Kyzylorda-news.kz. Жылу беру маусымы жауапкершілікті жүктейді. Осы орайда, Жалағаш ауданы бойынша 2022-2023 жылдардағы жылу беру маусымының өту барысы туралы «Жалағаш аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі ұсынған мәліметтерге тоқталсақ.
Жалағаш ауданында жылытылатын барлығы 100 әлеуметтік, бюджеттік нысандар бар. Әлеуметтік нысандардың саны – 80. Оның ішінде: 30-і сұйық отынмен, 39-ы қатты отынмен, 2-уі электр тоғымен жылытылса, 9 нысан, яғни №202 мектеп, жабық спорт бассейні, аудандық аурухана, аудандық емхана, жұқпалы аурулар бөлімшесі, «Ақмаржан» балабақшасы, №19 санаториялық балабақша, аудандық мәдениет үйі, Мәдениет және өнерді дамыту газ отынымен жылытылады. Ал, «Күн шуақ» балабақшасын табиғи газге көшіру бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар, 2022-2023 жылдардағы жылу беру маусымына барлық әлеуметтік және басқа да нысандар қажетті сұйық отын, қатты отын қорымен қамтамасыз етілген.
Аудан әкімінің 04.10.2022 жылғы №320 өкімімен 2022 жылдың 5 қазанынан бастап 2022-2023 жылдардағы жылу маусымы басталған. Қазіргі таңда барлық нысандарда қалыпты жағдайда жылу берілуде.
Сондай-ақ, аудан тұрғындарына 2022-2023 жылдардағы жылу беру маусымына 11500 тонна қатты отын жеткізу жоспарланған.
Бүгінгі күнге жеке кәсіпкерлермен темір жол арқылы 3920 тонна, 56 вагон қатты отын жеткізілген. Сонымен қатар, шаруа қожалықтардың күшімен ауылдық елді мекендер тұрғындарына қатты отын жеткізіліп берілсе, жеке автокөлік иелерімен қатты отын Шұбаркөл разрезінен жеткізіліп, сатылуда. Қазіргі таңда қоймада 70 тонна қатты отын қоры бар екен.
Сонымен қатар, 7 вагон, 490 тонна қатты отын жақын уақытта жеткізілетін болады. Оның ішінде «Олжас-2005» ЖШС-не 3 вагон 210 тонна Қарағанды станциясында тұрса, «Әжібеков М.» ЖК-не 4 вагон 280 тонна Қазалы станциясынан шыққан. Осы жылдың 13 желтоқсан күні жеткізіліп, сатылуы күтілуде. Жалпы айтқанда, тұрғындардың қажеттілігіне орай, қатты отын толыққанды жеткізіліп отыр.
Газдандырылған тұрғын үйлерге келетін болсақ, 2022 жылдың 12 желтоқсанына Жалағаш кентіндегі 3164 тұрғын үйдың 2484 тұрғын үй, яғни 78,5 пайызы орталықтандырылған газ желісіне қосылып, газ отынын пайдалануда.

