Kyzylorda-news.kz. Жалағашта жағымды жаңалық көп. Жұмыстары жүйелі, жобасы мен жоспары кешенді мекен биыл да жақсы нәтижемен көзге түспек.

Жалағаш ауданының жағдайы қалай? Өркениет игілігінің бірі – орталықтандырылған ауызсу мәселесі бар ма? Жергілікті маңызы бар жолдар мен ауылішілік жол сапасы ше? Және өзге де мәселелер бойынша, мақаламызда тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары аудан дамуына, жаңадан бой көтерген нысандар мен кентті көркейтуге бағытталған жұмыстарға шолу жасап көрелік.

Кент келбетінің жағдайы – ауданның көркеюінің, оның ішінде құрылыс саласының даму деңгейінің көрінісі. Соңғы жылдары бірнеше нысан пайдалануға берілді. Олар бүгінде ел игілігі үшін қызмет етуде. Бұл жұмыстардың барлығы кент келбетін арттырып, ел игілігі үшін жасалуда. Кенттегі игілікті істің бірі – көпқабатты үйлердің қайта жаңғыртылуы мен жолдың жайы. Игі істің бастамашысы болған компаниялардың қолдауының арқасында кент орталығындағы көпқабатты үйлердің бірнешеуі жаңғыртылған. Аудандағы игі істердің қатарында кентті газдандыру жұмыстары да бар. Бірер жылдан бері аудан халқы үшін газдандыру жұмыстарының басталуы қуаныш сыйласа, енді міне, бұл іс те аяқталып, көпшіліктің қуанышын еселеді. Ауданға газ келгелі көмір тапшылығы мәселесі де біршама жолға қойылды. Өйткені табиғи газ келгелі көгілдір отын тұтынатын тұрғындар қатары артты. Осыдан-ақ бұл жаңалықты елдің асыға күткенін аңғаруға болады. Енді алдағы екі-үш жылда ауданға қарасты елді мекендерде жарқын жобалар қолға алынып, жүйелі жұмыстар жасалмақ. Әсіресе табиғи газға қосылатын ауыл тұрғындарының қуанышында шек жоқ. Қажеттілігіне, мәселенің өзектілігіне қарай барлық ауылдық округтерде көшелер жөнделіп, жарықтандыру, абаттандыру жұмыстары кезең-кезеңімен атқарылады. Қазіргі таңда Ақсу елді мекенін газдандыруға байланысты жоба қолдау тауып, 2023 жылдың бюджетіне қаржыландыруға енгізілді. Сондай-ақ М.Шәменов елді мекенін газдандыру үшін ЖСҚ әзірленіп, сараптамадан өткізілуде. Тағы бір айта кететін жүйелі жұмыстардың бірі ауылдық жерлердегі емхана, медпункттердің салынуы. Бұл тұста қыркүйек айындағы Таң ауылдық емханасының іргетасы қалануын айта кетуге болады. Енді Мырзабай ахун және Аламесек ауылдарында да дәрігерлік амбулатория құрылысына облыс қазынасынан қаржы бөлініп, жоба-сметалық құжаттары әзірленді.

Бұл жобаның құрылысын да биыл «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында жүргізу жоспарлануда. Сонымен қатар жалпы құны 3 млрд 694,1 млн теңгені құрайтын 13 жоба жүзеге асырылады деп жоспарланып отыр. Атап айтар болсақ, инженерлік коммуникациялық инфрақұрылым бойынша 1 жоба, «Ақтерек» учаскесі 170 гектарға инженерлік- коммуникациялық инфрақұрылымның газ желілерінің құрылысы, жол құрылысы бойынша 7 жобаны жүзеге асыру күн тәртібінде тұр. Айта кету керек, ауданның ауыл шаруашылығы саласы бойынша биыл орналастыратын дақыл өнімдерінің де болжамы белгілі болды. Ауданның ауыл шаруашылығы дақылдарының бекітілген сызбасына сәйкес, 2023 жылы 37 052 гектарға егiс орналастыру жоспарланған. Оның ішінде негізгі дақыл күріш 19800, бидай 750, қант құмайы 70, арпа 70, соя 35, мақсары 520, сүрлемдік жүгері 700, сұлы 5, қант қызылшасы 2, жаңа жоңышқа 4850, ескі жоңышқа 7200, картоп 646, көкөніс 1108 және бақша өнімдері 1296 гектарға егіледі. Жол жайы да көңіл көншітіп тұр. Соңғы жылдары жол құрылысы қарқын алып, сапасы сын көтермейтін бірқатар көшелер ой-шұқырдан арылды. Бұл ретте қажетті қаражат қаралып, кентішілік көшелер күрделі және орташа жөндеуден өтті. Тіпті елді мекендерді ауданмен байланыстыратын жол да назардан тыс қалмады. Қоғамдық көліктердің кедергісіз қатынауына, жолаушылардың қиындықсыз әрі қауіпсіз жағдайда болуына мүмкіндік туды. Алдағы уақытта да қалған көшелердің ой-шұқырлары тегістеліп, кезең-кезеңімен жөндеуден өтіп, ауданға қарасты көшелер толық талапқа сай күйге енеді деп сенеміз.

Айта кету керек, алдағы атқарылатын жұмыстардың ішіне Бұқарбай батыр елді мекенінің 16 көшесін жарықтандыру жұмыстары да кіріпті. Бұл ретте бүгінгі таңда жобалау-сметалық құжаттары әзірленіп, жобаның жалпы құны 170,2 млн теңгені құрап отыр. Жобаларды бюджеттен қаржыландыру үшін 2023 жылға облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына бюджеттік өтінім тапсырылды. Жалпы ауданда жыл көлемінде қолға алынған жобалардың саны отызға жуық, оның ішінде ауыз су, жол құрылысы, әлеуметтік нысандар, көпірлерді жөндеу, газдандыру, жарықтандыру, абаттандыру жұмыстары қамтылған. Ауыз су желілері бойынша 4 жоба, жол құрылысы 9 жоба, газдандыру бойынша 4 жоба, жарықтандыру 4 жоба, абаттандыру бойынша 4 жоба жүзеге асты. Ал биылғы жылдың еншісіндегі істерді жоғарыда шолып шықтық. Не десек те, атқарылған жұмыс көп, атқарылар шаруа да аз емес. Бір жылды артқа тастаған жалағаштықтар биыл да мол табысқа жетуде жарқын істерді жүзеге асырмақ
 

Тағы да оқыңыз: