Kyzylorda-news.kz. Кәсіпкерлікті дамыту – қашаннан халықтың ахуалын жақсарту мақсатындағы негізгі бағыттардың бірі. Бүгінгі мемлекеттік саясаттың, стратегиялық бағдарламалардың бірқатары кәсібін дөңгелетемін дегендерге қолдау білдіруге бағытталып отыр. Мұндағы мақсат – өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен жұмыссыздар арасында жаппай кәсіпкерлікті дамыту. Бұл қазіргі таңда бір жүйеге түсті. Оған Жалағаш ауданындағы кәсіп иелеріне қарап-ақ көз жеткізуге болады.
Қарап отырсақ, атқарылған шаруа аз емес.
Дегенмен алда қолға алатын жоспар да баршылық. Саланы өркендетуде қашанда табандылық қажет болса, мемлекеттік бағдарламалардың да тиімділігін айтпай кете алмаймыз. Біздің ауданда да мемлекет ұсынған мүмкіндіктерді пайдалана отырып, шағын және орта бизнесті қолға алғандар көп. Алдымен мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін айтсақ шағын және орта бизнестің даму деңгейі көңіл қуантарлықтай дәрежеде. Өйткені кәсіп¬керлік саласы кенже қалмай, қолдан келгенше кәсібін дөңгелетемін дегендерге қолдау білдіруде.
Осы орайда, ауданымызда да мемлекеттік бағдарламалардың қолдауының арқасында ата кәсіптен несібесін айырып отырғандар жетерлік. Жақында солардың біріне Жаңаталап ауылына барып, кәсіппен жақынырақ танысқан болатынбыз.
Әрине еңбек бейнетсіз болмайды. Мақаламызға арқау болған кәсіпкерлер малға берілетін жем-шөбін сатып алады екен. Айтуларынша, асыл тұқымды мал ұстамағандықтан, күтімі де қарапайым. Бүгінде кәсіпкердің сатып алған 3 бас ірі қарасы екі есеге көбейген, яғни 3 бұзаулы сиыр және 1 баспақты баптап отыр. Сүт өнімдеріне де сұраныс жоғары екен. Ауылды құрт, ірімшік, сары маймен қамтамасыз етіп отыр. Ауылдан бөлек аудан орталығынан, тіпті Қызылорда қа-ласынан да сұраныс бар көрінеді. Көбінесе қалалық тұрғындар құрт сатып алуды жөн санайды. Мәселен 1 келі құртты Ұлданай 4000-4500 теңгеге өткізеді.
– Мен мемлекеттік бағдарламаға қатысу мақсатында өзімнің жобамды ұсындым. Бұл мемлекеттік бағдарлама жайлы, оның тиімділігі мен мақсатын таныстарымнан естідім. Олар маған ауылда отырған соң құжаттарымды жинақтап, осы мемлекеттік бағдарламаға тапсырып көруді ұсынып, нақты бағыт-бағдарлар берді. Сол бағыт-бағдар арқылы құжаттарымды тиісті мекемеге өткізіп, мал шаруашылығы бағытында, дәлірек айтқанда, сүт бағытында мал басын көбейту кәсібі негізінде өткен жылдың тамыз айында 1 млн 225 мың теңге көлемінде қайтарымсыз грант қаражатын алдым. Ол қаржыға 3 бас ірі қара және 1 баспақ сатып алдым, – дейді Ұлданай Қорғанбекқызы. Сөз арасында кәсіп иелері «Қанымызда болғандықтан, қазақтың кез келген баласы бұл кәсіпті тез-ақ меңгеріп кетеді. Көшпенді халықтың ұрпағымыз, ата кәсіпке болмысымыз бейім» – дейді, күліп.
Иә, тынымды тірліктерін көріп, ата кәсіпті жандандырған отбасыға дән риза болдық. Бала-шағасының несібесін төрт түліктен айырып, қанатын кеңге жаюды көздеген олар пайдасы мол іске жастар көптеп араласса екен дейді. Расында, мал шаруашылығына қазіргі жастардың аса қызығушылық таныта бермейтіндігі жасырын емес. Төрт түлікте береке барын көнекөздер бекер айтпаса керек. Алысқа бармай-ақ, кейіпкерлерімізді мысалға алайық. Тұрып жатқан жаңа үйлері зәулім сарайдан кем емес. Автокөлікке де зәру емес. Одан бөлек, дастархандағы берекені айтпасақ та түсінікті шығар.
– Жұмысқа орналасу қиын екенін түсініп, мемлекет беріп отырған мүмкіндікті пайдаланайық деп шештік. Сөйтіп қызым Ұлданайдың атынан кәсіпті бастап кеттік. Осы кәсіптің басшысы – осы қызымыз Ұлданай. Иә, біздің отбасылық кәсібіміз келешекте дамып, шаруашылықты жүргізуді үйренеміз деген үмітіміз бар. Ал аталған бағдарлама расымен де жұмыс істейді. Біздің отбасымызға қарап-ақ мақсатқа жетуге болатынын айту керек, шүкір, еңбек етіп жатырмыз, өзімізге де, айналамызға да пайда келіп отыр, – дейді Ұлданайдың анасы.
Әкелері ұл-қыздарын еңбекке ерте араластырған. 7-8 жастарынан әкесіне қолғабыс ете жүріп, мал шаруашылығының қыр-сырын жетік меңгерген. Осыған қарап, біз де игі, пайдасы мол істің ғұмыры өміршең болар деп топшыладық. Ата кәсіпті табыс көзіне айналдырған отбасы болашақта жеке кәсіптерін ұлғайтып, бизнестің жаңа бағытын ашқысы келеді.
