Kyzylorda-news.kz. Жалағаш ауданы әкімдігінің қолдауымен «Жалын» жастар сыйлығын табыстау қорытынды кеші өткізілді. Жиынға білім, ғылым, медицина, ауылшаруашылығы және кәсіпкерлік, өнер мен спорт, басқа да салаларда аудан абыройын асырып жүрген жастар жиналды.
Жалағаш жастарының басын қосқан бұл жиынға Жалағаш ауданы әкімі Асқарбек Есжанов арнайы қатысып, аудан көлемінде жастарды қолдауға арналған жаңа мүмкіндіктерге тоқталып өтті.
«Қай кезде де біз аудан жастарынан креативті дүниелерді күтеміз. Жастар - ар мен намыстың, өр рухтың символы. Жастарға сенім артатын бірден-бір халық қазақ. Ауданда жастарды қолдау бағытында бірқатар жобалар жүзеге асырылып келеді. Біз жастардың әлеуметтік жобаларын әрдайым қолдауға дайынбыз», - деді аудан басшысы Асқарбек Есжанов.
Бүгінгі шарада аудан әлеуетін көтеруде, тәуелсіздіктің баянды болуы жолында жастардың қолға алған ілкімді істері аға буынның ой-пікірне арқау болды. Демек, аудан жастары алдыңғы буынды өзіне бағдаршам деп тануының арқасында қолға алған жобаларының жемісін көріп жатыр. Оған дәлел, Жалағаш жастары барлық саладан облыс көлемінде үздіктер қатарында. Осы тұрғыда аудан әкімі Асқарбек Есжанов «Жалын» жастар сыйлығын және 100 000 теңге қаржылай сертификатты өз саласының үздігі атанып жүрген 10 жасқа табыстады және белсенділік танытып жүрген ауылшаруашылық, кәсіпкерлік салаларындағы бірқатар жастарды марапаттады. Дәстүрге айналған аталмыш марапат жастардың белсенді жұмыс жасауына ерекше қарқын беріп келеді.
Жастар жиыны барысында жас кәсіпкерлердің арнайы көрмесі қойылды. Көрмеге қолөнер шеберлері, жас өнертапқыштар және жаңа бизнес-идеяларды дамыту мақсатындағы шағын грант иегерлері қатысты. Жиын соңында аймақ өнерпаздары патриоттық әндер шырқап, кешті қорытындылады.
Айта кетейік, аудан халқының 23 пайызын аудан жастары құрайды. Волонтерлік қызмет көрсету бойынша «Jalyndy jas» еріктілер мектебінің жұмысы жыл санап өз маңыздылығын көрсетіп келеді. Оған дәлел бүгінгі күнге дейін еріктілер Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының бастамашыл топтарды және еріктілерді қолдауға арналған шағын гранттарын жеңіп алу арқылы аудан жастары 3 Coworking орталығы, 3 спорттық үйірме, 2 көшеге қоқыс жәшіктерін, ерекше балаларды қолдау бағытында 2 мекемеге материалдық демеушілік, ауылды көркейту үшін 2 ауылға жаңа жоба және 1 отбасыға баспана табыстады. 2022 жылдың 8 айында еріктілер 6 млн 135 мың теңге қаржыны құрайтын 16 жоба жеңіп алды.
Шығармашыл жастардың қатарын арттыру бағытында биыл 200 орындық Оқушылар үйі мен 50 орындық Өнер мектебі пайдалануға берілсе, жақын арада Жалағаш кентінде дене шынықтыру сауықтыру кешені пайдалануға берілмекші.



