, түн ұйқысын төрт бөліп ақ сүтін берген, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсірген ардақты аналарға жылдың бір күнінде ғана емес, әр күн сайын құрмет көрсетсек те артық етпейді.

Қашанда еліне тұтқа, ұрпаққа пана болған, тіршілікке нәр берген, адамзатқа өмір сыйлаған анадан құдіретті, анадан ардақты, анадан аяулы жан жоқ. Тіршіліктің тірегі, отбасының берекесі, барша адамзаттың тәрбиешісі де – ана. Мынау тынымсыз тіршілік пен кең дүниенің өзі де тек аналармен ажарлы емес пе!? Көктем шұғыласын шашқанда, қар астынан қылтиып бәйшешек көрінгенде, қыз-келіншек құл¬пырып, тіршілік жанданғанда адамзат әйел затына алғыс айтып, құрмет көрсетеді. Өйткені тіршіліктің бастауы да, қайнары да, қантамыры да – әйел.

«Баршаңызды  көктемнің шуақты да шырайлы мерекесі 8 наурыз – Халық-аралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын! Адамзат үшін анадан құдіретті, анадан ардақты, анадан аяулы ештеңе жоқ. Сондықтан әлемдегі ең жоғары мадақ пен құрмет аналар қауымына арналады. «Отан отбасынан басталады» десек, отбасының тілегі де, жүрегі де – Аналар. Бала тәрбиесіне қашан да ұлт тәрбиесі деп қараған дана халқымыз ұрпағын дүниеге әкеліп, бағып-қағып, жүрегінің жылуын аямаған аналарды ардақтай да, аялай да білген. Әйел затына құрмет көрсетіп, олардың жүрегіне қуаныш сыйлау үшін көктемді күту, осы мерекені тосу міндетті емес. Анаға, әйелге, қыз-келіншектерге жылдың қай мезгілінде болсын қуаныш сыйлау артық етпейтіні тағы белгілі. Бұған таласар жан жоқ шығар. Өйткені қазақ әйелінің болмысы, тектілігі, даналығы мен даралығы бүтіндей бір ұлттың сақталуында орасан үлес қоса алды, – деген Арнұр Нұрмағанбетов қашаннан қазақ әйелінің орны ерекше құрметке лайықты екенін де атап өтті. 

Иә, әйел әрқашан ізгіліктің, нәзіктіктің және дархан көңілдің көрінісі. Ал бұл мереке – барша әйелдер қауымына  деген шынайы құрметтің белгісі. Мәдениет үйіндегі салтанатты шарада «Ана» деген қасиетті атқа ие болып, батыр ана атанған алтынқұрсақты аналар марапат төрінен көрінді. Аудан әкімінің міндетін атқарушы Арнұр Нұрмағанбетов бірқатар көпбалалы анаға күміс, алтын алқаларын тапсырса, әр салада елеулі еңбек етіп жүрген қыз-келіншектерге облыс әкімінің алғыс хаты мен аудан әкімінің құттықтауын табыстады. Мұнан соң салтанатты жиын аудан өнерпаздарының мерекелік концертіне ұласты.
Айта кетейік, ауданымызда өмірге ұрпақ әкеліп, оларды тәрбиелеп өсіруде үлгі-өнеге болып жүрген алтынқұрсақты аналарымыз бар. Бүгінде 1300-ден аса көпбалалы ана есепте тұрса, оның 41-і – Кеңес одағының «Батыр ана» атағына ие болғандар, ал 300-ге жуығы – «Алтын алқа», 650-дейі «Күміс алқа» медальдарының иегерлері.

Тағы да оқыңыз: