Kyzylorda-news.kz. Жалағаш ауданында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларын тұрақтандыру мақсатында азық-түлік өнімдеріне тұрақты түрде бақылау жұмыстары жүргізіліп келеді.
Облыс әкімінің «Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыру үшін сатып алынатын азық-түлік тауарларының шекті сауда үстемесін және тізбесін бекіту туралы» қаулысына сәйкес, аудандағы барлық сауда орындарына түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 19 түріне күнделікті мониторинг жүргізілуде.
Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметінше, өңірде жыл басынан бүгінгі күнге дейін 19 түрлі азық-түлік өнімдерінің 14 түрі қымбаттаған. Атап айтқанда, ақ күріш - 22,5 теңгеге (1,1 %), ұн - 44 теңгеге (1,2 %), рожки - 152,5 теңгеге (1,7 %), сиыр еті - 100 тг (1,1 %), тауық еті - 430 теңгеге (1,4 %), сүт - 228 теңгеге (1,9 %), айран - 170 теңгеге (1,6 %), ірімшік - 800 теңгеге (2,1 %), жұмыртқа - 147,5 теңгеге (1,3 %), сары май - 122,5 теңгеге (1,1 %), күнбағыс майы - 32,5 теңгеге (1,1 %), жуа - 52,5 теңгеге (1,5 %), қант - 165 теңгеге (1,4 %), тұз - 10 теңгеге (1,2 %). Ал керісінше, 5 өнімнің бағасы: Қарақұмық жармасы - 13 теңгеге, нан - 10 теңгеге, қырыққабат - 130 теңгеге, сәбіз - 25 теңгеге, картоп - 50 теңгеге арзандаған.
Бүгінгі күнге Жалағаш ауданы бойынша ірі және шағын сауда орындарында ауданда өндірілетін және сырттан келетін 683,1 тн азық-түлік өнімдерінің қоры бар. Оның ішінде ұн - 118 тн, күріш - 120 тн, қант - 68 тн, макарон - 117 тн, күнбағыс майы - 50 тн, тұз - 45 тн, жуа - 34 тн, картоп - 53 тн, сәбіз - 23 тн.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының қымбаттауының себебі азық-түлік өнімдері негізінен Қостанай, Петропавл, Түркістан облыстарынан, Шымкент қаласынан тасымалдануынан болып отыр екен. Осы кәсіпкерлердің азық-түлік өнімдерінің бағасы жоғары болуынан және тасымалдаушылардың бағасымен қоса есептегенде ауданда азық-түлік өнімдерінің бағасы өсуде.
Дегенмен, аудан орталығындағы «Ақниет» көтерме сауда орны нан өнімдерінің бағасын тұрақтандыру мақсатында «Байқоңыр ӘКК» АҚ-мен 68 тн ұн алып аудандағы нан өнімдерін дайындайтын наубайханаларға өткізуде.
Сондай-ақ, «Азық-түлік келісім шарт» корпорациясы аудандағы азық-түлік тауарларын сататын ірі және шағын дүкен иелеріне келісім-шартқа сәйкес төменгі бағада қант сататындығы жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізген. Осыған сәйкес, қант өнімін алуға «Ақниет» және «Бағдат» дүкендері қызығушылық танытып, облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасына ұсынылып, «Ақниет» сауда дүкені 64 тн қант өнімін алып арзан бағада 1 кг 490 теңгеден аудан тұрғындарына сатып отыр.
Сонымен қатар, «Ақниет-2» көтерме сауда дүкені әлеуметтік бұрыш ашу жөнінде «Байқоңыр» ӘКК» АҚ-мен меморандумға отырған. Қазіргі таңда әлеуметтік бұрыш ашылып, базар бағасынан 10-15 пайызға төмен бағада аудан тұрғындарына ұсынылып жатыр.
Сонымен қатар, бағаны тұрақты ұстап тұру мақсатында азық-түлік өнімдерінің бағасына мониторинг жұмыстары күнделікті жүргізілуде. Мәселен, Жалағаш кенті тұрғындары азық-түлік бағаларын негізсіз көтермелеп отырған үй жанынан ашылған 3 дүкенге шағым түсірген. Осы орайда, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бөлшек сауда бағаларына жүргізілген аудандағы ірі және шағын сауда орталықтарына мониторинг бойынша қымбаттаған азық-түлік тауарлары анықталып, аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөліміне 5 мәрте мемлекеттік қадағалау шараларын қолдануға хаттар жолданған. Осыған сәйкес, бүгінде тиісті бөлім зерттеу жұмыстарын жүргізуде, заң бұзушылық анықталған жағдайда тиісті шаралар қолданылатын болады.
Тағы бір нәтижелі істердің бірі – азық-түлік тауарларының бағаларын тұрақтандыру мақсатында 2022 жылы Қызылорда қаласында қала әкімінің бекіткен кестесі бойынша 2 рет ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылып, өнімдер қала тұрғындарына қолжетімді бағада ұсынылды. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі Жалағаш кентінің орталығында 2 мәрте ұйымдастырылды. Айта кету қажет, ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі қарсаңында өнімдердің бағасы базар бағасынан 15-20 пайызға төмен бағада сатылған.
Жалпы, ауданда азық-түлік бағасын тұрақтандыруда бірнеше нәтижелі жұмыстар легі атқарылған. Дегенмен, алдағы уақытта да азық-түлік және ауыл шаруашылығы өнімдерінің бағасын тұрақтандыру жөніндегі осындай жұмыстар жалғаса беретін болады.

