Kyzylorda-news.kz. Ізгілік атаулының бәрі кітапта. Адамзат кітаппен тәрбиеленді, рухани толысты, мәдени өресі өсіп өркендеді. Тіпті кешегі өткен ұлылардың барлығы да өздерінің кітапқа қарыздар екенін айтып кетті. Дәуірлер озып, замандар өзгергенімен құнын жоғалтпайтын жалғыз құндылық ол – кітап.
Жаңа ғасырға аяқ басқаннан адамзат кітап оқудан шет қалды. Соның ішінде қазақ қоғамында кітап оқу, кітап оқыту үлкен мәселеге айналып кетті. Әсіресе кешегі қоғам ауысқан өлара кезде жалпыхалықтық рухани құлдырау басталды. Бұл – еліміздегі идеологияның әлсіреп кеткенінің айқын көрінісі. Содан әлі күнге дейін кітап десе кежегеміз кейін тартады да тұрады. Бірақ соған қарамастан кітапханалар жүйесі тынымсыз жұмыс істеп келеді. Мемлекеттік баспаханалар да кітап басып шығару ісін тоқтатқан жоқ. Тек енді кітапханалардың оқу залына келетін оқырмандардың санын арттыру керек.
Жалағаш аудандық орталық кітапхана үш жыл бұрын күрделі жөндеуден өтіп, заман талабына сай жабдықталды. Кітап қоры да толықты. Кітапханашылардың да оқырмандарға көрсететін қызмет сапасы артқан. Оқылуы тиіс маңызды көркем әдебиеттер және жергілікті ақын-жазушылар кітаптарының аудио және электронды нұсқалары жасалған. Одан бөлек кітапхананың Коворкинг орталығында өтетін облыстық, аудандық конференциялар мен түрлі шаралардың да жылдан жылға маңызы артып барады және оған тұрақты оқырмандарды қатыстыруды ескерген. Бұл да оқырман тартудың тиімді тәсілі.
Балалар кітапханасының жұмысы да жанданып келеді. Бала күнінен кітап оқуға қызықпаған адам есейгенде кітапты жатырқап тұратыны белгілі. Осы орайда негізгі жауапкершілік балалар кітапханасының қызметкерлеріне түседі. Балалар әдебиетінің жазылуы, жасалуы қандай қиын болса, балаларға кітап оқыту одан қиын. Оған себеп, тәуліктің тең жартысын ғаламторда, яғни виртуалды әлемде өткізетін балалардың ата-ана назарынан тыс қалуы. Бұл бүгінгі жас ұрпақтың тәрбиесіндегі күн тәртібінен түспейтін ең өзекті мәселе болып тұр.
Балаға кітап оқыту үшін алдымен өзің оқуың керек. Содан соң барып оны баланың жадына сіңірудің әдіс-тәсілдері қарастырылады. Қазір баланы кітап оқуға қызықтырудың сан түрлі методикасы қолданысқа енді және сол арқылы жас ұрпақты кітапханаға тартудың алғышарттары жасалып та жатыр. Нәтижесінде аудандық балалар кітапханасына баратын балғын оқырмандардың саны артқан. Бұл да тынымсыз еңбектің, ізденістің жемісі. Бірақ осы балалар кітапханасын сөз еткенде, бір «әттеген-ай» дегізетін тұсы бар. Бірнеше жылдан бері балалар кітапханасы мәдениет үйі мен білім бөлімі ғимаратының бір бұрышын паналап келген. Ал қазір аудандық орталық кітапхананың бір бөлмесінде отыр. Ол да тарлық етеді. Кітап қоры сыймағандықтан бос тұрған жеке тұрғын үйлерге жинап, буып-түйіп қойған. Кітапхана директоры Ұлмекен Меңдібаеваның айтуынша, бұл мәселе де алдағы уақытта оң шешімін табатын сияқты.
Қазірде ауданымызға қарасты барлық ауылдар мен елді мекендерде кітапханалар халыққа қызмет көрсетеді. Кітап қоры жеткілікті. Оқырмандар іздеген кітаптарын аудан орталығына келмей-ақ ауылдық кітапханадан табады. Көркем әдебиеттің барлық жанрлары қамтылған. Бұрынғыдай емес, ауылдық кітапханалардың өзіне талап күшейді. Соған сәйкес оқырмандардың талғамы да қалыптасқан. Әдеби шығармаларды жанрлық ерекшеліктеріне қарай сөрелерге әріптік реттілігі бойынша бөліп-бөліп қойған. Іздеп табу оңай.
Жуырда ғана Жалағаш ауданына қарасты Аққұм ауылдық кітапханасы «Рухани қазына – 2022» республикалық фестивалінде «Үздік ауылдық маңызы бар кітапхана» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды. Жаңалықты ең алғашқы болып жар салып отыратын Фейзбук әлеуметтік желісінде жарияланған осы жетістікке аудан халқы ғана емес, еліміздің әр аймағындағы барша оқырман қуанып, ризашылық көңілмен құттықтап жатты. Расында бұл – ауданымыз үшін ғана емес, аймағымыз үшін, тіпті еліміздегі барша оқырман үшін асқақ абырой, мәні бөлек мәртебе. Өйткені сөзіміздің басында айтқан қазақ қоғамындағы рухани тоқыраудың қайта түлегенінің көрінісі. Оған аудан тұрғындары емес, қазақ болып қуануға тиіспіз.
Аққұм ауданымыздағы халық саны жағынан және әлеуметтік әлеуеті жағынан қуатты ауылдардың басында тұр. Ауылдан шыққан азаматтардың демеушілігімен Аққұм жылдан жылға жаңарып, гүлденіп келеді. Екі мыңға жуық халқы бар ауылдың руханияты мен мәдениетінің өркендеуіне ауылдық кітапхана үлес қосып отыр. Ақтоты Көшекбай басқаратын ауылдық кітапхана 1976 жылы ашылған. Сол уақыттан бері ауыл тұрғындарына үздіксіз қызмет көрсетіп келе жатыр. Кітапхана қазіргі кезде әр адам үшін білімін жетілдіруге, ақысыз ақпарат алуға, кездесу алаңына, яки тәжірибе алмасуға мүмкіндік беретін заманауи үлгіде жабдықталған орталыққа айналған. Мәселен, 2015 жылы “Даму” қорының демеушілігімен Аққұм онлайн ақпарат орталығына айналып, бір жылдан соң модельді кітапхана атауы берілген. Ал 2019 жылы кітапхана жанынан заманауи коворкинг орталығы ашылды. Бүгінде кітапханада 18 962 кітап қоры бар және кітапханашылар 676 тұрақты оқырманға сапалы қызмет көрсетеді. Жалпы келушілер саны 6 367-ге жетсе, 15 828 кітап оқырман қолында жүр. Кітапхана «Цифрлы Қазақстан кітапхана дамуына жаңа серпін», «Жүрек жылуы», «Өркениетке бастаған туған өлке» және «Тәтті кітап» жобаларын жүзеге асырып келеді. Нәтижесі де жоқ емес.
– Кітапхана жаңа мобильді технологияларға көшкен. 2018 жылдан бастап «Рабис» бағдарламасының «Каталогизатор» модулі бойынша жұмыс жүргізіп келеміз. Яғни келіп түскен жаңа әдебиеттерді библиографиялық сипаттамада енгізіп отырамыз. Сонымен бірге ауыл халқына «Егов.кз» сайты арқылы онлайн анықтамалар алып беріп, ауыл жастарының компьютерлік сауаттылықтарын арттыру мақсатында курстар өткізіп келеміз. Одан бөлек «Жүрек жылуы» жобасы аясында мүмкіндігі шектеулі жандарды назардан тыс қалдырмай, іс-шараға қатыстырып, үйіне уақытылы кітап жеткізіп беріп отырамыз, – дейді Ақтоты Айтжанқызы.
Расында кітапханада «Өркениетке бастаған туған өлке» жобасы аясында «Туған жерім – құт мекенім», «Ауыл азаматымен ажарлы» тақырыбында тұрақты кітап көрмелері жасақталып, ауыл жастарымен, ардагерлерімен кездесу кештері өткізіліп тұрады екен. «Туған өлке – тұнған тарих» тақырыбындағы жас суретшілер сайыстары да балалардың талғамын қалыптастырып, ізгілікті іс жасауға тәрбиелесе, жергілікті ақындардың шығармаларын насихаттау мақсатында өткізілетін көркем сөз сайыстары өскелең ұрпақтың бойына патриоттық сезім қалыптастырады.
Былтырдан бастап кітапханада «Тәтті кітап» жобасы аясында біршама жұмыстар жасалған. Мәселен, жас жеткіншектің кітап оқуға ынтасын арттыру мақсатында жаңа түскен балалар әдебиетін жаңа жұмыс тәсілдерімен оқытуды жолға қойған. Атап айтсақ, «Балаларға базарлық», «Балалар бағының бағбандары», «Кітап тамшылары» тақырбында кітап көрме инсталяциясы жасалып, «Кітаптар әлеміне саяхат», «Тәтті кітап себеті», «Ертегілер әлемінде», «Біз ертегімен есейеміз» атты ертегі оқулары өткізіліп келеді. Ал «Ертегілер оқу» желісі бойынша қойылған «Шалқан» ертегісі де бүлдіршіндерді ауызбіршілікке, татулыққа тәрбиелейді.
Сондай-ақ тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына және Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығына орай баланың тілін дамыту мақсатында өткізілген бала-бақшаның ересек топтарына мәнерлеп оқытулар барысында бүлдіршіндердің өлеңді тақпақтап айтуға төселіп қалғанын аңғаруға болады. Ал ашық аспан астындағы өткізілетін кітап көрмелерінің өзі кішкентай оқырмандарға ерекше көңіл-күй сыйлап, олардың кітап оқуға деген ынтасын оятады. Кітапханада онлайн шаралар ұйымдастырылып тұрады. Оған интернет байланысы тұрғысынан толық мүмкіндік бар және оны жоғарыда айтып өттік. Сонымен бірге кітапхана жанынан құрылған көркемсөз үйірмесінде өткізіліп тұратын танымдық ақпараттық сағаттардың балалардың өздеріне қажетті ақпарат алуына ықпалы зор. «Парасат жолы» орталығында «Жастармен жұмадағы жүздесу» тақырыбында өтіп тұратын дөңгелек үстелдердің де жас оқырмандарға берері мол. Соның ішінде «Сыбайлас жемқорлыққа жол жоқ», «Иман және тәрбие», «Ана – өмір бастауы» деген тақырыптар жастардың бойына тәрбие құйып, ата-ананың қадірін біліп, оларды құрметтеуге үйретеді. Кітапхана қызметкерлері «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында «Ордалы елге отыз жыл», ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай «Алаштың ардақ тұтар азаматы» және «Менің Отаным – Қазақстан», «Рухани жаңғыру – ұлттың ұлы мұраты», «Қазақстан кемел келешектің жарқын болашағы», «Кітап – сарқылмас рухани әлем» тақырыптарында кітап көрмелерін ұйымдастырып, жаңа түскен кітаптарды оқырмандарға таныстырып келеді.
Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығына орай өткізілген «Қазақ поэ-зиясының хан тәңірі» мәнерлеп оқу сайысы, «Қазыналы қарттарым» та-қырыбында ардагер аналармен кездесу, қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне арналған кездесу кеші, кітапхана оқырмандарымен сұхбаттар, Әзілхан Нұршайықовтың 100 жылдығына орай өткізілген «Жастарға арналған өсиет» тақырыбындағы ашық сағат және Алаш Орда үкіметіне 105 жыл толуына орай жасалған «Алаш қайраткерлері» атты бейнешолулар да аталған ауылдық кітапхананың тынымсыз жұмыс істеп келе жатқанын аңғартады.
Жұмыс істелсе, нәтижелі жетістік те болады. Аққұм ауылдық клубы 2019 жылы «Рухани қазына – 2019» фестивалінде «Жаңалық жаршысы» номинациясымен марапатталып, алғыс хатқа ие болды. Сондай-ақ «Кітапхана – білім және шығармашылық орталығы», «Цифрлық дәуір талабы – заманауи кітапхана», «Кітапхана саласында жаңа технологиялар мен платформаларды пайдалану» тақырыбында өткен семинарларда сертификаттар иеленді. «Болашағым сен тұрсаң, мен өлмеспін» атты республикалық байқаудан және «Балалар әдебиеті жылы» аясында өткізілген «Жыл кітабын бірге оқимыз» атты облыстық онлайн байқаудан алғыс хаттарға ие болды.