Жалағаш ауданының әкімі Ардақ Ибраимовтың төрағалығымен актив отырысы өтті. Жиында аудан әкімі аппаратының басшысы, Әдеп жөніндегі уәкіл Жасұлан Дүйсекеевті Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясына оқуға түсуімен құттықтап, құрметпен шығарып салды.

Аудан әкімі Ардақ Ибраимов Жасұлан Дүйсекеевтің мемлекеттік қызметтегі еңбегіне тоқталып, алдағы оқуына сәттілік тіледі.

«Сізді Мемлекеттік басқару академиясына оқуға түсуіңізбен шын жүректен құттықтаймын! Сіз ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына, инвестициялық жобалардың жүзеге асуына, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға және мемлекеттік бағдарламалардың тиімді іске асуына елеулі үлес қостыңыз. Аудан әкімі аппаратының жұмысын тиімді үйлестіріп, жергілікті атқарушы органдардың өзара үйлесімді жұмыс істеуін қамтамасыз еттіңіз. Жасұлан Талғатұлы, ауданда атқарған жемісті еңбегіңіз үшін шынайы алғысымды білдіремін. Академия қабырғасында алған біліміңіз бен тәжірибеңізді алдағы уақытта ел игілігіне жұмсайды деп сенемін. Оқуыңызға сәттілік тілеймін!» – деді А.Ибраимов.

Жиында аудан әкімі Жасұлан Дүйсекеевке ауданның ең жоғары марапаты «Жалағаш ауданының Құрмет грамотасын» табыстады.

Жасұлан Дүйсекеев еңбек жолында әр өңірде және облыс әкімі аппаратында жауапты қызметтер атқарған. 2024 жылдан бері аудан әкімі аппаратының басшысы, Әдеп жөніндегі уәкіл қызметтерін абыроймен атқарып келеді.

Актив отырысында аудан әкімі аппаратының басшысына әріптестері де ізгі тілектерін білдіріп, жаңа белесіне сәттілік тіледі.

Тағы да оқыңыз: